ПАРА – ҚОРЛЫҚ

0
42

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері сыбайлас жемқорлықпен күресіп келеді. 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылданып, 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қолданысқа енді. Мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіру, заңсыз әрекеттердің алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсетуді ашық ету бағытында да бірқатар шара жүзеге асырылды.

Соған қарамастан, жемқорлық мәселесі әлі де қоғам назарында. Бұл жерде заңның бар-жоғынан бұрын, оның қаншалықты пәрменді орындалатыны маңызды. Қағазға түскен талап өмірде жүзеге аспаса, оның қоғамдық салмағы да әлсірейді. Заңның әділдігі – бәріне бірдей қолданылуында. Қарапайым азамат заң бұзғаны үшін жауапқа тартылып, лауазымды адам жауапкершіліктен жалтарса, қоғамның  әділдікке деген сенімі әлсірейді.  Ал заңға деген сенім жоғалған жерде оны құрметтеу де қиындай түседі.

Ежелгі грек ойшылы Плутархқа телінетін «Қоғам игілігіне арналған істен өз пайдасын көздеген жан қабірді де тонауға қабілетті» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ортақ іске қызмет етуге берілген мүмкіндікті жеке пайдаға айналдыру – сеніп тапсырылған міндетке қиянат жасау. Мұндай әрекеттің зардабы мемлекеттік қаражатқа келтірілген шығынмен шектелмейді, қоғамдағы сенімге де нұқсан келтіреді. Сондықтан жемқорлықты тек жеке адамның ашкөздігімен түсіндіру жеткіліксіз. Оның өршуіне бақылаудың әлсіздігі, шешім қабылдаудағы жабықтық, жауапкершіліктен жалтару мүмкіндігі және кейбір қоғамдық түсініктер әсер етуі ықтимал.

Белгілі заңгер Айман Омарова жемқорлықтың себептерінің бірі ретінде парақорлықтың қоғамдық санаға сіңісіп кетуін атаған. Оның «Неге» ток-шоуында айтқан пікірінің түйіні – кейде адамға көрсетілген көмекті міндетті түрде қандай да бір сыймен немесе қызметпен қайтару  қажет деген түсініктің қалыптасуында.

Қазақ қоғамында ағайынға қол ұшын созу, туысқа қамқор болу, жақыныңның жағдайын жасау –  қалыптасқан ізгі қасиеттер. Алайда осы түсінік қызметтік міндетпен араласып кеткенде, мәселенің сипаты өзгереді. Танысын жұмысқа орналастыру, туысына негізсіз жеңілдік жасау немесе қызметтік мүмкіндікті жақынының пайдасына пайдалану кейде жақсылық жасаумен шатастырылады. Бірақ біреуге заңсыз жолмен берілген артықшылық екінші адамның заңды құқығын шектеуі мүмкін. «Бір азамат таққа отырса, қалғаны атқа отырады» деген сөздің астарында да осындай  мәселе жатыр. Қызметке келген адамды елге қызмет ететін тұлға емес, туыстары мен таныстарының мәселесін шешіп беретін мүмкіндік иесі ретінде қабылдау – қауіпті түсінік. Мұндай ортада қызметтің қадірі емес, одан кімнің қандай пайда көретіні алдыңғы орынға шығады.

Әрине, туысқа көмектесудің өзі жемқорлық емес. Мәселе көмектің заңды айналып өтуге, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалануға немесе өзге азаматтың құқығын шектеуге ұласуында. Адамдық жанашырлық пен қоғамдық жауапкершіліктің шекарасы осы тұста айқындалуға тиіс.

Жемқорлықпен күрес туралы сөз болғанда, жазаны қатаңдату қажеттігі жиі айтылады. Заң бұзған адам жауапкершіліктен жалтармауы керек. Бірақ жазаның ауырлығы ғана жемқорлықты жоя ала ма? Егер адамды теріс әрекеттен тек жазадан қорқу тежесе, бақылау әлсіреген кезде оның қайтадан заңсыздыққа бармайтынына  кім кепіл? Сондықтан жемқорлықпен күрес жазалау шараларымен қатар, оның алдын алуға да бағытталуы керек.

