Бейсенбі күні облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен біздің ауданға ат басын бұрды. Өңірдің тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік бастамалары, жаңашыл жобаларымен танысып, аудан тұрғындарының өмір сүру деңгейіне көз жүгіртіп, жаңадан ашылатын ғимараттарды көріп, аудан жұртшылығымен дидарласуды мақсат тұтқандығы ақиқат.

Жұмыс сапарын республикалық маңызы бар Алматы – Көкпек – Шонжы – Көктал – Қорғас жолында жасалып жатқан құрылыс жұмыстарын бақылаудан бастады. 265 шақырымдағы жөнделіп жатқан жолдардың сапасы мен атқарылған шаруаларын көрді. «Балқаш жолдары» ЖШС мамандары жүзеге асырып жатқан жұмысына көңілі толғандығын жасырмады облыс басшысы. Алматы облыстық «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының тапсырысымен 4 млрдтай теңгенің жұмысын жүзеге асыруды үстіміздегі жылдың мамыр айында қолға алған екен. Жоспар бойынша келесі жылдың күз айында аяқталуы тиіс. Жұмысшы қолы мен техника сақадай сай көрінді. Ең бастысы жұмыстың сапалы жасалуы. Өңір басшысының тапсырмасы да осыған сайды. Облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың сапалы және дер кезінде орындалуы облыс басшысының әркез бақылауында тұрғандығын жақсы білеміз. Осының алдындағы Райымбек ауданында болған жұмыс сапарында Марат Елеусізұлы 74 шақырымдық Кеген-Нарынқол автожолының жұмысын өз көзімен көріп қайтқан-ды. 70 жұмысшы мен 44 арнайы техникасымен «Нұрлы жол-7» ЖШС жүзеге асырып жатқан жолға бөлінген қаражаттың талан-таражға салынбай, құрылыстың діттеген уақытында аяқталуы үшін бар күш-жігерлерін салуды тапсырып, мемлекет қаржысын тиімді пайдаланып, жолаушылардың жол азабын тартпаулары үшін жұмыстың сапасына көңіл бөлулерін сұраған болатын. Бұл жерде де «Балқаш жолдары» ЖШС мамандарына сол тілегін қайталады.
Таң сәрідегі жұмысшылармен кездесуі әрі қарай Шарын ауылында жалғасты. Бұл елді мекенге табиғи газдың келуі үлкен жаңалық деуге болады. Аймақтың инфраструктурасын заманға лайықты етіп қайта жаңғырту барысында көптеген жобалар қолға алынғанын білеміз. Соның ішінде көгілдір отынның шалғайдағы ауылға жетуі – ұзақ жылғы ізденіс пен еңбектің жемісі. Ресми түрде газдың қосылу салтанатына өңір басшысы Марат Елеусізұлымен бірге облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, аудан әкімі Бота Елеусізова және көптеген облыстық деңгейдегі басқарма, мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.
Ауыл тұрғындарымен кездесуде Марат Елеусізұлы өңірді газификациялау бұл тек жайлы өмір ғана емес, экономиканың алға қарыштап дамуы мен ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайларын жақсарту үшін қолға алынған қомақты жоба екендігін айтты. Екі жыл ішінде бас мердігер «МБК Кұрылыс» ЖШС ұзындығы 64 мың метр жерге дейін газ құбырын тартыпты. Газды бөлетін блокті пункт пен 16 газды реттейтін пункт орнатылыпты. Осыған сай сатылап, кезең-кезеңімен екі мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылатын болады. Шарын ауылының алғашқы газ құбырына қосылған отбасылары атынан Максим Марисұлы мен Зина Идрисовалар әкімге алғыстарын жеткізді. Ауылдық жерде көгілдір отынның қызығын көретін тұрғындар жан-жақтан ризашылықтарын білдіріп жатты. Аудан әкіміне де рақметтерін айтып, баталарын берді.
