Адам өмірден өткен соң артында не қалады? Біреудің жиған дүниесі, біреудің салған үйі, енді біреудің елге жасаған жақсылығы қалады. Ал өнер адамының артында халықтың жүрегіне жеткен әні, ел жадында жатталған үні, ұрпаққа үлгі болар өнегелі өмірі қалады екен. Ондай жандардың өзі ортамызда болмаса да, өнері елмен бірге жасай береді. Оны жылдар да өшіре алмайды, уақыт та ұмыттыра алмайды. Қайта өткен күндер алыстаған сайын қадірі артып, сағынышы ұлғая түседі. Қарадаланың топырағынан түлеп ұшып, қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жақсылық Мырқаев та осындай өнер иесі еді.
Жақсылық ағамыздың көзі тірі болғанда биыл жетпіс жастың биігіне көтерілер еді. Елінің ортасында отырып, өткен өміріне көз жүгіртіп, домбырасын қолына алып, әуелетіп ән салар ма еді… Кім білсін?! Өкінішке қарай, тағдыр оған елу жыл ғана ғұмыр беріпті. Бірақ сол елу жылдың ішінде қазақтың ән өнеріне сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Жетісудың әншілік дәстүрін жалғап, ел арасында сирек орындалатын әндерді сахна төріне шығарды. Өзінің қоңыр мінезімен, сырбаз болмысымен, ерекше орындаушылық мәнерімен тыңдарман жүрегінен орын алды. Бүгінде сол әншінің туғанына жетпіс жыл толуына орай Қарадала жұрты бас қосып, ардақты перзентін тағы бір мәрте еске алды.
Шонжы ауылындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Өнегелі өмір – өшпес есім» атты еске алу шарасы әншінің рухына көрсетілген құрмет қана емес, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің мерекесіне айналды. Өнер иесінің көзін көрген замандастары, туған-туыстары, өнердегі аға-інілері, шәкірттері мен ән сүйер қауым бір шаңырақ астында жиналды. Бәрінің басын қосқан бір есім. Ол – Жақсылық Мырқаев.
Қарадаладан қанат қаққан бұлбұл
Қарадала – талай талантты түлеткен мекен. Сол таланттардың бірі Жақсылық Мырқаевтың өнерге деген құштарлығы бала күнінен басталған екен. Кетпен ауылында өскен бала Жақсылықтың әнге ынтықтығы сонша, көшедегі радиодан әуелеген әнді тыңдау үшін мектепке асығып бара жатқан жолынан тоқтап қалатын көрінеді. Әсіресе Дәнеш Рақышевтің орындауындағы «Аңшының әнін» тыңдауға ерекше құмар болған. Бәлкім, сол кездері кішкентай баланың көңіліне ұялаған әнге деген махаббат кейін оның бүкіл ғұмырының мәніне айналған шығар.
Әкесі Мырқайдар қарапайым еңбек адамы болғанымен, өнерге жақын жан екен. Анасы Қанымжанның да әншілік қабілеті болған. Демек, Жақсылықтың бойындағы әнге деген құштарлықтың алғашқы ұшқыны өз шаңырағында тұтанған десек, қателеспеспіз.Бала Жақсылықтың өнердегі алғашқы қадамдары да туған жерінде басталады. Кезінде Кетпен ауылына келген белгілі ақын Сырбай Мәуленов оның әнін тыңдап, ерекше ықылас білдіріп, «Бұлбұл бала» деп атаған екен. Сол бір ауыз сөз ауыл баласының өнерге деген сенімін арттырып, қанатын қатайтқандай. Кейін сол «Бұлбұл бала» қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өз орнын тапқан белгілі әншіге айналды.
Жақсылық Мырқаевтың өнер жолында қазақтың маңдайына біткен талай дара тұлғаның орны бар. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық студияда Қайрат Байбосыновтан тәлім алды. Жетісудың жезтаңдай әншісі Дәнеш Рақышевтің өнер мектебінен өтті. Дәнеш ағасының әндерін үйреніп, оның орындаушылық дәстүрін бойына сіңірді. Бірақ ұстазының салған ізімен ғана жүріп қоймай, өзіне тән мәнер қалыптастыра білді.