Айман Омарова балалардың құқықтық сауатын мектеп қабырғасынан бастап қалыптастырудың маңызын айтқан. Жақсы баға алу үшін мұғалімге сыйлық ұсынудың немесе мәселені заңсыз жолмен шешуге тырысудың дұрыс еместігін бала ерте түсінгені жөн. Бірақ құқықтық тәрбие заң баптарын жаттатумен ғана шектелмеуі керек. Бала адалдықтың мәнін, әділетсіздіктің өзгелерге тигізетін зардабын да ұғынуға тиіс.Өйткені бала үлкендердің айтқанынан гөрі, істегеніне көбірек назар аударады. Егер ол күнделікті өмірде біреудің таныс іздеп, заңды айналып өтіп, шаруасын тез шешкенін көрсе, мұндай әрекетті қалыпты жағдай ретінде қабылдауы мүмкін. Сондықтан адалдықты мектепте ғана емес, отбасында, қоғамдық ортада және мемлекеттік қызметте де үлгі ету қажет. Қоғамның үлкендері мен жауапты тұлғалары өз әрекетімен адалдықтың қадірін көрсете алмаса, жас ұрпаққа қойылатын талаптың пәрмені де төмендейді.

Сыбайлас жемқорлықтың себептерін талдағанда мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да сөз болады. Кейбір сарапшылар төмен жалақы мен тұрмыстық тұрақсыздықты заңсыз пайда іздеуге итермелейтін факторлардың бірі ретінде қарастырады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне лайықты ақы төлеу маңызды.

Елімізде мемлекеттік қызметті оңтайландыру және қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесі де көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы мемлекеттік қызметшілер санын 25 пайызға қысқартып, үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көтеру жоспарын жариялаған еді. Ал қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова төмен жалақыны жемқорлықтың басты себебі деп қарастыруға болмайтынын айтқан. Бұл пікірдің де мәні бар. Өйткені адамның әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды болғанымен, ол адалдыққа автоматты түрде кепіл бола алмайды. Бір адам аз табыспен күн көруге тырысса, енді бірі қолындағы мүмкіндігіне қарамастан, көбірек пайда табуға ұмтылуы мүмкін. Демек, мәселе тек жалақыда емес, адамның жауапкершілігінде, бақылау жүйесінде және заңсыз әрекетке жол берілмейтін орта қалыптастыруда.

Жемқорлықтың алдын алудың маңызды жолдарының бірі – мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру және қызмет көрсету үдерістерін цифрландыру. Азамат мемлекеттік қызметті алу тәртібін анық білсе, өтінішінің қаралу барысын қадағалай алса және шешімнің қандай негізде қабылданғанын түсінсе, делдал іздеуге деген қажеттілік азаяды. Ал әрбір шешімнің негізі ашық болып, заңсыз әрекеттерге бақылау күшейсе, жауапкершіліктен жалтару қиындай түседі. Дегенмен цифрландырудың өзі жемқорлықты түбегейлі жоя алмайды. Электрондық жүйенің артында да шешім қабылдайтын адамдар бар. Сондықтан технологиялық жаңғыру мемлекеттік органдардың есеп беруімен, қоғамдық бақылаумен және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерімен ұштасуы керек.

Мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен мүлкіне қатысты заңда көзделген мәліметтердің ашықтығы да маңызды. Алайда ашықтық тек ақпарат жариялаумен шектелмеуі тиіс. Оның мәні – күмәнді жағдайларды тексеруге, заң бұзушылықтарды анықтауға және тиісті шара қолдануға мүмкіндік беретін жүйенің қалыптасуында.

Сингапурдың бұрынғы премьер-министрі Ли Куан Юдің есімі жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибесімен жиі байланыстырылады. Бұл тәжірибеден түйетін негізгі сабақтардың бірі – билік өкілдерінің заңсыз әрекеттеріне төзбеу және лауазымына қарамастан, барлығына бірдей талап қою.

