Басты бет Жолдау ӨЗГЕРІСТЕР ДӘУІРІНДЕГІ ОРТАҚ МҮДДЕ

ӨЗГЕРІСТЕР ДӘУІРІНДЕГІ ОРТАҚ МҮДДЕ

0
10

Тарихтың әр кезеңі ел алдына өз міндетін қояды. Бір дәуірде мемлекеттің тәуелсіздігін тұғырландыру басты мұрат болса, ендігі кезеңде сол тәуелсіздіктің экономикалық қуатын арттырып, технологиялық әлеуетін нығайту, халықтың тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеру маңызды. Уақыттың талабы да, қоғамның сұранысы да осыған саяды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауы осындай жауапты кезеңнің мазмұнын айқындады. Елдің жаңа тарихи белеске қадам басуымен тұспа-тұс келген бұл Жолдауда экономикалық қуат, инфрақұрылымдық жаңғыру, цифрлық технология, жасанды интеллект, энергетикалық қауіпсіздік пен адами капитал мәселелері кеңінен қозғалды. Жолдаудың өн бойынан бір арнаға тоғысқан үлкен ой аңғарылады. Ол – Қазақстанның болашақ келбетін бүгіннен қалыптастыру, жаңа дәуірдің мүмкіндіктерін ел игілігіне жарату. Бұл жерде мәселе жекелеген салалардың дамуы туралы ғана емес, мемлекеттің тұтас даму сипаты туралы болып отыр.

Жолдаудағы назар аударарлық бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Президент ұсынған бұл бастаманың мазмұны ел аумағындағы әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртумен сабақтас. Алдағы кезеңде жолдар, ауруханалар, мектептер, мәдениет ошақтары, спорт кешендері, кітапханалар мен басқа да маңызды нысандардың құрылысы мен жөнделуі көзделіп отыр. 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынысы да осы мақсатпен байланысты. Бұл бастаманың мәнін тек құрылыс көлемімен өлшеу жеткіліксіз. Оның қоғамдық сипаты – елдің әр аймағында жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуы, өңірлердің тыныс-тіршілігіне серпін беруі. Құрылыс дегеніміз – жаңа ғимарат қана емес, жаңа жұмыс орны, жаңа әлеуметтік орта, жаңа экономикалық байланыс.

Осы тұрғыдан алғанда, Алматы облысының даму кеңістігі де Жолдаудағы бастамалармен сабақтасып жатыр. Халық саны өсіп, елді мекендердің келбеті өзгеріп, қала мен ауыл арасындағы байланыс жаңарып келе жатқан өңірде инфрақұрылым мәселесінің орны бөлек. Ұйғыр ауданының тыныс-тіршілігіне қарасақ та, мұндай өзгерістердің мәнін аңғаруға болады. Шонжының, Қалжаттың, Дардамтының, Аваттың, Шырынның және басқа да ауылдардың әлеуметтік ортасы, тұрғындардың күнделікті қажеттіліктері жалпыұлттық даму үдерісінің өңірлік көрінісі.

Жолдаудағы экономикалық жаңғыру мәселесі ауыл шаруашылығының болашағымен де тығыз байланысты. Қазақстан үшін аграрлық сала  азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ғана емес, өңірлік экономиканың маңызды тірегі. Ұйғыр ауданының өзіндік ерекшелігі – бау-бақша шаруашылығы мен жеміс өсіру дәстүрінде. Әсіресе, Шонжының өрік бақтары ауданның табиғи әрі шаруашылық болмысын айқындайды. Көктемде гүлге оранған бақтар, жаздағы жеміс науқаны, бағбандардың тынымсыз еңбегі – бұл өлкенің өзіндік шежіресі.

Бүгінде ауыл шаруашылығы да жаңа технологиялармен, нарық талаптарымен, өңдеу өнеркәсібімен тығыз байланыста дамып келеді. Жергілікті өнімнің тек шикізат күйінде қалмай, дайын тауарға айналуы, ауыл шаруашылығы мен өндірістің өзара сабақтасуы – экономикалық жаңғырудың маңызды көрінісі.

Президенттің цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу жөніндегі ұстанымы аграрлық сектор үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Заманауи технологияның егіншілікке, су ресурстарын басқаруға, өнімді өңдеу мен сақтауға ықпалы ауыл шаруашылығының болашақ сипатын өзгертіп келеді.