Оның өнер жолындағы тағы бір маңызды кезеңі – Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі әйгілі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрімен байланысты. Дәнеш Рақышевтің ұсынысымен Нұрғиса ағамыздың алдына барып, ән салып, оркестрге қабылданған Жақсылық кейін осы өнер ұжымының жеке әншісі болып жеті жылдай еңбек етті. Бұл жылдар оның әншілік шеберлігін шыңдап, үлкен сахнаға кеңінен танылуына жол ашты.
Жақсылық ағамыздың ерекшелігі де осында еді. Ол әнді жай орындамайтын. Әр әннің тарихына, табиғатына, айтылу мәнеріне үңілетін. Әсіресе Жетісу әндерін орындағанда өзіндік нақышымен көпшілікті баурап алатын. «Сары бидай», «Аңшының әні», «Балқадиша» секілді әндерді оның орындауында тыңдаған жандар әлі күнге дейін сол бір әуезді үнді сағынышпен еске алады. Әншілікпен қатар ұстаздық қызмет атқарып, музыка арқылы ұрпақ тәрбиелеуге де еңбек сіңірді.
Оның өмір жолына көз жүгірткенде бір нәрсе анық байқалады. Жақсылық Мырқаев атақ қуып, өзін өзгеден жоғары қойып өмір сүрмеген. Өнерді өмірінің мәні деп білген. Домбырасын серік етіп, әнін халыққа арнаған. Сондықтан болар, оның есімі де, өнері де ел есінен өшкен жоқ.
Сағынышқа толы сырлы кеш
Аудандық мәдениет үйіндегі еске алу шарасы Жақсылық Мырқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен танысудан басталды. Көпшілік әншінің өмір жолынан сыр шертетін дүниелерді тамашалап, оның өнердегі еңбегіне тағы бір мәрте көз жүгіртті.Мұнан соң «Қарадала» халық театрының әртістері «Өнегелі өмір – өшпес есім» атты театрландырылған қойылымын сахналады. Өнер иесінің өмірін арқау еткен қойылым әншінің жарқын бейнесін еске түсіріп, жиналған жұртты өткен күндерге жетеледі.
Еске алу кешінде алғашқы сөзді аудан әкімі Талғат Ескендірұлы Байеділов алды. Аудан басшысы Жақсылық Мырқаевтың қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орны бар тұлға екенін айтып, оның өнерін кейінгі ұрпаққа танытудың маңызына тоқталды. Туған жерден түлеп ұшып, қазақтың ұлттық өнеріне қызмет еткен азаматтарды ұлықтау – елдік парыз. Әсіресе бүгінгі жас буынның осындай өнер иелерінің өмір жолын біліп өсуі маңызды екені сөз болды.
Бұл күні әншіні еске алып, жылы естеліктерімен бөліскен жандар аз болған жоқ. Солардың бірі – «Алаш» сыйлығының иегері, баспагер, ақын-жазушы Жұмабай Қайранбай. Жақсылық Мырқаевтың өмір жолына тоқталған қаламгер әншінің өнерге деген адалдығын, адамдық болмысын, ел есінде қалған жарқын сәттерін әңгімеледі. Өткен күннің естеліктерін жаңғыртып, талантты әншінің ғұмыры мен шығармашылығы жөнінде жүрекжарды лебізін жеткізді.
Шындығында, өнер адамы туралы оның көзін көрген жандардың естелігін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Өйткені өмірбаяндағы жылдар мен қызметтер адамның жүріп өткен жолын көрсеткенімен, оның жан дүниесін, мінезін, кісілік келбетін толық ашып бере алмайды. Ал замандастарының жадында қалған қарапайым оқиғалар, бірге өткізген күндер мен естен кетпес сәттер сол адамның шынайы бейнесін танытады. Жұмабай Қайранбайдың естеліктері де көпшілікті осындай ойға жетеледі.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің және «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Сәдіұлы Керімқұлов та өнер иесінің елге қалдырған мұрасына тоқталып, оның есімін ұлықтаудың ұрпақ алдындағы мәнін сөз етті.
