«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы – елімізде қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Бағдарлама аясында мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, жастар, еріктілер және тұрғындар бірлесіп, қоршаған ортаны таза ұстауға, елді мекендерді көркейтуге және табиғатты аялауға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Бұл бастама тек тазалық жұмыстарымен ғана шектелмейді. Ол қоғамда қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды, экологиялық сананы арттыруды және әрбір азаматтың туған жерінің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуын көздейді. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, көгалдандыру жұмыстары, экологиялық сабақтар, жастардың қатысуымен түрлі акциялар мен ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ұйғыр ауданында да аталған бағдарлама аясында елді мекендерді абаттандыру, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, ағаш отырғызу, табиғи аумақтарды қорғау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға және өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға оң ықпал етуде.
Қоғамдық келісім және даму орталығының маманы Даулетова Назым

