Алматы қаласында өткен жылдың 21-22 желтоқсан күндері «Techcup-2022» Алматы қаласы әкімінің кубогына робототехника және инновациялық технологиялар бойынша VII ашық чемпионат өтті. Оның мақсаты – балалар мен жастардың инновациялар мен инженерлік әзірлемелер саласына қызығушылығын ынталандыру, ІТ-құзыреттіліктерін дамыту және танымал ету, балалар мен жастар арасында таланттарды анықтау және қолдау. Чемпионатқа Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінен 7 жастан 22 жасқа дейінгі әртүрлі жас топтарында 700-ден астам команда қатысты.
Солардың ішінде біздің ауданның балалары өз жобаларымен қатысып қайтқандықтарын мақтанышпен айтуға болады. №1 Шонжы орта мектебінің 10 сынып оқушылары Исаев Бақытжан Рустамұлы мен Марсалинов Талғат Марсұлы мүгедектерге қолжетімді орта деген тақырыпты қаузап, аудан көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық ортада емін-еркін көппен бірге жүрулері, оларға тиімді жағдайлар жасаудағы өзіндік жобаларын ұсынды. Елдегі кіл мықтылармен бірге оларға жол бастап барған информатика пәнінің мұғалімі Зайнетдинова Сахидям Саурдинқызының еңбегін бағалау керек. Балалармен бірге арнайы сайт ашып, онда аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыстарын жеңілдетуге арналған инженерлік жобасын ұсынды. Чемпионатта негізінен инженерлік жобалар, бағдарламалау, ІТ-дегі бизнес, 3D-модельдеу, роботтар жарысы (VEX, сумо, желі, кегельринг) ұсынылды. Мұнда елдің әр түкпірінен келген талантты балалар бір-бірімен тәжірибе алмасып, сондай-ақ білім беру идеялары мен жобаларының авторлары көптеген жаңалықтарды бірлесе отырып ашуға мүмкіндік туғызатындығы. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 4 млн теңгеден асады. Сонымен қатар республиканың бірқатар жетекші жоғары оқу орындары чемпионат жеңімпаздары (мектеп түлектері) үшін 2023 жылға арналған 15 білім грантын бөлді.
Осындай қомақты чемпионаттан оралған өнертапқыш балаларға өзінің ізгі тілегі мен ағалық батасын беру үшін Ұйғыр аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің «ӘвлияЧоқа» корпоративтік қорының президенті Итахун Бакриев Бақытжан мен Талғатты аудандық кітапханаға арнайы шақырып, өзінің ыстық ықыласын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан да жаңалыққа жаны құмар ұландардың игі бастамаларына табыс тіледі. Итахун Бакриев екі жігітке 50000 теңгеден сыйлығын ұсынды. Ал ұстазы Сахидям Саурдинқызына алғысын арқалатты. Талабы бар балалардың ынтасын әрі қарай ұштап, алдағы уақытта мұндай жобаларда жүлдегер атануларына тілектерін білдірді. Өнертапқыштық – таланттың бір ұшы десек, бұл бағытта балаларымыздың бағы жанса екен деп тілейік.
Баян МАМЫРБАЕВА