Адам денсаулығы – баға жетпес байлық. Ал сол байлықты сақтауда ақ халатты абзал жандардың еңбегі айрықша. Бүгінде Ұйғыр аудандық орталық ауруханасында медициналық қызмет сапасын арттыру, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және емдеу жағдайын жақсарту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде аурухананың бас дәрігері Әлия Ақжолтайқызымен әңгімелестік.

– Әлия Ақжолтайқызы, сіздің әкеңіз де елге танымал, білікті дәрігер болғанын білеміз. Медицина саласын таңдауыңызға әке жолы, оның кәсіби ұстанымы мен өнегесі қаншалықты әсер етті?

– Сұрағыңызға рахмет. Өзіңіз білетіндей, медицина саласы үлкен жауапкершілікті талап ететін өте ауыр сала. Әрине, бұндай жауапты мамандықты таңдауыма әкемнің еңбек жолы мен кәсіби ұстанымы үлкен әсерін тигізді. Әкемнің медицина саласындағы жолын үлгі тұтып, осы саланы таңдадым. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің түлегімін. Мамандығым – педиатр дәрігері. Сонымен қатар, офтольмология мамандығы бойынша қайта даярлаудан өттім. 14 жылға жуық уақыт осы салада қызмет етіп келе жатырмын.
– Ауруханаға басшылық қызметке келгенде, алдымен қандай мәселені шешуді мақсат еттіңіз? Бүгінде сол мақсаттарыңыздың қайсысы орындалды?
– 2023 жылы аудандық аурухананың директоры лауазымына тағайындалдым. Сол кезден бастап үлкен жауапкершілікті сезіндім. Аудан жұртшылығына сапалы медициналық көмек көрсету үшін бірқатар мәселелерді шешуім керек екендігін түсіндім.
Соның бірі – аурухана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі болды. Аталған мәселе біраз жылдан бері көтерілген болатын. Аудан тұрғындары тарапынан да ғимараттың жағдайына байланысты өтініштер көп түскен.Осы мәселе оң шешімін тауып, 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап сейсмикалық күшейтумен жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда жұмыс жүргізілуде.
– Ауруханада сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанынан хабарымыз бар. Осы бойынша нақтырақ айта кетсеңіз.
– Сейсмикалық күшейткумен күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылдың шілде айынан басталды. Мердігер компания – «AS Karasay» ЖШС.
Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін бұл нысанның маңызы өте зор. Жаңа айтып өткенімдей, аурухана 60 мыңға жуық тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлердің қызмет көрсету сапасына медициналық ұйымның ғимараттарының жағдайы өз әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Бүгінде мердігер компания өкілдеріне күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауда ұстау және жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау қажеттігі туралы айтылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Уақытылы мониторинг жұмыстарын жасаймыз, жүргізіліп жатқан жұмысты бақылаймыз. Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар алынған. 40-тан аса жұмысшы еңбек етуде.
– Сұхбатамызды орталық аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігімен жалғастырсақ. Ауруханада неше бөлім бар және қандай медициналық қызмет түрлері көрсетіледі?
– Аудандық аурухана ауданымыздың 60 мыңға жуық тұрғынына медициналық көмек көрсетеді.Қазіргі таңда ауруханада 5 бөлімше және емхана жұмыс жасайды.Хирургия, терапия, перзентхана бөлімі, балалар бөлімі, жұқпалы аурулар бөлімшесі бар.Бөлімшелер жалпы саны 165 төсек – орынмен қамтылған.Бүгінде мен басқарып отырған медициналық мекемеде 98 жоғары білікті дәрігер мен 400-ден астам орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Ауруханаға қарасты ауылдық округтерде 5 фельдшерлік акушерлік пункт, 13 дәрігерлік амбулатория және 6 медициналық пункт жұмыс жасайды. 2025 жылдың желтоқсан айында Шарын ауылында 15 адамға арналған стационарлық бөлімше ашылып, қолданысқа берілді. Стационар 10 ересек адамға және 5 балаларға арналған төсек орынмен қамтылған.
– Бұрын аудан тұрғындары қалаға баруға мәжбүр болған қандай қызметтер бүгінде аудан көлемінде қолжетімді?