Бұдан соң Марат Сұлтанғазиев ауылдық мәдениет үйіне ат басын бұрды. Ұзақ жылдар жыры бітпеген, күрделі жөндеуі кешеуілдеп қала берген, құрылысы сонау 1976 жылы салынған екі қабатты мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жаңаша келбетке ие болыпты. «Бауыр құрылыс компаниясы» шеберлерінің қолынан шыққан ғимараттың сыртқы көрінісіне көз тояды. Мәдениет үйінің кең әрі жарық залында өңір басшысын өзбек, орыс, ұйғыр этноорталықтарының өкілдері ұлттық киімдерімен, жылы шыраймен қарсы алып, әр ұлт өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынды. Ал енді аудандағы ірі инвесторлар қатарында «Технотекстиль», «Parkingfortrucks», «Rizarenergy», «Шонжы Агро», «Ширин-Анат», «ТуздыБасТау», «Казмалы», «Прима Кус», «Logisticssystemsltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өздерінің бағыт-бағдарларымен таныстырды. Онда жылыжай, туризм, асыл тұқымды мал басын көбейту, бау-бақшалық өндірісі, транспорт пен логистика және жасыл энергетика бойынша өз жоспарларымен бөлісті. Инвестициялық жобалар турасында әңгімелесіп, кейбір қолбайлау болып тұрған мәселелерін да жасырмады. Аудан экономикасы дамыса, облыс та ілгері қарай қарыштайтындығын нақты мысалдармен түсіндірді. Өңір басшысының қолдауына үміт арқалатты.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен басқарма басшылары аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Ал негізгі диалог 600 орынды мәдениет үйінің залында жалғасты. Онда аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл әкімдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен ауданның еңбеккерлері, жастары болды. Олар Алматы облысының әртүрлі сала бойынша дамуын, аудандағы ауыз толтырып айтатын жаңалықтарынан хабардар болды. Аудан әкімі Бота Серікқызы өзінің баяндамасында нақты дәйектер мен деректер арқылы экономикалық даму барысынан ақпарат берді. Аудандағы кәсіпкерлердің, фермерлер мен ауылшаруашылығында тер төгіп жүрген еңбек адамдарының жемісті еңбегінің арқасында өнім өндіру көлемі 26 млрд. теңгеге өскендігін мақтанышпен жеткізді.
«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында тұрғын үй құрылысы мен туризмге қатысты 12 инвестициялық жобаның жүзеге асқандығын тіліне тиек етті. Шарын каньоны мен Шалкөде жайлауына баратын жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 5 млрд. теңге қаражат керектігін түсіндіріп, осы жобаға көмектесуін сұрады өңір басшысынан.
Сонан соң Марат Елеусізұлы облыс деңгейінде атқарылған жұмыстары жайлы, экономикадағы даму барысы, облыстағы жаңашыл бастамалары туралы ақпаратпен жиналған қауымды таныстырды. Әр салаға жеке-жеке тоқталып, инвестиция тартудағы жетістіктерді санамалап шықты. Ауыл тұрғындарының агроөнеркәсіптік кешен жобаларына белсенді қатысып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, өз жеке кәсіптерін ашып, таза отандық өнімнің көлемін ұлғайту керектігін ескертті. Ауыл адамдарының тұрмысы жақсарса, ауылшаруашылығы өнімдері көбейсе, қала да сапалы азық-түлікпен қамтылатын болады деген ойын жеткізді. Баяндама аяқталған соң жиналғандармен ашық әңгіме басталды. Аудан мен облыстың атқарған жұмыстарына өздерінің қанағаттанарлық деген бағасын берген Серік Оразалиев, Қанат Рысбаев, Асан Шамяковтер Шарын ауылының жолын жасауға мұрындық болуын, сондай-ақ стационары бар дәрігерлік амбулаторияның құрылысына қаржы қарастырылса деген ниеттерін, Бахар ауылындағы клубқа штат бөлінуін сұрады. Алдыңғы екі мәселе бойынша жұмыстардың басталып кеткендігін түсіндірген облыс басшысы Бахар клубының штаттық мәселесін шешуге тиісті басқарма басшысына тапсырма берді.
