Бүгінгі күннің басты талабы – жас ұрпақтың саналы да сапалы біліммен қарулануы болып отыр. Ойы мен санасы жоғары, білімі ұшқыр ұрпақ қалыптастыра алсақ ел ертеңіне алаңдамай баянды ғұмыр кешеріміз хақ.
Аудан мектептерінде жаңаша үрдіс белең алды. Білім бөліміне келген жаңа басшы жаңаша жұмыс істеуді ұсынды. Мектеп қабырғасындағы оқу, тәрбие ісі өз ішімізде өтіп, өз қазанымызда қайнайтын. Ендігі жерде әр мектеп өз тәжірибелерімен бөлісуді жолға қойып, оның алғашқы қадамы басталып та кетті. «Ашық есік» деп аталатын шара аудан орталығындағы мектептерден бастау алып, біздің Ақтам орта мектебіне де жетті.
«Білім алушылардың функционалдық сауаттылықтарын арттырудағы зерттеу және жобалау жұмыстарының рөлі» тақырыбында өткен шараға ауданның әр мектебінен өкілдер қатысты.
Алдымен келген қонақтар өздерінің көп отыратын әлеуметтік желілері: «Тик-ток», «ҮоuТube», «Facebook», «Instaqram» парақшалары жасалынған экранға суретке түсіріліп сол желілер алдындағы «QR» код белгіленген білезіктер тағылып, топқа бөлінді. Бұл әдіс соңынан қатысушылардың өткізілген шараға кері байланыс берулеріне мол мүмкіндік жасады.
Қонақтар мектеп ғимаратындағы ұйымдастырылған әдістемелік жұмыстар мен тағлымы мен үйретері мол көрнекіліктермен танысқан соң мәжіліс залына жиналды. Мектебіміздегі «Балдәурен» оркестрінің орындауындағы әуенмен шара шымылдығы ашылды. Қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алған мектеп директоры Қарлығаш Диқанбай «Табысты мектеп моделінің» жоспарымен таныстырды.
Шара төрт бағытта өтті. «Тарих тағылымы» тақырыбында тарих пәнінің мұғалімдері Ж.Сарсекова, Р.Есенбаеваның ұйымдастыруымен батыр қызымыз Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына байланысты «Қаһарман қызы қазақтың» атты тарихи кеш жасалды. Онда «Үзілген моншақ» сахналық қойылымы ұсынылды. Кеңестер Одағының батыры Мәншүк Мәметованың өмірінен сыр шертетін бұл көрініс жиналғандарды селт еткізбей қоймады.
«Бір отбасы, бір кітап» тақырыбында тарих пәнінің білікті маманы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Джакипованың ұйымдастырған шарасы, «Үш тұғырлы тіл» тақырыбын таныстырған қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері А.Кегенбаева, К.Имирова, В.Сайдалимовалардың қаншалықты тер төккендіктері бірден байқалды. Бастауыш сынып мұғалімдері «Білім еліне саяхат» жасатса, «Мен оқыдым, сен де оқы» тақырыбы бойынша өз тәжірибесімен бөліскен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Давлетов, «Шеберлер ауылы» тақырыбында көркем еңбек пәнінің мұғалімі, әлеуметтік-педагог Т.Тепеев пен көркем еңбек пәнінің мұғалімі М.Бакиевтің жасаған «Әжемнің ертегілері», «Логикалық STEM» жобалары әріптестерінің қолпаштауына ие болысты.
Математикадан К.Иманғазиеваның «Бір айнымалысы бар көпмүшенің жалпы түрі» тақырыбындағы сабағы, ағылшын тілінен З.Наманованың «Музыкалық аспаптар» туралы талқылауы, ұйғыр тілінен С.Сонурованың жазушы Жамалидин Босақовтың «Көч-көч» романы аясындағы педагогикалық бағыттағы талдауы, қазіргі әлемдік педагогикада кеңінен қолдау тауып келе жатқан «Lesson Study» жобасы аясындағы зерттеу сабақтары біраз жанға ой салды.
«Оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын арттырудағы мектепішілік жобалардың рөлі», «Зерттеу сұрағын қалай нақтылауға болады?» коучингтері де өз деңгейінде өтті. Мектеп Парламентінің «Өзін-өзі тану және бақыт» фракциясының және дарынды оқушылардың «Жас ғалым» қауымдастығының жұмысы да тартымды жеткізілді. Бұл ғылыми жобаға республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болған 19 оқушымыз бар. Соның 10-ы өздерінің зерттеу жұмыстарын қонақтарға көрсетіп, қорғап шықты. «Тәлімгерлер мектебі», «Зерттеу сұрағын қалай нақтылауға болады?» тақырыбында қазақ тілі мен ұйғыр тілінің мұғалімдері Ғ.Қыдырбаева, Р.Қамаевалар коучинг өткізді. Барлығы да аса жоғары дәрежеде өтті дей аламыз. Келген қонақтар да кесте бойынша жасалған барлық шараларға белсене қатысты. Мектеп залдарындағы көрнекіліктер мен жаңа әдістерді тамашалап, керегін қоржындарына салды.
Кез келген жұмыстың қорытындысы болады. Шара соңында барлық меймандар мен мектеп ұжымы бірлесе отырып аталмыш күннің нүктесін қойды. Тәжірибелі басшы А.Розыбакиев атындағы орта мектебінің директоры Суджата Имиршаева сөз алып, білім беру мекемелері арасында үздік идеялар таратылды деп ауыз толтырып айтуға болатынын, озық түрде тәжірибе алмасу болғанын, келушілердің құралақан қайтпай кәсіби біліктіліктерін арттыруына мол мүмкіндіктер жасалғандығын атап өтті.
Аудандағы «Lesson study» жобасын өз мектебінде табысты жүргізіп келе жатқан Сұңқар орта мектебінің директоры Бейбіт Алғазиев Ақтам орта мектебі мұғалімдерінің жұмысына жоғары бағасын берді.
Соңынан сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметжанқызы мен әдістемелік орталығының басшысы Э.Рысмендиева бүгінгі ашық сабаққа өздерінің ой, пікірлерін айтып, озық тәжірибелердің жүйелі түрде жалғасын табу керектігін де ескертті.
«Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» дегендей жаңа ғасыр педагогі талапқа сай болып, сапалы әрі сан қырлы, тәрбиелік, білімділік қызметтерді ойдағыдай атқара білгенде ғана ұстаздық мақсатына жетеді. Біздің де мақсатымыз осы.
Мұқаметқали ҚАПСАЛАНОВ,
Ақтам орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі