Қазақта бастаңғы деген жақсы дәстүр бар. Ол көбінесе жастарға қатысты жасалатын дүние. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде қыз-қырқын сол үйге жиналып, бастаңғы жасалады. Оның шет жағасын өзіміз де жоғарғы сыныпта жүргенде жасап көргенбіз. Әрине ата-анамыздың рұқсатымен. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағиданы берік ұстанған қазақ қыздары, әдетте, мұндай басқосуға жеңгелерімен немесе іні-қарындастарымен бірге келеді. Дәстүр бойынша жігіттер жағы қой сойса, қыздар өздерімен ала келген азық-түліктен дастарқан жаяды. Бастаңғы қызықты өту үшін жастар ән-айтыс жасаған. Ұлттық ойындар ойнап, алтыбақан тепкен. Бұл дәстүрдің астарында үлкен тәрбиелік мағына болған. Біріншіден, жастар бір-бірімен араласып, тіл табысады. Екіншіден, бойжеткендер дастарқан жайып, тамақ пісіруге ептеседі. Үшіншіден, жігіттер мал сойып, отағасы болудың алғашқы тәрбиесінен өтсе, төртіншіден, жиналған қыз-жігіттер сырласып, сезімдерін білдіруге мүмкіндік тудырады. Енді осындай дәстүрді біліммен сабақтастырып, кітап оқитын ұлт болудың жолына түскен тиірмендіктер өңін жаңартып, жаңаша бағытта қолданды.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Тиірмен ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жазира Бақаева өзіндік тәсілмен оқырмандар арасында «Мен оқыған кітаптар» атты тақырыпта әдеби бастаңғы өткізді. Онда кітапхана оқырмандары осы жоба аясында өздері оқыған кітаптар жайлы әңгімеледі. Әдеби бастаңғыда жиырма кітаптың мазмұны ашылды. Мәселен кітапхананың тұрақты оқырманы Толқынай Аңызбаева өзі оқыған Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» кітабын талдаса, Нағима Марденова Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романының мазмұнын ашуға тырысты. Екі шығарма да қазақтың тағдырына байланысты жазылғандықтан оны талдау да оңайға түскен жоқ. Аумалы-төкпелі кезеңдегі ұлтымыздың басына түскен ауыртпалықты суреттеген Қабдеш атаның кітабы жүректерді дір еткізсе, Сәуле апамыздың полигон тақырыбына жазған шығармасы да бәрімізге ой салды. Гүлжанат Мырзатханқызы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабындағы оқиға желісін әсерленген оймен бөлісті. Жоба аясында бес кітапты толық оқып шыққан оқырман Айгүл Әлдибаева Дулат Исабековтың «Гаухар тас» повесіндегі оқиғаны «Гаухар тас» фильмімен салыстыра отырып мазмұндап шықты. Кітап оқитын адамдардың жан дүниесі бөлекше болатынын білеміз. Бұл әдеби бастаңғы соның айқын дәлелі болды десек артық кете қоймаспыз.
Оқырмандар зерделі ұлт болып қалыптасудың негізі кітапта екенін түсіндіруге тырысты. Әркімнің ойлау қабілеті сан түрлі. Заманға сай жасанды интеллектінің де өмірлеріне енуіне өзіндік көзқарастарын білдірді. Сезімдерді жоғалтып алмау үшін кітап оқудың аса қажеттігін түсіндірді. Кітапханалардың білім мен рухани тәрбие орталығы ретіндегі қызметінің зор екенін айтып, алдағы уақытта осындай шараларды көптеп өткізейік деген бір мәмілеге тоқайласты. Қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап алынды. Ал сол кітапты оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін осы жобаның маңыздылығы өте зор екені оқырмандарға да серпін берді деп түсіндік. Осындай мәдени шаралар көптеп өтсе, жан дүниеміз де, рухани дүниеміз де молая түсері даусыз.
Баян МАМЫРБАЕВА
