Ұйғыр ауданында өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, ел тарихын құрметтеуге баулу және Отан алдындағы жауапкершілікті арттыру мақсатында «Жас өрт сөндірушілер» клубының мүшелерімен «Қазақстан тәуелсіздігінің қаһармандары: әскери және азаматтық ерлік» тақырыбында ерлік сабағы өткізілді.
Тағылымды кездесуге запастағы бірінші дәрежелі капитан Мамбеталиев Бауыржан Оразайұлы қатысып, жас өрт сөндірушілермен ерліктің мәні мен маңызы туралы ой бөлісті. Сабақ барысында әскери және азаматтық ерліктің қоғам өміріндегі орны, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапкершілік пен батылдықтың маңызына назар аударылды.
Ерлік – тек қиын сәтте батылдық таныту ғана емес, сонымен қатар елге адал қызмет ету, өз міндетін абыроймен орындау және айналасындағыларға көмек көрсету. Әсіресе өрт сөндіруші мамандығы адам өмірін сақтап қалуға, төтенше жағдайларда жедел әрі дұрыс шешім қабылдауға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Осындай кездесулер жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, батырлық пен отансүйгіштіктің қадірін түсінуге ықпал етеді. Сонымен қатар клуб мүшелерін тәртіпке, жауапкершілікке және ел игілігі жолында қызмет етуге баулиды.
Ерлік сабағы жас өрт сөндірушілер үшін тағылымы мол кездесу болып, Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық борышты терең түсінуге мүмкіндік берді.
