Адамның өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, олардың әл-ауқатын арттыруға ерекше мән берілген. Соның ішінде денсаулықты сақтау құқығының бекітілуі әрбір адамның өмірі мен саулығына қамқорлық жасаудың маңызын айқындайды. Конституцияның 32-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бекітілген. Сонымен қатар азаматтардың заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алу құқығы қарастырылған. Бұл нормалар денсаулық сақтау саласындағы құқықтық кепілдіктерді айқындап, азаматтардың өз құқықтарын білуіне және оларды заң аясында жүзеге асыруына негіз болады. Денсаулықты сақтау құқығының конституциялық деңгейде бекітілуі адамға қамқорлық жасау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және қоғамның тұрақты дамуына жағдай жасау қағидаттарымен тығыз байланысты. Өйткені денсаулық – әр адамның өміріндегі басты құндылықтардың бірі. Дені сау азамат өз отбасына қолдау көрсетіп, қоғам өміріне белсенді араласып, елдің дамуына үлес қоса алады. Осы орайда аурулардың алдын алу, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды. Сонымен бірге әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, оны сақтауға ұмтылуы да ерекше мәнге ие. Конституцияда бекітілген құқықтарды білу – оларды тиімді пайдаланудың алғашқы қадамы. Азаматтардың өз құқықтарын түсінуі, заңда көзделген мүмкіндіктерді пайдалануы және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауы қоғамдағы құқықтық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді. Қорыта айтқанда, денсаулықты қорғау – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мүддесі. Әр азаматтың денсаулығына құрметпен қарау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру – әл-ауқаты жоғары, тұрақты қоғам құрудың маңызды негізі.
Ұйғыр аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Сегізбаева Ақжан Тілеубердіқызы

