Қоғамның тұрақты дамуы ең алдымен халықтың бірлігіне, өзара сеніміне және ел болашағына деген ортақ жауапкершілігіне байланысты. Мемлекеттің өркендеуі тек экономикалық көрсеткіштермен немесе жаңа жобалардың жүзеге асуымен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – қоғамдағы өзекті мәселелердің ашық талқылануы, азаматтардың пікірінің ескерілуі және ортақ шешімдер қабылдауға деген ұмтылыс. Қазақ халқы үшін кеңесу мен ақылдасу – ежелден қалыптасқан өмір салты. Елдің тағдырына қатысты маңызды мәселелер көпшіліктің қатысуымен талқыланып, халықтың ой-пікірі назардан тыс қалмаған. Осындай дәстүр ұлттың бірлігін нығайтып, қоғамдық келісімді сақтауға қызмет етті. Бүгінгі күні де бұл құндылықтар өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі кезеңде қоғамдық диалогтың рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, экология, мәдениет, жастар саясаты, заң мен тәртіп, өңірлердің дамуы сияқты маңызды бағыттар бойынша халықтың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру – сапалы шешім қабылдаудың басты алғышарттарының бірі. Себебі қоғамның сұранысына негізделген бастамалар ғана нақты нәтижеге жеткізеді. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтайдың маңызы ерекше. Ол қоғамның түрлі саласының өкілдерін бір ортаға жинап, ел дамуына қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді. Мұндай алаңда айтылған ұсыныстар мен пікірлер қоғамдағы түйткілдерді саралап, олардың тиімді шешу жолдарын қарастыруға негіз болады. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтатын маңызды қадам. Алдағы кезеңде өтетін Құрылтай аясында депутаттар сайланып, қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеруге және өңірлердің пікірін жеткізуге мүмкіндік алатын өкілдер айқындалады. Бұл – азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мәдениетін арттыруға, өңірлердің өзекті мәселелерін кеңінен талқылауға және халықтың үнін естуге бағытталған маңызды қоғамдық үдеріс. Қоғамның тұрақтылығы әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Өзінің туған жеріне жанашырлық таныту, қоғамдық бастамаларды қолдау, заңға құрметпен қарау және ортақ құндылықтарды сақтау – өркениетті қоғамның басты белгілері. Осындай ұстаным қалыптасқан кезде ғана қоғамдық келісім нығайып, елдің дамуына берік негіз қаланады. Құрылтай – тек белгілі бір кезеңде өтетін іс-шара ғана емес. Ол – кеңесу мәдениетін жаңғыртып, қоғамның түрлі көзқарастары мен ұсыныстарын тоғыстыратын маңызды қоғамдық институт. Мұнда көтерілген мәселелердің барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және өңірлердің дамуына бағытталады. Қандай қоғам болмасын, оның табысы азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Елдің болашағына бейжай қарамайтын, қоғамдық мәселелерге жауапкершілікпен қарайтын азаматтар көбейген сайын мемлекет те қарқынды дамиды. Сондықтан Құрылтай – қоғамдағы ашық диалогты дамытып, ортақ мақсаттарға жұмылуға мүмкіндік беретін маңызды алаңдардың бірі. Бірлік, өзара құрмет, жауапкершілік және халық пікіріне құлақ асу – тұрақты дамудың басты қағидаттары. Осындай құндылықтар қоғамда берік орныққан сайын еліміздің де келешегі кемел, болашағы баянды болмақ.
Ұйғыр аудандық Журналистер клубының мүшесі Сембекқызы Перизат

