Басты бет Мәдениет және руханият  ЕЛІНЕ АЗАМАТ ТӘРБИЕЛЕГЕН ОТБАСЫ

 ЕЛІНЕ АЗАМАТ ТӘРБИЕЛЕГЕН ОТБАСЫ

0
16

Аудандық кітапханада «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында керемет кездесу болды. Оған арнайы қонақтар шақырылыпты. Қазақстанға, тіпті шетелге танымал тұлғаларды тәрбиелеген аяулы да ардақты аналар кездесудің басты кейіпкерлері болды. Аудандық Аналар алқасының  ұйымдастыруымен өткен тағылымды басқосудың тізгінін қолына алған аудандық аналар алқасының төрағасы Гүлжаһан Әликеева отбасы институтын нығайту, ұлттық және рухани құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру, елге адал қызмет ететін азамат тәрбиелеудегі отбасының рөлін арттыру, аудан көлеміндегі өнегелі отбасылардың өмірлік тәжірибесін насихаттау, әке мен ананың тәрбиелік жауапкершілігін дәріптеу екендігін түсіндірді. Осындай мақсатпен жиналғандықтан ең алдымен аналар кеңесінің жыл бойы атқарған жұмыстарымен таныс болыңыздар деп сөз кезегін аналар алқасының белді мүшесі Клара Рахимберлиноваға берді.

Клара Әубәкірқызы бүгінгі таңда ауданда 1 аудандық, 14 ауылдық, 1 этномәдени бірлестік жанындағы, 31 мектептегі және қандастар арасындағы Аналар кеңестері жұмыс істейтінін айтып, кеңес мүшелерінің жалпы саны  351 адам екендігін жеткізді жиналған қауымға. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Сүмбе ауылында «Жақсы келін – ырысым» байқауы, Шарында «Ұрпақ тәрбиесіндегі ананың рөлі және ұлттық құндылықтар» тақырыбында кездесу, Қырғызсай ауылында «Ұлттық құндылық – ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы» атты дөңгелек үстел, Бахар ауылында «Ұлттық мәдениет пен отбасылық тәрбие сабақтастығы» тақырыбында келелі кездесулер өткендігін баян етті. Одан бөлек «Салауатты сана», «Елтану», «Таза Қазақстан», «Зорлық-зомбылықсыз болашақ», неке және отбасы мәселелері, ерте жүктілік тағы басқа көптеген тақырыптарды қамтыған шараларға тоқталып, оларды жіліктеп шықты.

Сонан соң арнайы шақырылған аналар таныстырылды. Олар Сәбира Ахметова, Лидия Калмакова, Майрамхан Ыбышева, Мукарам Кутахунова, Шәкира Шынтеміровалар. Олардың өмірбаяндары мен балалары жайлы алдын ала әзірленген бейнероликтер ұсынылды көрермен назарына. Сәбира Ахметованың отбасы жайлы, Ардақ Балажанованың өнердегі жолы, Данияр, Көркем, Өркен, Жанболат, Әсем, Дархандардың өмірбаяндары айтылды. Керемет дүние. Ата-ана үшін баланың табысты сәтін көргеннен артық қандай бақыт болуы мүмкін. Қырық жыл бір салада тұрақты еңбек етіп басшылық лауазымға дейін көтерілген Лидия Калмакованың да отбасы, балалары жайлы көрсетілім ұсынылды. Дүниеге әкелген екі ұлы да еліне абыроймен қызмет еткен полиция және әскери қызметкерлер екендігін көрдік. Майраш апай Ыбышева, Мукарям Кутахунова, Шәкира Шынтеміровалардың да елдің мақтанышына айналған ұрпақтары жайлы тағылымды дүниелер ұсынылды. Педагогтар отбасы, математиктер әулеті атанған Керімқұловтардың ұл-қыздары да ата-ананың абыройын асқақтатып жүрген балалар екендігі дәріптелді. Әлемдік деңгейде спорттан үлкен жетістіктерге жетіп жүрген параолимпиадашы Рахметжан Хамаев үшін бәріміздің кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Мүгедектігімен дүниеге келген баланың ер мінезді қайсарлығы, жігері үшін қол соғылып, анасына қошемет көрсетілді. Анасының төбесін көкке жеткізген оғланның тағы да әлемдік деңгейдегі жарысқа кеткенін естіп, жеңіс тіледік. Шәкира мен Нұрәкімнің шаңырағында тәрбиеленген Мұрат пен Әсеттің, қыздары Елризаның бүкіл қазақ халқына сіңіріп жатқан қызметтері аталып өтті. Алаш ардақтыларын халқымен қайта қауыштыруда Мұраттың, келіндері Айсәуленің төккен тері мен түн ұйқыларын қиып жасаған зерттеулері, ізденістері оларды елдің баласына айналдырғанына куә болдық.

Аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы жүрекжарды тілегін жеткізіп, аудан әкімінің құрмет грамотасы мен облыстық қоғамдық келісім басқармасы бастығының алғыс хатын және бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Аналар атынан сөз алған Сәбира Ахметова отбасындағы тәрбиенің ананың балаларының әкесіне жасалған құрметінен бастау алатындығын, анамен бірге әкенің де тәрбиесі аса маңызды екендігін айтты. Мейірім деген сезімді жоғалтып алған кезеңде балаларға да, жалпы адамзатқа мейіріммен қарайықшы дегені жүрекке жеті. Рахметжанның анасы баласының туған күнімен тұспа-тұс келген кездесуден алған әсерін жасыра алмай бірінші рет осындай шараға қатысқандығына ризашылық сезімін жеткізді. Шәкира Жамбылқызы да ұл-қыздарының табыстарымен бөлісті. Ауылымыздың сыйлы азаматы, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов ағамыз ой салатын, ұрпақтың жақсы болып өсуіне аналардың тәрбиесінің қаншалықты маңызды екендігін, ұсақ-түйек кикілжіңге уақыт ұтқызбай осындай келелі дүниелерді жасап жатқан аналар алқасына алғысын айтты.

Аудандық аналар алқасының мүшелері өздерінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды. Тағылымды, берері бар осындай шараның соңы әдемі әнге ұласуы да заңдылық болар. Шолпан Жанысбекованың орындауындағы «Анам» әні кештің нүктесін қойды.

Әрбір баланың жүрегіне ізгіліктің дәнін себетін, бойына адамгершілік пен адалдықты қалыптастыратын, елін сүюге және халқына қызмет етуге баулитын ең алғашқы мектеп – өз шаңырағы. Бүгінгі біз қатысқан «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы» тақырыбында бас қосып, ел болашағының іргетасын қалайтын отбасы құндылықтарына арналған кеш әрқайсысымыздың көкейімізге жақсылық дәнін септі дей аламын.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ӘДЕБИ БАСТАҢҒЫ СӘТТІ ӨТТІ

Қазақта бастаңғы деген жақсы дәстүр бар. Ол көбінесе жастарға қатысты жасалатын дүние. Үйд…