Аудандық мәдениет үйінде атақты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Аққу болып өрілген – күй төресі» атты концерттік бағдарлама өтті. Ғасырда бір туар, мүмкін тумасы белгісіз тұлғалардың ішіндегі шоқтығы биігі – Нұрғиса. Оның дарыны мен Алла берген тума таланты тек қазақты ғана емес жалпы өнерсүйер халықтардың барлығын да тәнті еткені мәлім. Шетел асып қазақтың күй өнерін шыңырау шыңына шығарып кеткен жанның өнері асқақтай түспесе еш төмендеген емес.

Кеш «Аққу» күйімен ашылды. Қазақ киносының шоқжұлдызы «Қыз-Жібек» фильмі үшін жазған Нұрғисаның «Аққуы» музыкадағы теңдесі жоқ шығарма. Құс екеш құсты да әуезді әнге балқытып, билету тек Нұрғисаның қолынан келді десек артық кете қоймаспыз. «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы «Аққу» да шебер жетті көрермен құлағына.
Күй атасы Құрманғазы деген тәмсілдің жадымызға сіңімді болғаны соншалықты, Нұрғисаны да күй атасы дегіміз кеп тұрады да, Құрманғазы бабамыздан қысылып қалатын сияқты боламыз да тұрамыз. Сахнадан дәулескер күйші Н.Тілендиевтің өмір жолынан бейнебаян ұсынылды. Оның шығармашылығы, жаңа туынды жасар кездегі көңіл-күйі, адами болмысы бәрі-бәрі толық жеткізілді көрерменге.
Концерт тізгінін қолына алған Еркебұлан Нұржақып қазақтың әйгілі күйші, композиторы, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, КСРО халық әртісі, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 500-ден астам туынды жазғандығын, 50 ден астам драмалық спектальдармен, 20 дай кинофильмге музыка жазып, қазақ сахнасы мен экран өнерінің классигіне айналған тұлға екендігін айтты. Сонымен бірге ұлы сазгер 400 ге тарта ән мен романстың авторы, 50ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазғандығын жеткізді. Бір адамның бойына осыншама дүние қалай сыйған деген ойға еріксіз кетесің. Талант берсе де Құдай үйіп-төгіп бере салады екен-ау. Қазақ домбырасының Құрманғазы мен Тәттімбеттен кейінгі тарландарының бірі, туған халқы үшін барынша еңбек еткен, шың дарын иесі, ойлы да сезімтал, білімді, қазақ халқының рухани музыка мәдениетін көтеруге атсалысқан атақты, талантты композитор, дирижер туралы сағаттап әңгімелеуге болады. Ұйып тыңдай бергің келеді.
Ары қарай концерттік бағдарлама тарту етілді. «Алтын дән» мен «Мұрагер» күйін «Жазеркенің» әртістері орындап шықты. Г.Дәулетбай «Кел, еркем, Алатауыма» әнін өзінің керемет дауысымен ұсынды. Ән мен күйдің кеші керемет көңіл-күй сыйлады. Мәдениет үйі жанындағы екі ансамбльдің өнерпаздары күйші, композитордың шығармаларынан тартымды концерт ұйымдастырды. Рухани ләззат алғызып, ұлы тұлғаның дарынын паш етіп, күй деген бізге ғана тән өнердің дәмін татқызып, алай-дүлей күй сыйлады. Әндері де қандай керемет десеңізші.
Нұрғиса Тілендиев артына – өлмес мұра қалдырған композитор. Ол –қазақтың музыкалық әлеміне дара жол салған – темірқазық!
Нұрғиса Тілендиев оқшау дара тұлға. Зор талант иесі. Халқымыздың ақындық, әншілік, шешендік, күйшілік, композиторлық рухы, күш-қуаты бір басында тоғысқан жаратылысы жомарт біртуар жан. Нұрғиса мұрасы – қазақтың баға жетпес қазынасы. Өнері өлмеген Нұрғиса Тілендиевтің рухына бас иіліп, оның әндері мен күйлері жаңғырған кештен қанаттанып шықтық.
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ
