Алматы облысында «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңа жоба іске қосылғанынан хабардармыз. «Ауыл айнасы» деген атпен жүзеге асқан жобаға Алматы облысының мықтымыз деген жиырмадан аса ауылдары қатысты.

Бастаманың негізгі мақсаты – ауылдардағы тазалық мәдениетін дамыту, абаттандыру жұмыстарын жандандыру және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру. Әр тұрғын өз ауласын, есігінің алдын, көшесін таза ұстауды мақсат еткендіктен әр округ әкімі, әр тұрғын өз ауылының үлгілі атануы үшін атсалысқаны ақиқат. «Ауыл айнасы» байқауы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, үздік тәжірибелерді насихаттауға мүмкіндік берді. Жоба екі кезеңнен тұрды: аудандық және облыстық. Байқау барысында ауылдардың тазалығы, көгалдандыру деңгейі, абаттандыру сапасы, тұрғындардың белсенділігі және ортақ іске жұмылуы ескерілді. Үздік деп танылған ауылдарға арнайы жүлделер табысталатындығын да алдын ала білдік. Жалпы жүлде қоры 1 миллион 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейінгі бес арнайы сыйлықты қамтыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты тек жеңімпаздарды анықтау емес. Ең маңыздысы – ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығын арттыру, тазалықты қоғамдық құндылық ретінде қалыптастыру және елді мекендер арасында оң тәжірибе алмасу мәдениетін дамыту.
Соңғы жылдары Алматы облысында тұрғындардың қоғамдық бастамаларға қатысу белсенділігі артқандығын елді мекендердің тазалығы мен аулаларын гүлмен көмкеріп жатқан әрекеттерінен байқап жүрміз. Шүкір, бау-бақшамен қатар гүл өсіруді қолға алған тұрғындардың саны артқан сайын қуанамыз. Кез келген аулаға бас сұққанда жайнап тұрған гүлдерді көріп, көңілің көтеріледі. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасына үн қосқан кез келген қазақстандық келсін, келмесін жерге қалдықтарды, қоқыстарды тастамауды әдетке айналдырып, айналаның тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастырса нұр үстіне нұр болмақ.
Экологиялық акцияларға жастар ұйымдары, еріктілер, қоғамдық бірлестіктер мен ауыл белсенділері тұрақты түрде атсалысып келеді. Бұл өз кезегінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының қоғам санасына біртіндеп сіңіп келе жатқанын көрсетсе керек. «Ауыл айнасы» байқауы ауылдардың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың ортақ жауапкершілігін күшейтуге де ықпал етеді. Себебі таза ауыл – мәдениетті қоғамның айнасы.
9 қазан күні Шарын ауылдық округі облыстық «Ауыл айнасы» байқауы аясында жалпы ауылдық тазалық күнін ұйымдастырды. Оған ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін шықты. Ауылдың ішінен бөлек сырты, көше бойлары тазаланды. Қоқыстардан тазарған жерлерге ауылдың әр тұрғынының қолы тиді. Шын ниетпен атқарылған шаруаның нәтижесі көңіл қуантты. Облыстық деңгейдегі байқауда топ жарғысы келген ауылдастардың тілектері қабыл болып, Шарын «Үлгілі ауыл» атына лайықты деп танылды. Тазалық жұмыстарына ауылдық округке қарасты барлық мекемелердің қызметкерлері толықтай белсенділік танытты. Атап айтқанда, мекеме аулалары мен айналасы тазартылып, көшелердің бойы ретке келтірілді. Қоқыстар жиналып, қоғамдық орындар мен ауыл аумағын көркейту бағытындағы жұмыстар жүзеге асты. Осындай ортақ іске жұмылу – туған жерге деген жанашырлықтың, жауапкершілік пен бірліктің айқын көрінісі. Ауыл жастары, аналар кеңесінің мүшелері, «Қарадала» орман шаруашылығы мекемесінің, ветеринария саласының мамандары, білім беру мекемелері, аурухана, «Қазпошта», мәдениет үйінің, өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері, жалпы ауылдың тұрғындары, зейнеткерлер белсенділік танытқандықтан болар шарындықтардың байқау жеңімпазы атануы. Ауданымыздағы ең үлгілі ауылы атанған Шарынның тұрғындарына жеңістеріңіз құтты болсын дейміз. «Ауылына қарап – азаматын таны» деген тәмсіл бар. Шарынның азаматтары өздерінің ауылдарына деген шынайы жанашырлықтарын танытқан тұсы да осы болды. «Үлгілі ауыл» деген атына сай ауылдарыңыз бүгінгіден де көркейе түсуіне тілектеспіз.
Баян МАМЫРБАЕВА