Алматы облысының өзіндік ерекшелігін танытатын тағы бір сала – туризм. Әсіресе, Ұйғыр ауданының табиғи келбеті бұл бағыттың мүмкіндігін айқындай түседі. Шарын шатқалының қайталанбас көрінісі мен Шонжының шипалы ыстық су көздері – өңірдің танымал табиғи нысандары. Шарынның алып жартастары, шатқалдың ғажайып бедері, Шонжының шипалы су көздері туған жердің табиғи байлығын ғана емес, оның туристік тартымдылығын да танытады. Бұл аймаққа келген адамның жадында табиғат көрінісімен бірге өңірдің өзіндік тынысы, мәдениеті мен қонақжайлығы да сақталады.

Жолдаудағы көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту мәселесі осы бағыттың да маңызын айқындайды. Өйткені жол қатынасы, көлік қолжетімділігі мен заманауи инфрақұрылым экономикалық байланыстың да, туризмнің де ажырамас бөлігі.

Биылғы Жолдаудың айрықша қырының бірі – халықтық цифрлық экономика құру идеясы. Президент интернет кеңістігін тек ақпарат алмасу мен тұтыну алаңы емес, жасампаздық пен еңбек кеңістігі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңейген сайын өндірістің сипаты, еңбек нарығы, білім беру мен мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі де өзгеріп келеді. Бұл  адамзат өркениетінің жаңа кезеңі. Қазақстанның осы үдерістен тыс қалмай, технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекетке айналу мақсаты да Жолдаудың негізгі арқауына айналған. Мұндай өзгерістердің мәні тек ірі қалалармен шектелмейді. Цифрлық мүмкіндіктер ауыл мен қала арасындағы ақпараттық алшақтықты азайтып, білімге, кәсіпке, жаңа қызмет түрлеріне жол ашады. Сондықтан жаңа технологияның қоғамдық маңызы оның адам өміріне қаншалықты енетінімен де байланысты. Дегенмен цифрлық дәуірдің өзінде білім, тіл, мәдениет пен рухани құндылықтардың орны бөлек. Технология қоғамның мүмкіндігін кеңейткенімен, оның адамдық мазмұнын қалыптастыратын – білім мен парасат, ұлттық таным мен мәдени сабақтастық.

Жолдаудағы экономикалық және технологиялық бастамалармен қатар, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», қоғамдық бірлік пен жауапкершілік мәселелерінің көтерілуі де назар аудартады. Өйткені мемлекеттің жаңғыруы тек инфрақұрылым мен өндірістің дамуынан тұрмайды. Оның рухани, қоғамдық және құқықтық негізі де бар. Президент атап өткен Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстан идеясының мазмұны осы ұғымдармен сабақтас. Әділеттілік – қоғамдағы сенімнің, заңға құрмет – тұрақтылықтың, адал еңбек – экономикалық дамудың, ал білім мен ғылым – болашақтың негізі. Бұл құндылықтар елдің барлық өңіріне ортақ. Алматы облысының да, Ұйғыр ауданының да бүгінгі тыныс-тіршілігі осы кең қоғамдық өзгерістердің аясында қалыптасып келеді. Ауылдағы еңбек, кәсіпкерлік, білім беру, мәдениет пен әлеуметтік өмір мемлекеттің даму келбетін танытатын өзара сабақтас құбылыстар.

Түптеп келгенде, биылғы Жолдаудың мазмұны Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге деген көзқарасын айқындайды. Инфрақұрылымдық жаңғыру, цифрлық экономика, технологиялық даму, энергетикалық қауіпсіздік пен адам капиталын нығайту – болашақ мемлекеттің негізгі тіректері ретінде көрініс тапты.

Елдің ертеңі туралы сөз болғанда, оның бүгінгі болмысын ұмытпау маңызды. Өйткені тарихты қалыптастыратын  уақыттың өзі емес, сол уақыттың жауапкершілігін көтерген ұрпақ. Ал бүгінгі Қазақстанның жаңа даму кезеңі де осындай тарихи жауапкершілікпен, елдік мұратпен және болашаққа деген сеніммен сабақтас. Жаңа тарихи кезең – жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Оның мазмұны елдің экономикалық қуатынан, өңірлердің өркендеуінен, халықтың тұрмысынан және ұрпақтың болашаққа деген сенімінен көрінбек.

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТЕХНОЛОГИИ И ПОДДЕРЖКА ДЛЯ ЭКСТРЕННОЙ МЕДИЦИНЫ

В Послании Главы государства «Актуальные задачи Казахстана в новом историческом цикле» оче…