Басты бет Саясат БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ – БІР ҰҒЫМ

БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ – БІР ҰҒЫМ

0
1,651

Әлем елдерінде орын алып жатқан түрлі саяси келеңсіздіктер мен толқулар, наразылықтар мен қақтығыстарға қарап өз еліміздің ертеңі үшін алаңдамай жүре алмайтындығымыз рас. Осы орайда отыз жылдық тәуелсіздіктен кейінгі қадамында біздің жас мемлекетіміз де бір сүрініп барып тұрғандығы баршамыздың есімізде. Кешегі қанды қаңтар оқиғасының қабырғамызды қайыстырып, шаңырағымызды шайқап кеткеніне 2 жылға жуық уақыт толып бара жатса да көз алдымызда жаңа ғана болғандай ұмытылмастай тарихқа із салып кеткендігі айқын. Ел тағдырындағы осы бір қайғылы кезең ырысымызды алып, берекемізді қашырып, талайлаған тағдырларды қыршын қиып кетті. Алайда бірқатар шындықтың шаңын қағып, көз алдымызға шығарып, тұңғиықта жатқан біршама ақиқаттың судың бетіне қалқуына себепші болып, ауқымды саяси реформалардың орындалуына, әділетті болашаққа қарай қадам жасауымызға айтарлықтай арқау болғандығы жасырын емес. Осыдан кейін ел Президенті босаңсытсаң болмайтын, бос отырсаң ауатын асау қоғамның тізгінін мықтап ұстап, тақымды күшейте түсу керек екендігін ұғынғандай елді басқарудың жаңа тәсілдеріне ден қоя бастады. Жалпы ел тарихындағы осы қанды оқиғаның орын алуына дейін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының қазығын қағып, ел мен биліктің арасында шынайы байланыстың болуын мықтап қолға алған болатын. Ал қанды қаңтардан кейінгі саяси реформаларға сәйкес әділетті болашақ құруға, әділетті қоғам қалыптастыруға, жалпы әділетті Қазақстан идеясын іске асыруға әрекет ету қажеттігін бірінші орынға қойғандығынан баршамыз хабардармыз.

Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл ретте Президент мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемаларкөбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі шенеуніктер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екендігіне назар аударды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық даңғылында еліміз экономика мен халықтың әл-ауқатын көтеру, сынаптай сырғыған заманның ағымына ілесу үшін бәсекеге қабілетті қоғам құру жолында үздіксіз еңбек ету жолында болды. Ал енді үні шықпаған жалғыздың, шаңы шықпаған жаяудың күйін кеше бастаған қарашаның қамына кірісіп, шырылдаған халықтың үніне, көкейдегі күрделі мәселені көтерген жұрттың жан айқайына құлақ аса білетін мемлекет ретінде өзімізді орнықтыруымыз керектігін алға тартты. Бұл бізді әділетті Қазақстанның жарқын болашағына жетелейтін қадам болмақ.

Бүгінде билік пен халықтың арасындағы үзілуге аз қалған байланысты жандандырып, халықтың аманатын арқалап, мәселесін шешуге қызмет ететін жергілікті атқарушы органнан бастап барлық биліктің баспалдақтарында арнайы тетіктердің қарастырылғандығын білеміз. Елдің билік басындағыларға өтініш білдіру үшін сабылып қағаз тасуы бүгінде оңтайландырылып, Е-өтініш қызметін іске қосқандығы баршаға мәлім. Көпшіліктің үніне мемлекет барынша құлақ түруі үшін осындай заманауи құралдар жұмысын бүгінде өте тиімді атқаруда. Жергілікті билік өкілдері жиі азаматтарды қабылдау кестелері, әкімдердің жылына 4 рет халық алдында есеп беруі, халық қалаулыларының ел ішінде көптеп жүруі сынды маңызды шаралардың барлығы дәл осы халықтың үніне құлақ асу мен әділетті қоғам құру үшін жасалған мүмкіндіктер мен сенімді қадамдар деп айта аламын. Сыбайластықтың тамырына балта шабу үшін бірінші басшының өз қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекетіне жауаптылығы сынды заңның қатаң тұстары да – әділетті Қазақстанның жарқын болашағын таза әрі әділ құру үшін жасалып жатқан игі шаралардың бірі. Жалпыұлттық ынтымақ пен бірлік, қоғамдық келісім мен ауызбіршілік сынды басты құндылықтарды да сақтай білу және осы бағытта ұрпақты тәрбиелеу сынды нағыз жауапты жұмыстар – бүгінгі Қазақстан үшін аса қажетті жұмыстар.

Халықтың үнін тыңдап, үніне үн қоса білетін мемлекеттің билігі біртіндеп оң жолға қойылып келе жатқандығы байқалады. Осыған сенім артайық. Осы елдің көк туы мен ұлттық құндылықтарын арқалап мәңгілік болашағына, тұғырлы тәуелсіздігін алып әділетті келешегіне бірге қадам жасайық, ағайын!

Құндыз САБЫРБАЙ,

аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт

 бөлімі басшысының у.м.а

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…