Достық пен бірлік – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің өркендеуіне негіз болатын асыл құндылықтар. Адамдар арасындағы өзара сыйластық, түсіністік пен татулық бар жерде береке мен ынтымақ орнайды. Сондықтан ел ішіндегі бірлікті сақтау, достық қарым-қатынасты нығайту және ортақ құндылықтарды дәріптеу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қазақстан – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан ортақ Отанымыз. Еліміздегі этносаралық келісім мен өзара құрмет қоғамның тұрақты дамуына ықпал етіп, халықты ортақ мақсат жолында біріктіреді. Әрбір этностың тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарау – қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды шарты. Достық ұғымының мәні тек жақсы қарым-қатынаспен шектелмейді. Ол – бір-біріне қолдау көрсету, өзгенің пікірін құрметтеу, қиындықта жанынан табылу және ортақ мүдде жолында ынтымақтаса білу. Осындай қасиеттер адамдар арасындағы сенімді арттырып, қоғамда ізгілік пен адамгершіліктің қалыптасуына жол ашады. Әсіресе, жас ұрпаққа достық пен бірліктің маңызын түсіндірудің мәні зор. Жастарды өзара сыйластыққа, төзімділікке, отансүйгіштікке және жауапкершілікке тәрбиелеу – болашақтың берік негізін қалыптастыру. Әртүрлі мәдениет пен дәстүрді танып-білу арқылы өскелең ұрпақ өзара түсіністікке үйреніп, қоғамдағы татулықтың қадірін терең түсінеді. Ұйғыр ауданында да түрлі этнос өкілдері өзара ынтымақтастықта өмір сүріп, ауданның қоғамдық, мәдени және әлеуметтік дамуына үлес қосып келеді. Ортақ іс-шаралар, мәдени кездесулер мен қоғамдық бастамалар тұрғындардың арасындағы достық байланысты нығайтып, бірлік пен келісімнің маңызын арттыра түседі. Осындай игі істер адамдарды жақындастырып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Ел бірлігі – тек мерекелік шараларда айтылатын ұран емес, күнделікті өмірде сақталуы тиіс маңызды қағида. Көршіге құрмет көрсету, үлкенге ізет білдіру, кішіге қамқор болу, өзара көмек пен түсіністік таныту – татулықтың нақты көріністері. Әр адам осы құндылықтарды өз өмірінде ұстанса, қоғамдағы ынтымақ пен сенім де нығая түседі. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтау үшін баршамыз ортақ жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Достықты бағалап, бірлікті ту еткен қоғам кез келген қиындықты ынтымақпен еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басады.
Бірлік бар жерде – тірлік бар, достық бар жерде – татулық бар. Ынтымағымыз жарасып, достығымыз нығайып, елімізде әрдайым бейбітшілік пен береке салтанат құрсын!
Джалилова Зилахам
«Ұйғыр аудандық ұйғыр этномәдени орталығы» жанынан құрылған «Нур-Ани» Аналар кеңесінің төрағасы.

