Биыл азаттық алып, бабалар ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізенімізге 32 жыл болады. Ал тәуелсіздіктің бастауына алғашқы нық қадамдар 1990 жылы 25 қазанда жасалған еді. Дәл осы күні ел егемендігі туралы декларация қабылданды. Міне, содан бері тәуелсіздігіміздің дамуы жолындағы әр қадам нағыз жігерлілікпен, жоғары жауапкершілікпен жасалды.
Тәуелсіздігіміздің арқасында басты құжатымыз Ата Заңымыз қабылданды. Еліміздегі әр азаматтың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ететін Конституциямыз – басты бағдарымыз, қадірлі құжатымыз. Сол арқылы Қазақстан атты мемлекетті Отан еткен әр жан өз құқығын қорғайды, азат елдің азаматы ретінде барлық мүмкіндікті пайдалана алады. Ұлт пен ұлысқа, діні мен діліне бөлмейтін біздің Ата Заңымыз мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуды, қазақстандық патриотизмді дамытуды көздейтін, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешетін құндылығымен ерекше.
Осы тәуелсіздігіміздің бас құжатынан бастау аатын еліміздегі барлық заңдардың орындалуын қадағалайтын прокуратура органдары. Прокуратура кез келген заң бұзушылықты анықтап, оны жою шараларын қабылдайды. Заңға қайшы келер қандай да бір әрекеттің де аяғына тұсау салатын прокуратура органдары. Құқығы бұзылып, азаматтық ары тапталған жандар да бүгінде біздің мекемеге келіп, өз арыз-шағымын жеткізіп жатады. Басшылығы тарапынан қысым көріп, негізсіз жала жабылса да, бастаған ісінің аяғы шықпай, жалған бюрократизмнің құрбанына айналып, сабылса да азаматтарымыз біздің есікті қағады. Кәсіпкерлік ісіне заңсыздықтар тосқауыл болған кәсіпкер де, ұрының құрбанына айналған шаруа да, өз шағымын қанағаттандыра алмаған кез келген қарапайым азамат та осы пркуратура саласының табалдырығынан аттап жатады. Бұл – заң үстемдік құрған қоғам екендігіміздің, біздің азаматтар прокуратура саласы мамандарының әділдігі мен жауапкершілігіне сенім артқандығының дәлелі. Біз кез келген азаматтың арызын қанағаттандырып, тәуелсіз еліміздің әр азаматы заңмен өмір сүруге, барлық жақсылыққа лайықты екенін түсіндіруге тырсамыз. Жылап келген ананы жұбату, шағымданған жанның шешімін атуып беру – міндетіміз ғана емес, азаматтық ұстанымымыз болуы керек. Өйткені біздің азаматтар – тәуелсіз қазақ елінің байлығы, қазынасы.
Әр азаматқа жұмақ мекен болған тәуелсіз Қазақстанымыз айбынды Ата Заңымыздың, қуатты экономикамыздың, жүйелі саясатымыздың арқасында әлі де қарыштай бермек. Сонау 1990 жылдың 25 қазанынан басталған тәуелсіздігіміздің тірегі мығым болғай! Еліміз аман болып, азаматтарымыз аттан түспесін!
Бауыржан ҚЫБРАЕВ,
аудан прокуроры
#republicdaykz
#kzdayrepublic