– Былтырғы жылы ауруханамызға бірнеше аппараттар сатып алынған болатын. Соның ішінде ФГДС аппараты алынды. Бұрындары тұрғындар бұл аппаратқа түсуге қалаға немесе көршілес ауданға жіберілетін. Қазіргі таңда өзімізде ем алып, қаралуға болады.Бұдан бөлек компьютерлік томография аппараты да қолжетімді.Сонымен қатар, травматологиялық ота жасауға арналған құрал-жабдықтар да толығымен алынды. Бүгінде ауруханамызда отаның барлық түрлері жасалады.
– Аурухананың материалдық-техникалық базасына қандай баға берер едіңіз? Соңғы уақытта қандай жаңа медициналық құрал-жабдықтар алынды және олардың тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасына әсері қандай?
– Соңғы екі жылда аудандық аурухананың техникалық базасы жаңарып, жалпы құны 189 млн теңгеге бірнеше аппараттар сатып алынды.Оның ішіндепортативті стоматологиялық рентген аппараты, 8 дана көп функциялы электрлік медициналық төсек, бактериологиялық анализатор, жиынтықтағы иммуногематологиялық; зерттеулерге арналған жүйе, 4дана биологиялық зертханалық микроскоп, қысқа толқынды терапия құрылғысы, стоматологиялық блоктар,пациент мониторылар және тағы да басқа қажетті аппараттар бар.
– Медицина саласының сапалы жұмыс істеуі ең алдымен білікті мамандарға байланысты. Ауруханада кадр мәселесі қалай шешілуде?
– Әрине, медициналық ұйымның жұмыс сапасы, ең алдымен, білікті мамандарға байланысты. Бүгінде ауруханаға жас мамандарды жұмысқа тарту, сондай-ақ басқа өңірлерден білікті кадрларды шақыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Айтып өткенімдей, ауруханамызда 98 жоғары білімдідәрігерлер жұмыс жасайды. Биылғы жылы ауданымызға 3 резидент дәрігер жұмыс жасауға келді. Олар: травматолог, фтизиатр,акушер-гинеколог.
Үш дәрігеріміз көтерме ақы (подъемные ) алды, яғни әр дәрігерімізге 8 500 000 тг көлемінде қаражатберілді. Қазіргі таңда невропотолог, инфекционист, нарколог мамандары қажет. Бұл бағытта да жұмыс жасаудамыз. Ауруханамызда медициналық кадр тапшылығын шешу үшін медициналық жоғары оқу орындарымен байланысты күшейту, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысу, резиденттерді өңірге тарту және жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары жүргізілуде.
– Қазіргі таңда медицинада цифрландыру күшейіп келеді. Электронды медициналық карта, онлайн жазылу сияқты мүмкіндіктер тұрғындардың уақытын қаншалықты үнемдеп отыр?
– Елімізде медицинадағы цифрландыру тұрғындардың уақытыедәуір үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Цифрлық жүйелердің интеграциясы дәрігерлердің қолмен ақпарат енгізу жүктемесін де азайтып, медицина қызметкерлерінің жұмыс жүктемесін 30-40%-ға төмендетуге ықпал етуде.
– Аудан тұрғындары арасында қандай ауру түрлері жиі кездеседі? Осы аурулардың алдын алу бағытында қандай профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Аудан тұрғындары арасында, жалпы алғанда, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және тыныс алу жүйесінің аурулары жиі кездеседі. Сонымен қатар, онкологиялық ауруларды ерте анықтау және олардың алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді.
Осы аурулардың алдын алу үшін ауруханада профилактикалық және скринингтік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Тұрғындар профилактикалық медициналық тексерулерден өтіп, қан қысымы, қандағы қант деңгейі сияқты негізгі көрсеткіштерін тексертеді. Скринингтік тексерулер арқылы ауруларды ерте кезеңде анықтауға болады.
Бұдан бөлек, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру, темекі мен алкогольден бас тарту жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Диспансерлік есепте тұрған азаматтар бақылауға алынып, олардың денсаулық жағдайы тұрақты қадағаланады.
– Жедел медициналық көмек қызметінің жұмысы да халық үшін өте маңызды. Жедел жәрдемге түсетін шақыртулардың басым бөлігі қандай жағдайларға байланысты және қызмет көрсету барысында қандай қиындықтар кездеседі?
– Ия, жедел-жәрдем қызметі біздің жұмысымыздың басты бөлігі десек те болады. Шақыртулардың басым бөлігі, ең алдымен, тыныс алу ағзаларының, жүрек-қан тамырлары және неврологиялық ауруларға, сондай-ақ жарақаттар мен улануларға байланысты түседі. Әр шақырту жеделдік деңгейіне қарай бағаланып, бригада тиісті тәртіппен жіберіледі.
– Ал, аудан орталығынан шалғай орналасқан Арасан сияқты елді мекендерде жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, байланыс мәселесі қиындық туындатпай ма? Жедел жәрдем шақыртуын қабылдау, оқиға орнына бригаданы бағыттау және жол бойындағы мамандармен тұрақты байланыс қалай қамтамасыз етіледі?
– Аудан орталығынан шалғай орналасқан Арасан учаскесінде облыстық жедел-жәрдем станциясының пункті орналасқан. Аталған пунктжедел- жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген.
– Скринингтік тексерулердің маңызы туралы айтып өтсеңіз. Аудан тұрғындары қандай тексерулерден тұрақты өтіп тұруы керек?
– Скринингтік тексерулердің негізгі мақсаты – адам өзін сау сезінген кезеңнің өзінде ауруды ерте анықтау. Әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және онкологиялық аурулар бастапқы кезеңде айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексеруден уақытылы өту – асқынудың алдын алудың маңызды жолы. Жас шамасы бойынша:
40-76 жастағы ерлер мен әйелдер – артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторларын анықтауға арналған скринингтен өтеді. Ол екі жылда бір рет жүргізіледі;
30-74 жастағы әйелдер – жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін төрт жылда бір рет скринингтен өтеді;
40-76 жастағы әйелдер – сүт безі обырын ерте анықтау үшін екі жылда бір рет тексеріледі;
50-76 жастағы ерлер мен әйелдер – колоректалды обырды ерте анықтау үшін екі жылда бір рет скринингтен өтеді;
50-76 жастағы ерлерге ми қан айналымының бұзылыстарын ерте анықтауға арналған скрининг қарастырылған.
– Диспансерлік есепте тұрған науқастарға медициналық көмек көрсету қалай ұйымдастырылған? Олар қажетті дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіле ме және мұндай науқастардың денсаулығын тұрақты бақылау қалай жүргізіледі?
– Диспансерлік есепте тұрған науқастардың денсаулығын бақылау – аурухананың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай пациенттер тұрақты түрде дәрігерлердің бақылауында болып, денсаулық жағдайына қарай жоспарлы медициналық тексерулерден өтеді. Қажет болған жағдайда бейінді мамандардың консультациясы мен қосымша диагностикалық зерттеулер ұйымдастырылады.
Ал, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, қолданыстағы тәртіпке сәйкес диспансерлік есепте тұрған тиісті санаттағы науқастар қажетті дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етіледі. Дәрі-дәрмектер науқастың диагнозы мен медициналық көрсеткіштеріне байланысты тағайындалады.Пациенттерді жоспарлы қабылдауға шақыру, қажетті тексерулерден өткізу, емдеу тиімділігін бағалау және қажет болған жағдайда емдеу тәсілін түзету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.
– Тұрғындар арасында тегін берілетін дәрі-дәрмекті уақытылы ала алмай қалу немесе қажетті препараттың болмауына қатысты шағымдар кездеседі ме? Егер кездессе, аурухана мұндай мәселелерді қалай шешеді?
– Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі тұрғындар үшін өте маңызды екенін түсінеміз. Кей жағдайда дәрі-дәрмекті уақытылы алу немесе белгілі бір препараттың уақытша болмауына байланысты тұрғындар тарапынан өтініштер мен шағымдар түсіп жатады.Мұндай жағдайда әрбір өтінішті жеке қарауға тырысамыз. Егер қажетті препараттың қоры уақытша болмаған жағдайда, оның жеткізілу мерзімі нақтыланып, дәрі-дәрмек түскеннен кейін пациенттерге ақпарат беріледі. Қажет болған жағдайда дәрігермен бірлесіп, медициналық көрсеткіштерге сәйкес басқа препаратты тағайындау мәселесі қарастырылады.Сонымен қатар, дәрі-дәрмек қорының жағдайы тұрақты түрде бақылауда. Бұл мәселе бойынша жауапты маман бекітілген, дәрілік заттарды уақтылы сатып алу және жеткізуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізеді.
