Басты бет Ақпарат ағыны АЭС өндірісі – отандық кәсіпорындарға үлкен мүмкіндік

АЭС өндірісі – отандық кәсіпорындарға үлкен мүмкіндік

0
10

Еліміз 2029 жылға қарай энергия көзін артығымен өнді­ретіндей деңгейге жету­ді мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысы биыл­ғы Жолдауында осы стра­тегиялық міндетке қол жеткізу үшін жаңарты­латын қуат көздерін өндіру ісіне, соның ішінде күн электр стансаларын кеңінен қол­дануға баса мән беру қажет­тігін атап өтті. Сондай-ақ атом энерге­ти­касын дамытуды маңызды ба­сым­дық ретінде қарастырып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Халықаралық энергети­калық агенттіктің (IEA) хабарлауынша, биыл әлемде жаһандық энергетикалық дағдарыс қатты сезіліп тұр. Қуат көздерін жет­кізу саласында да тапшылық байқалған. Сарапшылардың пікірінше, электр энергиясына деген сұраныс болжамды деңгейден әлдеқайда тез өсіп келеді. Энергияға деген сұра­ныстың артуына әсер еткен фак­торлар көп. Әсіресе әлем елде­рінің цифрлық кеңістікке бет бұруы мен жасанды интеллект дерек орталықтарының көбеюі мәселені ушықтыра түскен.

Жалпы, энергия тапшылы­ғы – әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселе. Кез келген экономикалық дағдарыстың соңы энергетикалық дағдарысқа алып келеді. Бұған қоса дәстүрлі қуат көзі –  көмір, табиғи газ, мұнай қоры күннен-күнге сарқылып барады. Сондықтан көптеген ел энергияны табиғи көздерден алуға ұмтылып жатыр. Дегенмен де баламалы энергияға көшу біз ойлағандай арзан дүние емес. Әсіресе электр энергиясының басым бөлігін арзан көмірден өндіретін еліміз үшін бұл – айтарлықтай күш-қуат пен техникалық мүм­кіндікті қажет ететін күрделі сала. Әлемнің кейбір елдерімен салыстырғанда жасыл экономиканы дамытуға әлі де дәрменіміз жетпей жатқаны сондықтан.

Елімізде энергия көздерінің жетіспеушілігі қазірден бай­­қа­лады. Президент те Жолдауында Қазақстан жыл сайын энергияның елеулі тапшы­лығымен бетпе-бет келіп жатқанын атап өтті. Соның салдарынан қыс мезгілінде, яғни электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңде көрші елдерден қуат көзін қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрміз. Мұны шешудің бірден-бір жолы – бірнеше атом электр стансасын салу. Нысандардың нақты салынатыны, қайда салынатыны белгіленді. Енді Мемлекет басшысы атап өткендей, стансаларды елу жылдан кейін, тіпті, одан арғы уақытта уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді қазірден бастап ойластыруымыз керек. АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серік­тестерді Қазақ­станда жоғары техноло­гиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту да – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өйткені атом электр стан­са­сының құрылысы – қомақты инвестиция мен жоғары технологияны қажет ететін ауқымды жоба. Оның экономикалық тиімділігі өндірілетін электр энергиясының көлемімен ғана өлшенбейді. Мұндай жобаның айналасында жаңа өндірістер ашылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қай­та жаңғырып, инженерлік-тех­ни­ка­лық мамандардың жаңа буыны қалыптасуға тиіс.

Ж.Әзмағанбетова АЭС-ке қажетті жабдықтар, соның ішінде реакторлық қондырғы мен қауіпсіздік жүйелерінің жекелеген бөлшектері бастапқы кезде шетелдік өндірушілерден жеткізілетінін айтады. «Атом стансаларын салу отандық кәсіпорындарға ілкімді мін­деттер жүктеп отыр. Бұл – кәсіпкерлер үшін де үлкен мүмкіндік. Әрбір жаңа атом жобасы іске қосылған сайын Қазақстан оған қатысу үлесін кеңейтіп, болашақта осы салаға қатысты неғұрлым күрделі әрі технологиялық өнім түрлерін шығара бастайды», дейді сарапшы.

Кәсіпорындардың алдында атом энергетикасы жобаларына қатысуға қатысты кедергілер де жоқ емес. Сарапшының пікірін­ше, отандық бизнестің АЭС құрылысына қажетті материалдар мен қызметтердің нақты ­номенклатурасымен, болашақта сатып алу мерзімдерімен жеткілікті деңгейде хабардар емес. «Біз өндірістік үдерістер мен сапаны бақылауға алатын технологиялық жүйелерді атом саласының талаптарына сай енгізуіміз қажет. Сондай-ақ сертификаттау мен кадрларды даярлауға кететін қаржылық шығындарды да есептеу керек. Өйткені кәсіпорын жаңа өндіріске елеулі қаражат салмас бұрын сұраныстың қан­шалықты тиімді болатынын қазірден білуге тиіс. Егер болашақ тапсырыстардың көлемі, мерзімі мен талаптары белгісіз болса, бизнес үшін ұзақмерзімді инвестициялық шешім қабылдау қиын. Сондықтан тапсырыс беруші, бас мердігер, технология жеткізуші шетелдік компания­лар мен отандық бизнес арасында түсінікті әрі тиімді өзара іс-қимыл жүйесін алдын ала қалыптастырған ләзім», дейді ол.

Атом энергетикасы өн­дірісіне қолжеткізуге әлі ұзақ уақыт бар. АЭС құрылысын салу өз алдына, инженерлік іздестірулерден бастап, жобалау, құрылыс, монтаж, сынақ, жабдықты баптау, тех­никалық қызмет көрсету сын­ды әлі талай міндеттер тұр. Қауымдастықтың Оқшауландыру және ғылыми-техникалық даму депар­таментінің директоры Жанайдар Тоқсабаның айтуынша, отандық компания­лар белгіленген талаптарға сай болған жағдайда ғана осы шаруаның негізгі иесі бола алады. Мәселен, отандық мамандардың жобалық шешімдерді әзір­леуге, инженерлік жүйе­лер­ді бейімдеуге, цифрлық мо­дельдеуге, технологиялық үде­ріс­терді автоматтандыруға қатыс­са, ел ішінде қосылған құн қалып­тастырады.

Сарапшының айтуынша, жаңа өндірістердің эконо­микалық тұрақтылығы да жеке бағалануы қажет. Өйт­кені кәсіпорындар тек АЭС құрылысы кезеңінде ғана жұмыс істеп қоймай, құрылыс аяқталғаннан кейін де сұранысқа ие болуға тиіс. Олар атом стансасын пайдалану мен оған қызмет көрсету қажеттіліктерін, басқа да өнеркәсіптік жобаларды қамтамасыз етіп, экспорт­қа өнім шығара алатындай дең­­­гейге жетуі маңызды. «Пре­зи­дент Жолдауында АЭС құры­лысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жо­ғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжі­рибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандар­ды даярлауға кеңінен тарту қа­жеттігі ай­тылды. Әңгіме осы салада ауқым­ды тәжірибесі мен дамыған өн­дірістік базасы бар ресейлік және қытайлық компаниялармен ынты­мақ­тастық туралы сөз болып отыр. Бұл ретте еліміз басқа мем­лекеттердің озық халықаралық тәжірибесін, сондай-ақ МАГАТЭ ұсынымдары мен сараптамалық әлеуетін техникалық тұрғыдан айқындап алуға тиіс. Ең тиімді формат тек же­ке­леген семинарлар өткізу ғана емес, сонымен қатар тіке­лей өндірістік алаңдарда практикалық оқы­ту, отандық және шетелдік инженерлердің бірлескен жұ­мысы мен өз мамандарымызды жеткілікті деңгейде даяр­лау болмақ. Бұл орайда қазір­ден бастап, отандық университеттермен, техникалық колледждермен, ғылыми ұйым­дармен ынтымақтастықты дамыта беруіміз қажет», дейді Ж.Тоқсаба.

Қош, сонымен «АЭС керек пе?» деп талқылайтын кезеңнен әлдеқашан өтіп кеттік. Ендігі міндетіміз – көштен қалмай, энер­гетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Энергия тапшы­лығы қос бүйірден қысқан қазіргі кезде еліміз де қуатты артығымен өндірудің барлық мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Соның бірі – АЭС. Сондықтан келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысы басталса, оған ілесе «Мойынқұм» стансасы да жалғасуға тиіс. Ең бастысы, осыған қажетті келіс­сөздердің бәрінде ең алдымен қазақтың ұлттық мүддесі мен отан­дық кәсіпорындардың әлеуеті бірін­ші тұратынында шүбә жоқ.

Бұл ретте ең маңызды мәселе­лер­дің бірі – атом энергетикасы жобаларындағы локализация деңгейін арттыру, яғни қажетті тауарлар мен қызметтерді еліміздің өз ішінде өндіру және кәсіпорындарды осы салаға икемдеу. Басқаша айтқанда, АЭС құрылысына бөлінетін қомақты қаражаттың белгілі бір бөлігі отандық кәсіпорындардың дамуына, жергілікті мамандардың еңбегіне, технологиялық жаң­ғыруға және ұлттық өндіріс­тік тізбектің қалыптасуына қызмет етуге тиіс. Ал АЭС-тей күрделі өндірісті өркендетуге отандық мамандардың әлеуеті мен қауқары жете ме? Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы ­төр­­­а­ғасының орынбасары Жанна Әзма­ғанбетованың айтуынша, отандық энергетик-мамандар мен кәсіпорындардың атом электр стансаларының құрылысына қатысуға өнер­кәсіптік әлеуеті бар. «Бізде металлургия, машина жасау, құ­рылыс материалдарын, электр­тех­никалық жабдықтарды өнді­ру, сондай-ақ құрылыс пен инжиниринг секторлары жақсы дамыған. Бұл бағыттардың бар­лығы атом энергетикасының қажеттіліктерімен тікелей байланысты. Бұл ретте АЭС құ­рылысы – тек реактор мен ядро­лық құрал-жабдығы ғана емес екенін түсіну қажет. Бұл – мың­даған атауы бар қондырғы мен инженерлік жүйелерді қамтитын ауқымды өнеркәсіптік кешен. Осы салаларда жұмыс істейтін өзіміздің білікті мамандарымыз баршылық. Сондықтан АЭС бой көтергенде оны іліп алып кететін әлеует бізде бар деп сеніммен айта аламыз», дейді Ж.Әзмағанбетова.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ
https://egemen.kz/news/aes-ondirisi-otandyq-kasiporyndarga-ulken-mumkindik

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа Конституция – ел дамуының берік құқықтық негізі

Конституция – мемлекеттің құқықтық жүйесінің өзегі, елдің даму бағытын айқындайтын және қо…