Ал Білім және мәдениет үздігі, мемлекеттік қызмет ардагері Нұрмұқа Рысбайұлы Шаймерденовтің көпшілікке жасаған тартуы ерекше болды. Ол Жақсылық Мырқаевтың сүйіп шырқайтын әндерінің бірін орындады. Сахна төрінен әуелеген таныс әуен көптің көңіліндегі сағынышты қайта оятқандай. Өйткені кейде адамды еске алу үшін ұзақ сөздің де қажеті жоқ. Бір әннің өзі өткен күндердің талай естелігін көз алдыңа алып келеді.
Бұл кештің ең бір жүрекке жақын тұсы – Жақсылық Мырқаевтың отбасының қатысуы болды. Әншінің жары Кәмила апай балаларымен бірге арнайы келіп, елінің құрметіне куә болды.Жылдар өтсе де, жұбайының есімін ұмытпай, өнерін ардақтап жүрген қарадалалықтарға Кәмила апайдың айтар алғысы мол екен. Мінбеге көтерілген ол еске алу шарасын ұйымдастырған азаматтарға, өнердегі замандастарына, туған жердің жұртшылығына ризашылығын білдірді.
Рас, өнер адамының ел алдындағы өмірі бір бөлек те, отбасы ортасындағы тіршілігі бір бөлек. Халық оны әнші ретінде танып, өнеріне сүйсінеді. Ал отбасы үшін ол – асқар тау әке, арқа сүйер жар, шаңырақтың иесі. Сондықтан Жақсылық Мырқаевтың жетпіс жылдығында жары мен балаларының ел ортасында болып, оның рухына көрсетілген құрметті көруі де ерекше мәнге ие.
Кешке белгілі әнші Дәнеш Рақышевтің қызы Гүлнар да арнайы келіп, жылы лебізін білдірді. Мұның да өзіндік сыры бар. Өйткені Жақсылық Мырқаевтың өнер жолын Дәнеш Рақышевтің есімінен бөліп қарау мүмкін емес. Ұстаз бен шәкірт арасындағы өнер сабақтастығы олардың өмірімен ғана шектелмей, кейінгі ұрпаққа да жалғасып жатқандай әсер қалдырды.
Әнмен өрілген ғұмыр жалғасын тапты
Жақсылық Мырқаевты еске алу шарасының тағы бір ерекшелігі – оның құрметіне ұйымдастырылған «Әнмен өрілген ғұмыр» атты дәстүрлі әншілер байқауы болды.
Қазақтың дәстүрлі әні – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Әр өңірдің өзіндік әншілік мектебі, орындау мәнері бар. Арқаның кең тынысты әні, Жетісудың сыршыл әуені, батыстың екпінді сазы – бәрі де қазақ ән өнерінің байлығын танытады. Сол бай мұраны кейінгі буынға жеткізудің бір жолы – жас әншілерді қолдау, олардың өнеріне жол ашу.Бұл тұрғыдан алғанда Жақсылық Мырқаевтың жетпіс жылдығына арналған байқаудың мәні бөлек. Өйткені өзі бүкіл ғұмырын дәстүрлі ән өнеріне арнаған әншіні еске алудың ең жарасымды жолы да сол әнді шырқату емес пе?!
Байқауға Алматы, Жетісу облыстары мен алыс-жақын қалаларданжиырмаға жуық дәстүрлі әнші қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жас орындаушылар Жетісу әншілік мектебінің дәстүрін жаңғыртып, халық композиторларының туындыларын орындады. Әрқайсысы қазақтың төл өнеріне деген сүйіспеншілігін ән арқылы жеткізуге тырысты.
Байқау қорытындысында Бас жүлде Таңжарық Әлдібайға бұйырды. Бірінші орынды Тілеуберді Бақытұлы иеленсе, екінші орын Заңғар Толымбекке, үшінші орын Сродджаддин Кабдилхаликке берілді. Ал Мәулен Нұржан мен Серікәлі Тұрдәлі ынталандыру сыйлықтарына ие болды.Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздарды марапаттау құрметі аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жәнет Сәдіұлы Керімқұловқа, ақын-жазушы Жұмабай Қайранбайға және Нұрмұқа Шаймерденовке берілді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнердегі замандастары мен аға-інілері әннен шашу шашты. Қазақтың дәстүрлі әндері шырқалған кеште жиналған қауым Жақсылық Мырқаевтың өнерін тағы бір мәрте еске алды
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
