Қоғамның тұрақты дамуы мен ел ішіндегі тыныштықты қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – заң үстемдігін орнықтыру және қоғамдық тәртіпті сақтау. Заңға құрметпен қарау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әр адамның өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы – құқықтық мемлекеттің негізгі белгілері. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы айрықша. Қазақстан Республикасының 2026 жылы қабылданған жаңа Конституциясының кіріспесінде Әділетті Қазақстан идеясымен қатар «Заң мен Тәртіп» қағидатын ұстану нақты көрсетілген. Сонымен бірге Ата Заңның 3-бабында заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттің қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде бекітілген. Бұл құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың конституциялық маңызын айқындайды. Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты ұғым емес. Ол әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі іс-әрекетінен көрініс табуы тиіс. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау, белгіленген талаптарды орындау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау және заң бұзушылықтарға жол бермеу – құқықтық мәдениеттің негізгі көрсеткіштері. Қазіргі кезеңде құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастар арасында заңға құрмет сезімін қалыптастыру өзекті бағыттардың бірі болып отыр. Әсіресе жас буынның құқықтық білімін жетілдіру, олардың бойында жауапкершілік пен тәртіп дағдыларын қалыптастыру қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Себебі заң талаптарын білетін және өз құқығы мен міндетін түсінетін азамат қоғамдық ортада да жауапты әрекет етеді. Осы бағытта Ұйғыр ауданында да ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Аудандық мекемелер мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы негізінде тұрғындармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, түсіндіру шаралары және жастармен профилактикалық кездесулер ұйымдастырылуда. Іс-шаралар барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден сақтану, алаяқтықтың алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне назар аударылады. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттерге құқықтық тәртіптің маңызы түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау, өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет ету ғана емес, оның алдын алуға бағытталған қоғамдық түсінік қалыптастыру. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда отбасының, білім беру ұйымдарының және жалпы қоғамның да жауапкершілігі жоғары. Балаға кішкентай кезінен тәртіп сақтауды, өзгенің құқығын құрметтеуді және жасаған әрекетіне жауап беруді үйрету – саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызды бөлігі. Ал қоғамдық ортада заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуы азаматтардың құқықтық жүйеге деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғамда әр азамат өзінің құқығы қорғалатынын сезініп, қоғамдық өмірге сеніммен араласа алады. Сондықтан бұл қағидаттың жүзеге асуы мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымына да байланысты. Қорыта айтқанда, заңға құрмет – елге құрмет, тәртіпке бағыну – ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау баршамыздың бірлескен іс-қимылымызды талап етеді. Әр азамат заң талаптарын сақтап, өз құқығы мен міндетін терең түсінген жағдайда ғана құқықтық мәдениеті жоғары, қауіпсіз әрі жауапты қоғам қалыптасады.
Ұйғыр аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Перизат Сембекқызы