– Квота арқылы емделуге немесе операция жасауға мұқтаж науқастарға қандай көмек көрсетіледі?
– Ия, ауруханамызда квота яғни портал арқылы емделуге немесе ота жасату мәселесі қарастырылған. Ең алдымен, науқастың денсаулық жағдайы толық қаралып, қажетті медициналық тексерулер жүргізіледі. Науқас дәрігердің қарауынан өтіп, әрі қарай емдеу немесе ота жасау қажеттілігі анықталады. Медициналық қызметті басқа медициналық ұйымда алу керек болса, пациентке квота рәсімдеу тәртібі түсіндіріліп, тиісті құжаттарды жинақтауға және жолдаманы рәсімдеуге көмек көрсетіледі. Науқастың медициналық құжаттары белгіленген тәртіппен қаралып, ем алатын мекемеге жолданады.Сәйкесінше, басқа ұйымда медициналық көмек алатын пацинеттердің ота жасау уақыты сол ұйымға байланысты белгіленеді. Яғни, ота уақыты арнайы база бойыншаавтоматты түрде жасалады.
– Бүгінгі медицинада технология дамып келеді. Бірақ дәрігердің адаммен тіл табыса білуі бұрынғыдай маңызды. Сіздің пікіріңізше, заманауи дәрігер қандай болуы керек?
– Әрбір азамат ақ халатты абзал жанға дертіне шипатауып емделу үшін келеді. Кей жағдайларда дәрігер мен науқас арасында келіспеушілік болуы мүмкін. Бұндай жағдайда мен мәселені екіжақты қарауға тырысамын. Себебі, дәрігерлерде күнделікті қабылдаулардан бөлек диспансерлік есепте тұратын азаматтардың үйіне тексеру жұмыстарын жүргізеді,сондай-ақ ауруханамызда жылжымалы медициналық кешен жұмыс жасайды. Аталған кешен шалғайда орналасқан ауылдық округтерге шығып, тұрғындарды медициналық тексеруден өткізеді. Атқарылатын жұмыс көлемінің ауқымдылығына байланысты кей кездері түсініспеушілік орын алып жатады.
Заманауи дәрігер мен үшін – кәсіби біліктілігі жоғары, білімді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тұлға деп есептеймін. Бүгінде медицина қарқынды даму үстінде, жаңа технологиялар мен емдеу әдістері енгізілуде. Сол себепті, дәрігер жан – жақты ізденетін, білімі жоғары, кәсібилік пен адамгершілікті қатар алып жүретін маман бола білу керек.
– Бас дәрігер ретінде аурухана ұжымының кәсіби біліктілігін арттыруға және қызмет көрсету мәдениетін жетілдіруге қандай талап қоясыз?
– Науқаспен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және қызмет сапасын жақсарту, жұмысына ұқыптылықпен қарау. – ақ халатты абзал жанға қойыалтын маңызды талаптардың бірі. Сондықтан, барлық медицина қызметкерлері, дәрігер болсын, медбике болсын әрдайым сыпайылық пен мәдениеттілікті, жауапкершілікті бірінші орынға қойып жұмыс жасау қажет.
Басшы ретінде өз мамандарымның жұмысына мұқият қарауына ерекше мән беремін.
– Алдағы уақытта аудандық орталық ауруханада қандай жаңа жобалар мен өзгерістерді жүзеге асыру жоспарланып отыр? Аудан тұрғындарын қандай жаңалықтар күтіп тұр?
– Бірінші кезекте, әрине аурухана ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуы. Бұл аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Бұдан бөлек, ауруханамызға қажетті медициналық аппараттармен қамтамасыз ету мәселесі де маңыздылығын жоймайтыны анық.Ауруханамыздамедициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін бірқатар жоспарымыз бар.
Атап айтқанда: травмотологиялық бөлімше ашу, МРТ аппаратын орнату мәселесін қарастыру жұмыстарын жүргізетін боламыз.
– Алтыннан да қымбат уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рақмет!
– Оқасы жоқ! Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!
Сұхбаттасқан: Сабирәм ӘНВӘРОВА
