Отан деген не? «Отан» деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттармен, ақ жаулықты әжелеріміз тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу – әрбір азаматтың борышы. Рас, ықылым заманалардан бері тағдыр тәлкегіне батылдығы мен байыбын, ақыл-парасатын қалқан ете білген баһадүр бабаларымыздан мұра болып қалған мына Ұлы Далада тек қазақтар ғана өмір сүрмейміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін біраз тарихқа көз жүгіртіп көрейік.
Демограф – ғалымдар Ә.Ғали мен Д.Ғалидің мәліметтерінше, тарихи тұрғыдан Қазақстанның шығыс аймағына ХVIII ғасырдың ортасында алдымен орыс, казак және украин шаруалары келіп қоныстанған болатын. Бірінші толқынды православие шіркеуі қудалаған христиандықтың ескі нанымын ұстанушылар, екінші толқынды 1906 – 1910 жылдардағы Столыпин реформасының дүмпуімен қоныс аударған шаруалар тобы құрайды.XIX ғасырда Қытайдан екі толқынмен дүнгендер мен ұйғырлар көшіп келген. Осы кезеңде төбе көрсеткен қырғыздардың алғашқы легі қазақтардың ішіне сіңіп үлгірген.
XX ғасырдың 30 жылдары Қазақстанға кеңес одағының халықтары арасынан бірінші болып күштеп көшірілген қиыршығыстық кәрістер қоныстандырылды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары (1942 – 1944 жылдар) Еділ бойындағы немістер, Кавказ және Кавказ сырты халықтары көшірілді. Мигранттардың бір бөлігі 1938-1950 жылдар аралығында орын алған саяси қуғын-сүргіндердің үлесіне тиеді. Бұдан соңғы ірі қоныс аудару тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде жүргізілді. Нәтижесінде қазақ даласының солтүстік және орталық аумағында славян және солтүстік халықтарының ірі этникалық топтары пайда болды. Мұнымен қатар 1960-1970 жылдары өз алдына еңбек миграциясының үдерісі жүріп жатты. Мысалы Маңғыстау облысына 1960 жылдары қырғыздардың еңбек мигранттары, Алматыға сібірліктер көшіп келді.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мүлдем жаңа үрдістер пайда болды. Шығысславян этностары мен неміс диаспорасының тарихи отандарына оралуы республика ішіндегі миграцияны күшейтіп, еуропалық тұрғын халықтың орнын Кавказдан келген ноғай мен құмық, Өзбекстаннан келген қарақалпақ сияқты түркітілдес халықтар өкілдерінің басуына әкелді. Онымен бір мезгілде эмигранттардың қайтып оралу үрдісі де байқалды. 2001 жылдың өзінде 50 мыңның үстінде орыс, 5 мың неміс, 2 мың кәріс, 8 мың украин және т.б. ұлт өкілдері республикаға қайтып оралған. Қазіргі кезде Қазақстанда ұлтаралық қатынас тұрақтанды. Қазақстанның бастамасымен, ТМД аясында сыртқы саясатта бірқатар маңызды шаралардың іске асуы және қолайлы экономикалық жағдайдың жасалуы елге алыс шетелден – Еуропадан, АҚШ – тан, Скандинавиядан және Таяу Шығыс елдерінен қоныс аударып келушілердің санын арттырып отыр.
Көші – қон халықтардың тарихи тағдырына әрқалай із қалдырды.
Бүгінде олардың қай-қайсысы да өздерін Қазақстанға қоныс аудару үдерісінің қай кезеңінде болсын, тарихи жағдайдың биігінен табыла білген қазақ ұлты ұйытқы – өзегін құрап отырған туған Отанымыздың бір бөлшегі ретінде сезінеді. Иә,тек сезіну жеткіліксіз! Ұлы мақсатымыз — бірге күйіну, қасиетті мекеннің әрбір тасын, киелі топырағының әрбір түйірін бірге қорғау! Гёте: «Адам баласының бойындағы ғаламат қуаныш пен ерекше бақыт шуағын – туған жерге сүйіспеншілік сезімінен көремін. Отанды сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күю. Жер мен еліңді жаулаған басқыншының тозағына қарсы тұру, ерік-жігеріңді оятып дұшпаныңды қуып шығу, сол сәттегі азаттықтың пейіштегідей жәннәтіне бөлену. Шаттықтың шырқау шыңы – өз Отаныңның заңдары сені қорғайтынын көру. Адам үшін одан артық бақыт болмайды», – деп ойын түйеді. Отанға деген сүйіспеншілікті ұлы ақынның осы ғаламат сөздерінен артық жеткізу мүмкін бе?!
Бабаларымыз бағзы заманнан армандаған осы күнге оңай жеттік пе? Тар жол, тайғақ кешуге тап болса да, теңдіктің туын көкке көтерген қазақ сан ғасырлар бойы азаттықты аңсап өтті. Ереуіл атқа ер салып, елім деп өткен есіл ерлердің ерлік жолдары бүгінде тарихтың қалың беттерінде хаттаулы. Олардың соқтықпалы соқпақтарда сынбаған сағы, езілмеген еңсесі өскелең ұрпаққа өлмес өнеге. Ал елімізде тұратын ұлыстардың арасындағы татулық пен тыныштық, халықтың ынтымағы қолымыз жаңа жеткен тәуелсіздігіміздің кепілі.
Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Отансыз боп көрген біздер білеміз!
Керек қылса, жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,
Қазақ үшін Отан — жалғыз, Ту — жалғыз!, – деп жырлайды жетпістің жотасына шығып, кеше ғана дүниеден озған, қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының дамуына айрықша үлес қосқан арда азамат, әйгілі ақын Несіпбек Айтұлы.
Міне, алда туған Отанымыз Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі күні таяп қалды. Осы айтулы мерекені көру Ұлы Даланы мирас еткен ұлы бабаларымыздың Ұлы арманы еді.
Әлемге көз салсақ республика күнін тойлайтын елдер қатары жетіп артылады. Ол қатардан азуын айға білеген Американы, демографиялық әлеуеті күшті Қытайды көресің. Италия мемлекеті де Республика күнін дүбірлетіп тойлауға құмар халық. Посткеңестік мемлекеттердің біразы ресми декларациялары қабылданған күнді Республика күні ретінде атап өтеді. Оның ішінде Әзербайжан мемлекеті де бар. Ал бауырлас Түркия мемлекеті Республика күнін біз секілді қазан айында атап өтеді екен.
Өткен жылдың маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мейрам» мәртебесін беру қажет екенін мәлімдеді.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деген болатын Қ.К.Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Қадірлі ағайын! Республика күні біздің санамызда жаңғыратын маңызды мереке болу керек. Бұл күндері концерт өткізіп, түрлі іс-шаралармен ғана шектелу аз. Анығында республика күнінің мағынасын, елге, тәуелсіздікке деген үлкен ұғымды түсіндіретін ағарту жұмыстарын жүргізу міндетті.
Тәуелсіздік қай елдің болмасын басты игілігі. Баға жетпес құндылығы да сол! Ендеше біздің де тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оны бастауы – Республика күні де ерекше маңызға ие болуы шарт. Әрине, алдымен оны жастарымыз ұғынуы керек. Ұлттық рухты көтеретін мереке деңгейіне көтерілсе құба-құп.
Серік ОРАЗАЛИЕВ,
Шарын ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы
#republicdaykz
#kzdayrepublic