Қазақтың даласында орындалатын салт-дәстүрлердің әрқайсысының өзіндік тәрбиелік мәні, әлеуметтік маңыздылығы, ұлттың ерекшелігін айқындап тұратын өзіндік биік бағасы бар. Осы игі дәстүрлердің ата-бабадан аманат етіліп, ұрпаққа жетіп жатқандығын ескеріп, оның өміршең болуын, заман ағымына қарай өзгеріске ұшырап бұзылып кетпеуін қадағалау, қаз-қалпында артымыздағы ұрпаққа табыстау біздің басты мақсатымыз болуы керек. Әр мезгілдің ерекшелігіне қарай, табиғаттың заңдылығына, қоршаған ортаның құбылысына қарай түрлі салт-дәстүрлерді өмір-салтымыздың басты бір бөлігі еткен ата-бабамыздың, қазақ халқының көрегенділігінде шек жоқ қой шіркін!? Осындай ел тарихында өзіндік орны бар салт-дәстүрдің бірі –Қымызмұрындық. Әуелі әңгімемізді өрбітпес бұрын жалпы осы атауы да өз алдына ерекше қазақтың ұлттық дәстүрінің түпкі мағынасына тоқталып өтейін. Қымызмұрындық – бие байлап, нағыз табиғи таза қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдарды, туған-туыс пен алыс-жақындағы ағайынды «Қымызмұрындыққа» шақырған. Осылайша көреген ата-бабаларымыз көптен көріспеген ағайын-туыстың амандығын білу үшін, туыстың арасын суытпай, ағайынның арасын жақындату үшін, көршімен бауырдай етене жақын болу үшін, ауыл мен ауыл біте қайнасып араласу үшін осы бір игі дәстүрді тарихқа енгізіп, бірін-бірі қымызға шақырып, қымызмұрындық тойын жасайтын болған. Қымызмұрындық жусанының жұпары аңқыған, көк шалғыны кілемдей көмкерілген, қызылды-жасылды гүлі құлпырған қазақтың көңіліндей кең даласының ең сұлу жерлерінде ат шаптырып, қазан қайнатып, балуан күрестіріп, қыз қуып, бәйге шауып, көкпар тартып, думандатып аталып өтілген. Даламызға дарыған, бабамыздан берілген, қанымызға сіңген осындай тамаша салтымызды жоғалтып алмас үшін, ел мен жердің тарихын дәріптеп, ұлттық құндылығымызды ұлықтау үшін күні кеше дәл осы дәстүрді тағы бір мәрте жаңғыртып, әйгілі Аспантаудың етегінде, Қарқараның жазығында, Мыңжылқының шалғынында қымызмұрындық тойын Алаштың ардақты ұрпағы дүркіретіп атап өтті.
Енді көптің көңілінде қонақтаған, жүрегінде ұялаған, аузынан түспей айтылып жүрген осы бір қымызмұрындықтың болғаны мен боладысын бір баяндап өтейік. Аталмыш тойдың өтуіне ең әуелі Алматы облысының әкімдігі, облыстық қоғамдық даму орталығы, Кеген ауданының әкімдігі қолдау танытты. Онымен қоса осы бір игі дәстүрдің аталып өтілуін алғашқы болып Кеген ауданының су жаңа әкімі Теңізбаев Нұрбақыт бастама ретінде көтеріп, оның ерекше ұсынысы өңір әкімі Марат Елеусізұлының қолдауын тапқан екен. Осылайша өзі аудан әкімі болып тағайындалған күннің ертесіне Кеген ауданының тарихында қалатын қазақтың ұлы дәстүрін ұлан-асыр той ретінде дүркіретіп атап өтуге білек сыбана кірісіп кеткен. Бұл тойдың болуы осылай басталған болса, оның өткізілетін орны да өте керемет таңдалғандығын барып көзбен көрген көпшіліктің ерекше таңданыстарынан-ақ аңғарып жаттық. Тәкаппар таулардың кең құшағында көсілген Қарқараның жазығына жалғасып жатқан бабалардың тұлпарының тұяқ ізі қалған Мыңжылқы жайлауында өткізілген қымызмұрындыққа облыстың барлық өңірінен мыңдап адамдар ағылды. Етегіне жиылған жұртты әуелгіде сәл салмақты қабақ танытып, жаңбырымен күтіп алған күнгей Алатауы қазақтың тойы басталғандығын сезді ме, басындағы бұлтын сыпырып тастап, аспанын шәйдай ашып, қолайлы ауа-райын тудырып берді. «Қымыз фестивалі» деген атау алған дүбірлі тойдың ашылу салтанаты ресми өткізіліп, «Кеген» халықтық театрының дайындаған дәл осы дәстүрді дәріптейтін сахналық қойылымымен бастау алып, алғашқы құттықтау сөз Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Байеділовқа ұсынылды. