Басты бет Заң және қоғам Сананы тазартпай салиқалы қоғам құра алмаймыз

Сананы тазартпай салиқалы қоғам құра алмаймыз

0
441

Сыбайластық, жемқорлық туралы күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан, теледидардан естіп жатамыз. Бәленбай басшы ұсталыпты, түгенбай шенеунік пара алыпты, әйтеуір осы іспеттес хабарламалар әлеуметтік желілерді де жаулап жатыр. Бірақ айтқаннан, жазғаннан шығып жатқан нәтиже көңіл көншітеді дей алмаймыз. Иә, жемқорлық немесе жең ұшынан жалғасқан сыбайластық деген жаман қасиет екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бірақ соның жолын кесе алмай келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы кеңестер өткізіп, қоғамды, елді, мемлекетті жемқорлардан тазарту керектігін қатаң айтып келеді. Қолымыз, жүрегіміз таза болуы үшін ең алдымен санамызды тазартуымыз керек шығар. Әр мемлекеттік қызметкер өз ісіне адал болып, жұмысына жауапкершілігі артқанда жемқор жеген жаман аттан құтыларымыз анық.

Санамызды жаңғыртпай белгілі нәтиже шыға қояды деп айта алмаймын. Әсіресе мемлекеттік қызметке келетін жастардың бойын тазалыққа, санасын адалдыққа бұрмай бұл дертпен күрескеніміз күрескен. Жұмысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы са­на қалыптасқан жағдайда адам адам­гершілікке жат қылықтардан бой­ын аулақ ұстай бастайды, заңға қай­шы ке­летін әрекеттерді жасауға жол бер­мейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұрғанын айтып, үлкен алаңдаушылығын білдірді. Мәселе шынымен де күрделеніп барады. Жалпы, егеменді ел болып, есімізді жинағалы қоғамымыз осы дертпен күресуде. Жемқорлық – жегі құрттың тура өзіне айналды. Адам өлтіру ауыр қылмыс деп жатамыз, ал одан да сорақысы – осы жемқорлық. Осының кесірінен көптеген елдер батпаққа батқан көліктей, не алға жылжуға, не кері айналып өтуге еш мұршасы жоқ. Коронавирустық пандемия көп нәрсенің бетін ашты. Осы сәтте адам өмірі тайталасқа түскенде жүректері тас болған кейбір шенділер дәріден, басқадан бас пайдасын іздеп, науқастардың біразын емдеуге шамамыз келмей қалы. Өкінішті әрине. Бұл жемқорлықтың басынып, өз шегіне жетуі. Дәріханаларды қаптап тұратын аспириннің зарын көрді қарапайым халық. Халықтың көнгіштігі қаншама адамдардың зор қиындықтарды бастан кешуіне мәжбүр етті. Тек тәртіп бар жерде ғана жарқын болашақ қалыптасатындықтан, ол заңмен реттелуі керек.

Президентіміз осының бәрін «балталап шабуға» бағытталған шараларды тізбектеп, сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беру керектігін айтты. Көк байрағымызда көкке самғаған бүркіттің бейнесін халқымыздың арман-мақсатының символы деп танысақ, оның қанатын кең ашып, еркін самғауына кедергі ететін де жемқорлық. Мұны жеңбей, еш ісіміз оңбайды.  Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Дәл жас бүлдіршіндеріміз, студент пен оқушыларымыз жемқорлық дегенде жиіркенетіндей сезімде болуы керек. Жалпы бұл кесел жоқтықтан туындайды. Жетпеген дүниені біреудің есебінен, мемлекеттің қаржысынан жымқыру қалу үшін де жаман қадамға барады. Әр шаңырақ «біреудің ала жібін аттама, ешкімнің ақысын жеме» деген қағиданың төңірегінде өмір сүретін бұрындары. Жасөспірім үлкендердің алғыс-тілегіне бөленіп өсетін. Ал қазір осы құндылықтар басқа арнаға бұрылып кеткендей. Өзім мемлекеттік қызметшімін. Яғни мемлекет сеніп тапсырған жұмысына ең алдымен адал болу міндетім. Мен сол үшін өзіме тиеселі еңбекақымды алып отырмын. Біздің қазынашылық бөлімінде барлық операциялар электронды түрде жүзеге асырылады. Сондықтан бармақ басты, көз қысты әрекеттер бізде болмайды. Санамызды тазартпай салиқалы қоғам құра алмаймыз. Ал ол үшін тапқан табысымыз отбасымызды асыруға жетіп жатса, туған жерімізге деген патриоттық сезіміміз жүрегімізде тулап жатса, мемлекетімізге деген адалдығымыз асып-тасып жатса жемқорлықсыз, таза қоғамда өмір сүретін боламыз деген сенімдемін.

Гульмира САЙДИМОВА,

аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…