Емен-жарқын әңгіме барысында Марат Елеусізұлы бүгінгі күннің келелі мәселелерін қаузап, өткен кездесулердегі көтерілген 18 сұрақтың 10-ы ретке келтірілгендігін айтты. Денсаулық саласына қатысты, ауылшаруашылығына байланысты, басқа да күн тәртібіндегі 18 мәселенің жыл соңына дейін шешілетіндігіне уәде берді. Оған 9 млрд. теңге бөлінгендігін де айтты. Оған қоса бүгінгі көтерілген, ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген барлық мәселенің күрмеуі шешілетіндігіне сендірді.
Шарындағы қауыммен жылы қоштасып, ары қарай Шырын ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. 360 балаға арналған мектептің фойесінде «Капитал Строй Проект» ЖШС құрылысшыларымен кездесіп, жұмыс барысы жайлы диалог құрды. Бұдан бөлек Дардамты орта мектебінің апатты жағдайда тұрғандығын, Долайты, З.Батталханов атындағы Үлкен Дихан орта мектептерінің қосымша жапсарлас ғимарат керектігі де сөз болды. Өткен ғасырда Кеңестер Одағы кезінде салынған мектептердің заманауи түрге енуі қажет-ақ. Бұл мәселе де аудан, облыс әкімдерінің қадағалауында екендігі ескертілді. Аса маңызды деген дүниелерге көңіл бөлген өңір басшысы білім саласына құйылатын инвестиция жайын да қозғады. Барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, білім саласының жақсаруына жұмыс істеу керектігін тиісті лауазымды тұлғаларға табыстады.
Дардамты ауылдық округіне қарасты «Золотое руно» ЖШС жүн өңдеумен айналысатын бірден-бір зауыт. Бұл зауыт тәулігіне 6 мың тонна жүн өңдеу қабілетіне ие. Бұл тек қосымша жұмыс орны ғана емес, сонымен қатар аймақта мал шаруашылығын саласын дамытуға жасалған оңды қадам деуге болады. Марат Елеусізұлы зауыттың жұмысымен толықтай танысып шықты.
Шикізатты көрші Панфилов, Райымбек, Кеген және өз ауданымыздың фермерлерінен сатып аламыз, – деп жұмысымен таныстырған зауыт директоры Турсун Дулаев бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Біздегі жұмыс маусымдық. Көктемде басталады. Жүнді тазалап, түтіп, кептіріп, сұрыптап, сабын мен кальций содасымен жуып, даладағы күнге емес арнайы жабдықталған булы құрғатқышпен кептіріп, станокта пресстеп барып тапсырыс берушіге өткіземіз. Бұл ұқыптылық пен мұқияттылықты талап ететін күрделі жұмыс. Жұмыс ауқымын кеңейту үшін зауыттың да құрылғыларын жаңартып, зауытқа жететін 6 шақырым жолды жасау күн тәртібінде тұрғандығын жасырмады Турсун Дулаев. Егер жеңілдетілген түрде 100 миллион теңге несие алатын болсам, тәулігіне 6 мың тонна емес, 12 мың тонна таза жүн өңдеуге және 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туар еді, – деген ойын да білдірді.
Зауыт басшысының талап-тілегін тыңдаған өңір басшысы ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін дәл осындай зауыт әр ауданға керектігін, сондықтан барлық жағынан көмек көрсетуге дайын екендігін айтып, дәл осындай өз өндіріс орындарымызды дамытып, экономикамызға қолғабыс етуіміз керек деген пікірін жеткізді. Зерттеп, зерделеп, кәсіпкерлік саласымен ақылдасып, шығар жолды ұсынамыз деген сөзі үміт отын жаққандай болды.