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтардың жаңғыруына себеп болып отырған осындай ұлы тойлардың жиі өткізілуі салт-дәстүрдің ғұмырлы болуына септігін тигізетіндігін атап айтып, ел-жұртты мерейлі күнмен шын жүректен құттықтады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының шашбауын көтеріп, ұлттар достығын дәріптеп келген, мемлекеттік тілдің жанашыры атанған Асылы Османға да арнайы сөз кезегі беріліп, ақ самайлы әженің де ақжарма тілегі көпшілікке арналып айтылды. Ел ағасы, беделді ақсақал Стахан Белғожаев та осы ұлы тойда сахна төріне шақырылып, халқына арнаған алақандай жүрегіндегі Алатаудай тілегін ақтарып айтатын сәті туды. Осылайша елдің тізгінін ұстап, көшін ілгері сүйреп келе жатқан тұлғалардың тілегінен кейін ашылу салтанаты көпшілікке арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Кеген өңірінің ауылшаруашылық саласының жетістіктері мен ерекшеліктерін көрсететін көрме көптің назарына ұсынылды. Әшекей бұйымдар, ұлттық ас, ұлттық өнер, төрт түлікті кәсіп еткен шаруалардың саулық қойлары мен іріқарасы, жылқы мен түйе де көрмеде көрсетілді. Аймақтың ауылшаруашылығын иірімге келтіріп отырған түрлі заманауи техникалар да барша жұрттың назарына ұсынылды.
Ашылу салтанатынан кейін шараның маңыздылығына сәйкес бие байлаған шаруалардың бие сауудан шеберлік сағаттары көрсетіліп, қымызды ашыту мен сақтаудың технологиялары айтылып, нағыз сары қымыздың дәмі қонақтарға ұсынылды. Алыстан менмұндалаған, жайлаудың жазығына сап түзеген киіз үйлерде қонақтарға дастарқан жайылып, ас та төк тағам ұсынылып, табақ-табақ ет тартылып, нағыз тойдың салтанаты құрылды. Боз кілемде түйе палуандар бақ сынасып, қошқар көтеріп, спорттық сайыстар да тойдың сәнін кіргізіп жатты. Ат десе ішкен асын жерге қоятын қазақ Мыңжылқының баурайындағы аламан бәйгені сүйсіне тамашалап, арқаланып, тұлпары жүгірген атбегілер тақымын қысып, қиқулап тойдың отын одан әрі алаулатты. Бәрін айт та бірін айт барған да, бармаған да арманда жүретін дүбірлі думанды тойдың бірі болды.
Ойым сергек… Қиялым, сергек денем,
Қарқараның жазығын тербеп келем.
Шаранасын тепкілеп шарқ ұрып ой,
Бұлқынады нәресте – жөргекте өлең, — деп қасиетті Қарадаланың ақыны Нұрлан Оразалиннің көмейіне өлең салған Қарқараның тамашасы мен Мыңжылқының сұлу келбеті кімді де болса тамсандырмай қоймайтындығына көзіміз жетті. Ұлттық болмысымыз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін, әлемге паш ететін осындай ауқымы кең шаралардың жиі-жиі өтіп тұруының пайдасы ұшан-теңіз. Әр сәтті жақсылыққа балаған қазақтың көңіліндей кең даласында пейіліндей думанды тойлар дүркіреп өте берсін!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