Шынында да, жоғары лауазымды тұлғалар жауапкершіліктен жалтарса, өзгелерден заңды құрметтеуді талап ету қиын. Заңның беделі оның қаталдығымен ғана емес, баршаға бірдей қолданылуымен өлшенеді. Әділдік біреуге міндет, екіншісіне мүмкіндік болмауға тиіс. Мемлекеттік қызметтің қадірі лауазымның биіктігімен емес, халық алдындағы жауапкершіліктің орындалуымен анықталуы керек.

Жемқорлықтың зардабы кейде бірден байқалмайды. Заңсыз берілген келісімшарт сапасыз жолға, негізсіз жасалған жеңілдік басқа азаматтың құқығының шектелуіне, мақсатсыз жұмсалған қаражат елге қажетті жобаның орындалмай қалуына әкелуі мүмкін. Мұндай шешімдердің артында көзге көрінбейтін шығын, ал олардың зардабын тартқан адамдардың тағдыры тұрады.

Бұдан да ауыр салдары – адал еңбекке деген сенімнің әлсіреуі. Егер адам жетістікке біліммен, біліктілікпен емес, таныстықпен немесе ақшамен жетуге болады деп ойласа, қоғамның құндылықтары өзгере бастайды. Біліктіліктің орнына байланыс, еңбектің орнына айла, әділдіктің орнына жеке мүдде шыққан жерде елдің дамуы да тежеледі. Сондықтан жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік қаражатты қорғау емес. Бұл – азаматтың құқығын қорғау, адал еңбектің қадірін сақтау және қоғамдағы әділдік өлшемін жоғалтпау жолындағы күрес.

Жаңа Қазақстан құру туралы сөз болғанда, өзгерісті ұранмен ғана өлшеуге болмайды. Шынайы жаңару заңсыздыққа көз жұма қарамаудан, қызметтік мүмкіндікті жеке пайдаға пайдаланбаудан, таныстықты әділдіктен жоғары қоймаудан басталады. Мұнда мемлекеттік жүйенің жауапкершілігі ерекше. Өкілеттігі мен мүмкіндігі мол адамның қоғам алдындағы міндеті де жоғары болуы керек. Мемлекет заңсыздыққа жол бермейтін жүйе қалыптастырып, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға міндетті. Ал қоғам заңды құрметтеп, әділетсіздікке төзбеуді үйренуі қажет.

Бәлкім, жемқорлықтың ең терең тамыры өзгені айыптай тұрып, өзімізге тиімді болғанда заңды айналып өтуге дайын тұратын қайшылығымызда жатқан шығар. Біз әділдік талап етеміз, бірақ сол талап өз мүддемізге қайшы келгенде оны қаншалықты қорғай аламыз?

Парасыз қоғам құру бір күндік науқан емес, ұзақ мерзімді ортақ мұрат. Оның нәтижесі қабылданған заңдардың санымен емес, олардың қалай орындалатынымен, азаматтың өз құқығын қорғай алуымен және адал еңбектің бағалануымен өлшенеді. Өйткені параның құны тек берілген ақшамен есептелмейді. Оның өтеуі жоғалған сенім, аяқасты болған әділдік, бағаланбай қалған еңбек. Ал осы шығынның ауыртпалығын көбіне заңсыз пайда таппаған, бірақ оның зардабын тартқан адамдар көтереді. Ендеше, жемқорлықпен күрестің шынайы жеңісі қанша адамның парамен ұсталғанынан ғана көріне ме? Әлде пара беруді де, пара алуды да қажет етпейтін әділетті жүйе қалыптасқанда ғана нәтижеге жеттік деп айта аламыз ба?

Парасыз қоғам  тек заңсыздық азайған қоғам емес,  адал еңбектің бағасы бар, азаматтың құқығы қорғалған, әділдікке деген сенім  жоғалмаған қоғам. Ал сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕМЛЕКЕТШІЛ БОЛҒАНДА ЕЛІМІЗ КӨРКЕЙЕДІ

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес с…