Басты бет Басты ақпарат ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МЫЗҒЫМАС СИМВОЛЫ

ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МЫЗҒЫМАС СИМВОЛЫ

0
14

Бұл сөзді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында айтты. Егеменді елдің рәміздерінің бірі ретінде мемлекеттік тілі де құнды әрі бағалы. Сондай-ақ мемлекет басшысының бұл жиында айтқан пікірлері мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы мен болашақтағы даму бағыттарын айқындап, қоғам алдындағы жауапкершілікті тереңдете түскені ақиқат. Қазақстан – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан ортақ Отанымыз. Сондықтан мемлекеттік тіл барша азаматты жақындастыратын, ел бірлігін нығайтатын және өзара құрметке негіз болатын ортақ құндылық болуы керек.

Қазақ тілін білу мен құрметтеу – Қазақстан азаматының елге деген сүйіспеншілігі мен ортақ шаңырақ алдындағы жауапкершілігінің көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі – өткеніміздің аманаты, бүгініміздің байлығы, болашағымыздың кепілі. Оның дамуы мен өркендеуі әрбір отандасымыздың азаматтық ұстанымына айналуға тиіс. Тілге деген құрмет құр сөзбен емес, нақты әрекетпен өлшенеді. Біз қазақ тілін ғылымның, білімнің, мәдениеттің, технологияның, жалпы қоғамдық өмірдің толыққанды тіліне айналдыруға бірге үлес қосуымыз керек. Себебі қазақ тілінің тұғыры биік болса, ұлттың да рухы биік болады. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршамызға ортақ міндет әрі келешек ұрпақ алдындағы қасиетті жауапкершілік. Мемлекет басшысы қазақ тілін Тәуелсіздіктің мызғымас символы, ұлттық бірегейліктің негізі әрі барша отандастарымызды біріктіретін ортақ құндылық ретінде дәріптеу қажеттігін ерекше атап өтті. Шынында да, тіл – ұлттың жаны, халықтың тарихи жады мен рухани болмысының көрінісі. Ана тіліміз арқылы біз ата-бабамыздан қалған асыл мұраны сақтап, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, ұлттық дүниетанымымызды келер ұрпаққа жеткіземіз. Мемлекет басшысының көтерген маңызды мәселесінің бірі – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, оны заман талабына сай дамыту. Ол тек күнделікті қарым-қатынас құралы ғана емес, ғылым мен білімнің, ақпараттық технологиялар мен инновацияның, кәсіпкерлік пен халықаралық байланыстың тіліне айналуға тиіс. Осы орайда қазақ тіліндегі ғылыми еңбектердің санын арттыру, сапалы оқулықтар мен заманауи сөздіктер әзірлеу, терминологияны біріздендіру, цифрлық оқыту платформалары мен жасанды интеллект саласындағы қазақтілді ресурстарды дамыту аса маңызды. Себебі тілдің дамуы оның қоғам өмірінің барлық саласында еркін қолданылуымен тікелей байланысты. Осы тұста мемлекеттік қызметте отырған азаматтардың оның аясын кеңейтіп, өздері еркін сөйлеп, өзгелерден де соны талап етуі керек. Бұл енді заңмен шегеленген.

Жұмыс уақыты. Күнделікті әдет бойынша басшымызға жұмыс барысын баяндадым. Арасында орысша да айтып кеттім-ау деймін. Әкім ойланып барып: Бұдан былай маған тек қазақша сөйлесеңіз! Білесіз, мен ұзақ уақыт бойы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істедім, арасында кәсіпкерлікке кеттім, дегенмен мемлекеттік тілді қай ортада болса да пайдалану заңмен бекітілгендігін жақсы білесіз. Оның үстіне мемлекеттік мекемеде тек мемлекеттік тілде сөйлеу керектігін есіңізден шығармаңыз. Сондықтан жұмыс уақытында маған қазақша ғана сөйлегеніңізді талап етемін. Себебі, сіздің қазақша сөйлегеніңізге қарап өзімнің де қазақшамды дамытқым келеді,  дегенде өзімнен өзім қатты ұялдым. Елімнің ұлтжанды азаматы ретінде қазақша ойлап, қазақша сөйлеп жүргеніммен, мемлекеттік тілмен қатар қолданыста деп орыс тілін сөз арасына қыстырып жіберетінімді еріксіз мойындадым. Көп жерлерде біз сөз арасына орысша қосып сөйлеуді әдетке айналдырып кеткендейміз. Мемлекеттік қызметтегі тіл саясаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, іс-қағаздарды кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшіруге және мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Әкімнің осы ауқымды жұмысты өзінен бастауға ұмтылғандығы, мемлекеттік тілге құрметпен қарап оны жетік меңгеруге ұмтылысы өз тарапымнан құрмет тудырды.

Барлық нәрсе өзімізге байланысты. Отанымыздың мемлекеттік тіліне деген құрметі  әр адам өз жеке басынан бастағанда ғана арта түсетінін осы сәтте анық сезіндім. Сондықтан да тіл тазалығын әркім өзінен бастасын деген үндеу айтқым келді. Бүгінде қазақ тілінің мәселесі тек тілші-ғалымдардың ғана емес, күллі қоғамның өзекті тақырыбына айналып отыр. Себебі — мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – елдіктің, егемендіктің және ұлттық қауіпсіздіктің басты шарты екені айтпаса да түсінікті. «Тілді сақтау – ұлтты сақтау» деген қағиданы жадымызда ұстауымыз керек. Қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – біздің мемлекеттік бірегейлігіміздің нышаны. Сондықтан ана тіліміздің мәртебесін асқақтату – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы.

Әлия АБДИЛОВА,

Шонжы ауылдық округі аппаратының бас маманы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚОЛЛИНИЛИШ ДАИРИСИ КӘҢӘЙДИ

Дуния йүзидә йәттә миңға йеқин тил бар десәк, сөзлигүчилириниң сани җәһәттин қазақ тили ал…