Жақында Финляндияда тұратын бір қазақтың әлеуметтік желіге жариялаған жазбасын оқып, ойға қалдым. Автордың айтуынша, бұл елде жарамды киім-кешек пен тұрмыстық заттар қажетсіз болғаны үшін қоқысқа тасталмайды. Арнайы дүкендерге өткізіледі, мұқтаж жандарға беріледі немесе қайта өңделеді.
Қолданылған затты сатып алу да ұят саналмайды. Өйткені финдер үшін маңыздысы – дүниенің жаңалығы емес, қажеттілігі. Осыны оқып отырып, өзіміздің бұрынғы тәрбиеміз еске түсті.
«Нанды баспа», «Асты қорлама», «Судың да сұрауы бар», «Обал болады» деген сөздермен өстік. Бір үйдің бірнеше баласы бірінің киімін бірі киіп, дастарқандағы нанның қоқымын шашпай жинайтынбыз. Барды бағалау біздің тұрмысымыздың ғана емес, дүниетанымымыздың бір бөлігі еді.
Тоқсаныншы жылдардағы жоқшылықты да ұмытқан жоқпыз.
Бір үзім нанға зар болған, киімін жамап киген отбасылар аз емес еді. Сол қиындықтардан қандай сабақ алдық? Бірде теледидардан қоқысқа тасталған нандарды жинап, мал азығына дайындап жатқан кәсіпкерді көрдім. Сонда бір апамыздың: «Аса тоқшылық та жақсы емес екен. Біз осы ас үшін қынадай қырылғанбыз», – деген сөзі есіме түсті. Бұл жоқшылықты аңсау емес, молшылықтың қадірсіздікке айналуына деген өкініш. Абайдың «Қанағат, рақым, ойлап қой, бес асыл іс, көнсеңіз» деген өсиеті осындайда ойға оралады. Қанағат дегеніміз барға мәз болып, әрекетсіз отыру емес, қажеттілік пен орынсыз құмарлықтың ара-жігін ажырату, қолдағыны қадірлеу. Абай сынаған орынсыз мақтан бүгін де бар: біреулер қажеті үшін емес, өзгеден қалмау үшін қымбат киім мен көлікке ұмтылады. Сөйтіп, заттың бағасын біле тұра, қадірін ұмытады. Ысырапшылдық тек дастарқаннан көрінбейді. Жарамды дүниені сәннен қалды деп лақтыру, қажетсіз зат сатып алу, тағамды мөлшерден артық әзірлеу де осының белгісі. Бір үйде ас артылып қоқысқа кетсе, екінші үйде соған зәру отбасы болуы мүмкін. Мұның бәрін бір ғана үнемсіздікпен түсіндіре алмаймыз, бірақ әрқайсымыз өз әрекетімізге жауап бере аламыз.
Финляндияның тәжірибесінен үйренетініміз сол елдің тұрмысын көшіріп алу емес, жарамды дүниені кәдеге жаратуға деген көзқарасы. Бізде де ескі заттар сатылатын дүкендер, қайырымдылық ұйымдары бар. Алайда қолданылған киімді қажет ету кейде намыс саналса, қажетсіз дүниеге шығындану қалыпты көрінеді. Неге біз заттың пайдасынан бұрын оның сыртқы бағасына мән береміз?
Әрине, қайырымдылыққа қатысты да екі жақтың жауапкершілігі бар. Көмек көрсеткен адам мұқтаж жанның қадір-қасиетін құрметтеуі керек, ал көмек алушы да ұсынылған дүниенің артында біреудің еңбегі мен ықыласы тұрғанын ескергені жөн. Ең бастысы мұқтаждықты мінездің кемшілігіне балап, адамдарды бірдей кінәламау.
Қазақтың «Обал болады» деген тәрбиесі де, Құрандағы ысырапқа қарсы ескерту де бір ойға саяды: қолдағы несібені орынсыз рәсуа етпеу. Бірақ мұны сөз жүзінде мойындап, іс жүзінде ескермесек, тәрбиенің мәні қайда қалады?
Біз қымбатшылыққа шағымданамыз, бірақ кейде өзіміз де барымызды қадірлемейміз. Ұлттық дәстүрді мақтан тұтамыз, алайда сол дәстүрдің күнделікті өмірдегі қарапайым қағидаларын ұмытып барамыз. Ысырапшылдықты тек бір адамнан немесе бір ұрпақтан көру дұрыс емес. Бұл отбасы тәрбиесіне, қоғамдық мәдениетке, тұтыну дағдысына қатысты мәселе. Азық-түлікті мөлшермен сатып алу, жарамды киімді кәдеге жарату, қажетсіз шығыннан бас тарту әркімнің қолынан келетін іс. Ал сауда орындары мен мемлекеттік мекемелер тағам қалдықтарын азайтуға, қайта өңдеуді дамытуға жағдай жасауы керек.
Бізге жоқшылықты аңсау емес, өткеннің өнегесін сақтау қажет. Бір үзім нанның қадірін білу үшін ашығуды, жарамды киімді бағалау үшін мұқтаждықты күтпейік. Молшылықтың шынайы өлшемі қолдағы дүниенің көптігі емес, оның қадірін білу. Ал барды бағалай алмаған қоғамның байлығы да баянды бола ма?
С. БАЗАРҚҰЛОВА
