Басты бет Мәдениет және руханият Тәңіртау таланттары таңдалған сәт

Тәңіртау таланттары таңдалған сәт

0
666

Аудан орталығындағы мәдениет үйінде өнер тарландары бас қосты. Ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген бір топ марқасқа ауыл балалары арасындағы дарындыларды іріктеу үшін ат арылтып, төрт ауданның дәстүрлі әнге бой ұрған жастарына іріктеу жасау үшін келген екен. Баяғыда келмеске кеткен кеңестер заманында  атақтары дардай өнер майталмандары «Алло, мы ищем таланты» деген байқау ұйымдастырып, шалғай ауылдардың өзінен небір таланттыларды тауып, оларды өнер сахнасына шығаратын үрдістері бар болатын. Бүгінгі іріктеуді дәл солай қабылдадым. Іштей қатты қуандым. Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Панфилов аудандарының мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі әншілер мен күйшілердің байқауына әділқазылық ету үшін журналист, ғалым, өнертанушы Сағатбек Медеубекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, «Құрмет» орденінің иегері, өнертану ғылымдарының кандидаты, атақты сыбызғышы Талғат Мұқышев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, күйші, ұстаз Мұрат Әбуғазы, Қазақстан Рспубликасы мәдениет саласының үздігі, әнші Тілеулес Құрманғалиев, «Құрмет» орденінің иегері, әнші, ұстаз Ұлту Қабаевалар төрден орын алды.

Ұлттық өнер әлемінде жүрген танымал ағаларының алдында ән салуға, күй тартуға қорқақтаған кішкентай бүлдіршіндердің жүрек лүпілдерін, көңіл-күйлерін жақсы түсіндік. Алғашқы құттықтау сөз алған өнертанушы, журналист Сағатбек Медеубекұлы додаға түскелі тұрған оқушыларға ақ жол тілеп, бұл бастаманы осыдан он жыл бұрын Рамазан Стамғазиев қолға алып, талай таланттың бағын жандырып, бұлақтай болған көздерін ашып, үлкен өнер жолына түсіргендігін, бүгін соның заңды жалғасы қасиетті Қарадала төсінде өтіп отырғандығына қуанышты екендігін айтты. Пандемияға байланысты біраз үзіліс болып қалғандығын, дегенмен бұл жақсы бастама жалғасқандығына шынайы ниетін білдірді. Жетісу әншілік өнерінің өкілдері өмірден ерте кеткен ҚР мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі Жақсылық Мырқаев, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ғалымжан Досанұлы, ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Рамазанның бауыры Ерлан Стамғазиевті еске алу мақсатында ұйымдастырылған «Тәңіртау таланттары» атты мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі әншілер мен күйшілердің аймақтық байқауының әділ өтетіндігіне кәміл сенетіндігін, талас, тартыс болатындығын да ескертті. Өнердің өзі үлкен бәсеке, озып кетті деп етектен тарту емес, керісінше соған жетуім керек деп өзін-өзі қамшылау екендігін ағалық ақыл ретінде ұсынды. Сондықтан бұл байқаудың мақсаты рухты оятып, еңсені көтеру, – деп көшелі сөзін айтты.

«Тәңіртау таланттары» байқауының ұйымдастырушылары байқауға демеушілік көрсетіп, қолдау білдірген, «workout fitness gum» ұжымына алғыс білдірді. Халық әндерінен  бір ән, халық композиторларының әндерінен бір ән, қазіргі композиторлардың дәстүрлі әндерінен бір ән орындалып, күй де осындай ережемен белгіленгенін де ескертілді. Сонан соң құттықтау сөзге Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов шығып, өнер деген ұлы құдіреттің ұлтты, елдікті танытудағы рөлін айқындап, соның арқасында қазақтың дәстүрін әлемге паш етуге болатындығын айта келіп, додаға түскелі отырған оқушыларға сәт сапар тіледі. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов та «Бұлақ көрсең көзін аш» деген халық даналығын көлденең тартып, тек талантты балалардың үлкен өнерге баспалдағы осындай кіші сайыстарда шыңдалатындығын айтып, олардың бұл қадамдарына жанашыр болып жүрген ата-аналары мен тер төгіп жүрген ұстаздарына алғысын жеткізді.

Сағат түскі екіге дейін созылған байқаудың қорытындысы түстен кейін шықты. Сахнаға әділқазылар алқасының барлық мүшелері шықты. Сағатбек Медеубекұлы байқауға қатысқан оқушылардың қарым-қабілеттері жайында өз пікірін білдірді. Рамазан Стамғазиев те дәстүрлі әннің қалай айтылуы, домбыра пернесінің қалай басылуы сияқты құбылыстарына тоқталып, оқушылардың деңгейлерінің әлі көтеріле қоймағандығын да жасырмады. Ынталандыру сыйлығына ие болғандардың аттарын атап, түстерін түстеп, оларға 10000 теңгеден және алғыс хаттарын табыс етті. Үшінші дәрежелі әншілер мен күйшілерге 30000 мыңнан, екінші дәрежеге ие болғандарға 40000 мыңнан ақшалай сыйлықтарын табыс етті. Бірінші орын алған ақтамдық Таңжарық Әлдібай 60000 теңгеге және сыйлыққа ие болды. Ал бас бәйге бұйырған Райымбек ауданы, Текес ауылының оқушысы Ақжол Мүсілім өзіне лайықты 100000 теңгесін алды. Ән номинациясы бойынша Саты ауылынан додаға түскен Асхат Ермұрат та 60000 теңгенің иегері атанды. Марапат аяқталған соң жүлдегер балалар өз өнерлерін ортаға салды. Шынайы дарынның бейнесі бала кезден-ақ қалыптасатыны шындық. Бас жүлде иегері Ақжол сахнаға шығып «Қыздар-ау иғай»  әнін шырқау шыңына жеткізіп орындағанда зал сілтідей тына қалды. Еркін диапазон, ашық дауыс бірден жүректерді жаулап алды. Табиғаты таңғажайып таудың ішінде ешкім жоқ жерде орындағандай әсер қалдырды. Ол Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада цирк колледжіне оқуға жолдаманы қоса алды. Таңжарық баламыз да бір әнін сыйға тартты.

Сонан соң Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Талғат Мұқышев, Мұрат Әбуғазы, Тілеулес Құрманғалиевтер көрермендерді селт еткізіп, көптен бері нағыз ән мен күйді аңсап,  ұлттық өнерді сағынып жүрген жанымызды жадыратты. Жанды дауыстағы әннің өзі шаршағаныңды басып, санаңа сәуле шашып керемет күйге бөлейді екен. Сондай күй сыйлаған өнер майталмандарына қошемет көрсеттік қол шапалақтарымен. Әсет Есжан баламыз Бақыт Беделханның әні мен сөзіне жазылған «Қарадалам» әнін орындап, байқаудың шымылдығын жапты. Қасиетті Қарадала төсіне келіп, аймақтық байқау өткізіп, өздері де концерт беріп, ауыл адамдарына қанат бітіріп кеткен өнер жұлдыздарының жақсы бастамасына табыс тіледік, ұлттық құндылықтардың бастауы саналатын ән мен күйіміздің аспанымызда мәңгілік шарықтауын Жаратушыдан сұрадық.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…