Әрі қарай өңір басшысы Шонжы ауылындағы политехникалық колледжіндегі музейдің құрылысы, аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Политехникалық колледждің оқу корпусының, 600 орынды жатақхананың, оқу-өндірістік шеберханалар мен зертханаларға күрделі жөндеу жұмысының аса қажет екендігін көрді. Шын мәнінде бұл оқу ордасы жұмысшы мамандығын дайындайтын, әсіресе ауылшаруашылығына қажетті кадрларды әзірлейтін бірден-бір орын болғандықтан, оның жөндеуден өткені абзал екендігін ескертіп, еңбек нарығына осы жерден қанаттанып ұшатын студенттерге барлық жағдай жасалу керектігін айтқан басшы барлық проблемаларын сұрады. Колледж директоры Гүлназ Тегісбаеваның айтуынша бұл білім ордасы кәсіптік білім беретін білім ордаларының ішінде мақтаулылар қатарында екендігін, 60 жыл бойы ауылшаруашылығы саласының мамандарын дайындауда жоғары көрсеткішке жетіп жүргендігін айтты. Еңбек нарығында кез келген әріптесімен бәсекеге түсе алатын, ауыл шаруашылығында сапалы қызмет көрсете алатын мамандар дайындап отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Студенттер мұнда «Ақпараттық желілер мен есептеу техникасы», «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль құралдарын жөндеу, іске қосу және техникалық қызмет көрсету», «Ауыл шаруашылығын механизациялау», «Тігін өндірісі мен киім тігу үлгісі», «Қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру», «Кондитер безендіруші», «Аспаз» сияқты бүгінгі талапқа сай аса қажетті мамандықтарды дайындап, олардың ары қарай жұмысқа орналасуына жағдай жасап отырған колледждің ауыл тұрғындарына берері мол.
Сапалы кәсіби білім – уақыт талабы. Мемлекеттің кез келген саясатының түп қазығы – сауатты кадр дайындау мен заман ағысына ілесіп, ілгері басу. Сондықтан ауылшаруашылығы саласы мен техникалық мамандықтарды дайындап жүрген колледждің материалдық-техникалық жағдайы және жөндеу жұмыстарына облыс әкімі тарапынан көмек болады деп сенеміз.
Шонжы ауылында соңғы жылдары тұрғын үй салу үрдісі жақсы жолға қойылған. Облыс басшысы Марат Елеусізұлы 60 пәтерлі үйдің 20 тұрғынына кілттерін табыс етті. Пәтер кілтін алған отбасылардың қуаныштарында шек болмады. Көптен күткен жағымды жаңалықты айналасындағылармен бөлісіп, бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болысты. «СП Нефт» ЖШС салған пәтерлер заманға лайықты, көркем шыққан. Көп балалы әке Сайдин Жамалдинов өзінің ақжарма тілегімен бөлісті. Бұл пәтер мен үшін күтпеген сый болды. Ол үшін өзімді баққан әжеме алғысым шексіз. Мені әжем толық жетім бала ретінде осыдан он бес жыл бұрын пәтер кезегіне тұрғызыпты. Өзім отбасылы болып, 4 баланың әкесі атанғанда пәтер кілтін алдым. Бақыттан басым айналып тұр. Сайдинның жан жары Назугумның көзіне жас келіп, «үлкен қызым Сафияның жеке бөлмем болса деген арманы орындалды. Есіктің алдында балалар алаңын аңсаған Нармина, Мариям, Райниданым жаңа көршілердің балаларымен танысып, ойнайтын болды» деген сөзі алғыспен пара-пар шықты. Аудан, облыс басшылығына дән ризамыз. Егеменді еліміздің болашағы бақытқа толы болғай дейміз. Біздің балалық шағымызда болмаған, өзіміз сезіне алмаған қуанышты сәтті балаларымыз көрді. Шүкір. Еліміз аман болсын, мемлекетіміз гүлдене түссін, – деген тілектерін жаудырды.
Облыс басшысының жұмыс сапары осындай керемет қуанышты шаққа ұласты. Жаңа пәтер иелері қоныс тойына шақырысып, қуаныштарын жасыра алмады. Аудан тұрғындарының бақытты күндері көп болғай…
Әсел МҰҚАШЕВА
