
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Ұйғыр ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бағдарлама аясында ұйымдастырылған іс-шаралар аудан әкімдігі мен ауылдық округтердің ресми әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ аудандық «Қарадала тынысы» газетінің ақпараттық алаңдарында тұрақты түрде жарияланып келеді. Жыл басынан бері аудан көлемінде 780 экологиялық және тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 20 мыңнан астам тұрғын белсенді қатысты. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер, кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары жұмыла атсалысып келеді. Аудан бойынша 505 көшенің 489-ында санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 200 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық шығарылды. Сонымен қатар, 10 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, тазалық және көгалдандыру жұмыстарына 570 арнайы техника жұмылдырылды. Бағдарламаны ақпараттық сүйемелдеу де қарқынды жүргізіліп, әлеуметтік желілерде 5600-ден астам ақпараттық жарияланым орналастырылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлескен жұмыстарға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, «Экологиялық вандализммен күресу жолдары: креативті шешімдер» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылып, оған табиғатты қорғауға қызығушылық танытқан жастар қатысты. Сонымен бірге, «Таза Қазақстан – Таза болашақ» фестиваліне 100 оқушы қатысып, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «Болашақты бірге отырғызайық» атты аудандық экологиялық акция өткізіліп, оған 300 оқушы қатысты. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің студенттері мен белсенді жастардың қатысуымен Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында «Таза өлке» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында парк аумағы қоқыстан тазартылып, табиғатты қорғау бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, ұлттық парк аумағында ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары тұрақты түрде жалғасып келеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан көлемінде үш күнге созылған ауқымды тазалық акциясы ұйымдастырылып, оған 3800-ге жуық адам қатысты. Іс-шара барысында 35 арнайы техника жұмылдырылып, 28 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық шығарылды. Сонымен қатар, Арасан учаскесі, Шарын шатқалы және өзге де туристік аймақтар тазартылып, табиғи нысандардың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Акция барысында ауданның 100 көшесі тазартылып, 1000 ағаш көшеті отырғызылды. Қазіргі уақытта аудан көлемінде әр аптаның бейсенбі күні тұрақты түрде тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Бейсенбіліктерге мемлекеттік қызметшілермен қатар жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығына өз үлестерін қосуда. Бағдарламаны кеңінен насихаттау мақсатында аудан аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. Елді мекендерде тақырыптық билбордтар орнатылып, Шонжы ауылындағы екі LED экран арқылы қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениеті және экологиялық жауапкершілік жөніндегі бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ұйғыр ауданында атқарылып жатқан жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін нығайтуға және өңірдің көркеюіне өз үлесін қосып келеді.
Ұйғыр аудандық журналистер клубының мүшесі Сембекқызы Перизат
