Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, ел бірлігін нығайтуға және қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды құжат. Конституцияның кіріспесінде бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына ерекше мән берілуі еліміздің қоғамдық дамуындағы осы құндылықтардың маңызын айқындай түседі. Көпэтносты Қазақстан үшін қоғамдық келісімді сақтау мен өзара құрметті нығайту – тұрақтылықтың басты шарттарының бірі. Елімізде түрлі этнос өкілдері ортақ шаңырақ астында өмір сүріп, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Әр этностың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау, тілдік және рухани мұрасын сақтау, азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету қоғамдағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді. Жаңа Конституцияның 3-бабында Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарында жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, қоғамдық диалогты дамыту, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету көрсетілген. Бұл қағидаттар қоғамдық келісімді нығайту ісінің құқықтық негізін айқындап, мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігін көрсетеді. Конституцияда бекітілген қоғамдық келісім қағидаты тек заңнамалық нормалармен шектелмейді. Ол күнделікті өмірдегі сыйластықтан, өзара түсіністіктен, көршілер арасындағы татулықтан, түрлі мәдениет өкілдерінің бірлескен бастамаларынан көрініс табады. Сондықтан бірлік пен ынтымақты сақтау әрбір азаматтың саналы ұстанымына айналуы тиіс. Осы бағытта қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің атқаратын рөлі ерекше. Олар ұлттық мәдениетті дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге және қоғамдағы өзара құрметті нығайтуға үлес қосады. Түрлі этнос өкілдерінің мәдени іс-шараларға, қоғамдық бастамаларға және ортақ игілікке бағытталған жұмыстарға қатысуы азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұйғыр ауданы да мәдениеті мен салт-дәстүрі сабақтасқан, түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан өңірлердің бірі. Ауданымыздағы қоғамдық келісімді сақтау, тұрғындар арасындағы өзара түсіністікті арттыру және ортақ құндылықтарды дәріптеу – баршамызға ортақ міндет. Әрбір азаматтың ел тыныштығына, қоғамдық тұрақтылыққа және ауданның дамуына жауапкершілікпен қарауы маңызды. Жаңа Конституцияда бекітілген бірлік пен ынтымақ қағидаттарын қолдау – осы құндылықтарды күнделікті өмірде жүзеге асырудан басталады. Өзге мәдениетке құрмет көрсету, қоғамдық мәселелерді өзара диалог арқылы шешу, жастарға татулықтың маңызын түсіндіру және ортақ мүдде жолында бірлесе әрекет ету – қоғамдық келісімді нығайтудың нақты көріністері. Конституцияның мәні – мемлекеттің құқықтық негіздерін белгілеумен қатар, қоғамның ортақ мұраттарын айқындауында. Ал сол мұраттарды өмірде жүзеге асыру әрбір азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты. Бірлік пен келісімге негізделген қоғам ғана алға қойған мақсаттарына сенімді қадам басып, келешек ұрпаққа тұрақты әрі бейбіт өмір қалдыра алады. Сондықтан жаңа Конституцияда айқындалған жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттарын қолдау – ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі. Татулықты сақтау, өзара құрметті арттыру және ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы біз Қазақстанның тұрақты дамуына және біртұтас қоғамның нығаюына өз үлесімізді қоса аламыз.
Конституция – ел бірлігінің, қоғамдық келісімнің және ортақ жауапкершіліктің берік негізі. Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды болсын!
Ұйғыр аудандық «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысы Құсайынов Асқар Қайратұлы

