Басты бет Көкжиек МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАУ

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАУ

0
1,442

Биыл елімізде 172 мыңнан астам жеткіншек білім ошағын тамамдап, үлкен өмірге қанат қақты. 162 мың түлек ҰБТ тапсырып, он бір жыл алған білімдерін сынға салды. Олардың 135 мыңы шекті бал жинап, жоғары оқу орнына түсуге талапкер атана алды. Сонымен қатар 11 жыл бойы «инемен құдық қазғандай» жинаған білімдерін сындарлы сағатта дәлелдей алмай, опық жеген бітірушілер де аз емес. Десек те, мектеп бітірген әр түлектің алдында тағы бір маңызды қадам күтіп тұр. Ол – мамандық таңдау. Қазіргі уақытта қаладағы қай ЖОО-ның маңайына көз сүзсең де, ығы-жығы халықты көресің. Дені – жастар. Нақтырақ айтсақ, тестің теперішінен өтіп, болашағына бағдар болатын мамандық таңдауға келген жеткіншектер. Ал олардың бірі – қалаған мамандығына құжатын тапсырып қойғанымен, түсер-түспесін білмей дал болса, енді бірі – әлі күнге дейін қандай мамандық таңдарын білмей шарқ ұрып жүр. Себебі бірі – ҰБТ-дан жинаған балына қарап, бірі – бөлінген грант санына қарап тосылады. Ал қалтасында қаржысы барлар оған бас ауыртып жатпайды. Бірақ ешкім «бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары», «қазаққа қажет қарекет қайсысы» деген сауалдарға ойланбайды. Шындыққа көз жүгіртсек, қай ата-ана болсын «әйтеуір оқып, қолына дипломын алса болды, ары қарай көре жатармыз» деп баласының ертеңіне көз сүзбейді.

Осыдан біраз жыл бұрын жастардың дені заңгер, экономист, қала берді, кеденші болуды армандайтын. Сондықтан да бірнеше жыл бұрын жоғары оқу орындарын бітіргендердің көбі, яғни 4-тен 3 бөлігі аталмыш мамандық иегерлері екен. Себебі жастар «заңгер болсам, ақшаны күреп табам», «экономист болсам, ен байлықты белшеден кешіп жүрем» деп ойлайды. Тіпті қыруар қаржы төлеп, баласын осы мамандықта оқытқандар да жетіп жатыр. Рас, ол мамандық иелерінің табысы өзгелерге қарағанда қомақты болар, бірақ бәрінің жұмыс тауып, айы оңынан туары екіталай. Аяғында бірі – базар жағалап, баласын асыраса, бірі – тіпті құрылысшы, күзетші болып, күнін күйттейді. Ал соңғы жылдары талапкерлер таңдайтын мамандықтардың көшін ақпараттық технологиялар саласы бастап тұр. Бағдарламашы болуды армандайтындардың көшін Гипократ антын қабылдап, дәрігер болуды қалайтындар тізімі жалғапты. Алғашқы үштіктің қатарын шет тілі мұғалімі болуды мақсат еткендер толықтырған. Сондай-ақ менеджмент және басқару, ақпараттық қауіпсіздік, аударма ісі, математика мұғалімі, медбике ісі, коммуникациялық технологиялар, биология пәні мұғалімі маамандықтары алғашқы ондықта екен. Бұл мәліметтер JOO.kz онлайн платформасында жүргізілген арнайы зерттеуде анықталған. Талапкерлер тарапынан дәл осы мамандықтарға деген сұраныстың артуы осы салаларға бөлінетін гранттар санының көптігімен байланысты болуы да мүмкін. Өйткені себеп біреу – грант иегері атану. Қалғанын кейінгі күннің еншісіне ығыстыра саламыз.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі күнде елімізде білікті дәрігерлер, сәулет және инженерия саласы мамандары, шығармашылық дизайнерлер, күзетшілер, аспаздар мен бала күтушілер, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп саласы мамандары жеткіліксіз. Ал астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мамандары мен механик, картогроф, геодезист мамандығына еліміз аса зәру. Сонымен қатар күнделікті өмірімізде ауыл шаруашылығына қажетті мал дәрігерлері, агрономдар, өсімдіктерді қорғау мамандары, инженер-механиктер, инженер-электриктер, жерге орналастырушылар, зоотехниктер жетіспейтінін де көзіміз көріп жүр. Бір қызығы бұл мамандықтар бойынша білім алғандардың дені өз саласында еңбек етуге де құлықсыз. Бұған себепті біріншіден жалақының аздығы болса, екіншіден жастардың дені ауылға барып, еңбек еткісі келмейді. Осылайша оқымады деген аттан алыс болып, балы төмен грантты ұтып алып, әупірімдеп білім алып, артынша дипломды сырлы сандықтың түбінде сақтап, басқа салаға бет бұрып жүргендер сан көбеймесе азаймай тұр. Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – дейді. Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған мамандықтың шебері бола алады, яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау. Бірақ кейбір ата-ана, туған-туыс оған мән бермей, жеткіншектің көңілі қаламаған мамандыққа еріксіз апарады. Оның нәтижесі қандай? Олардың бірі – оқудан шықса, бірі – қаламаған мамандығы бойынша ілініп-салынып жұмыс істеп жүреді.

Бұл үшін мамандар баланы жастайынан түрлі салалармен таныстырып, таңдауына құлақ асып, өзіндік пікірін қалыптастыру маңызды екенін айтады. Балаға таңдау жасатпаудың салдары «өз ісін» таба алмаушылар қатарын толықтырады. Бұл – үйде де, мектепте де, қоғамда да назарда ұсталуға тиісті қағида. Осы мақстатта Ұйғыр ауданының жастар ресурстық орталығы тың бастаманы қолға алды. «Менің болашақ мамандығым» атты ашық есік күнін аудандағы өндіріс орындарында өткізді. Алғашқы ашық есік «OTAN Green Food» құс фабрикасында өтті. Ұйғыр ауданындағы он төрт ауылдық округтегі жастар нұсқаушыларымен қатар ауыл жастары құс фабрикасына барып, мұндағы жұмыстармен танысып, бұл саланың болашағының жарқын екендігіне көз жеткізді. Құс шаруашылығын дамыту ел экономикасының өрістеуіне ықпал етеді. Демек өндіріс орнының болашағы зор. Сондықтан да осы саладағы мамандар қажеттілігін толықтыру, жастардың осы салаға қызығушылығын арттыру мақсатындағы кездесу өз деңгейінде өтті.

Құс фабрикасының технолог маманы Бекарыс Дәулетұлы жастардың әр сауалына жалықпай жауап беріп, аталмыш кәсіпорынның барлық жұмысымен таныстырды. Балапандардың өсіп жетілуінен сатылымға шығарғанға дейінгі аралықтағы  жұмыстар түгелдей көрсетілді. Күнделікті мұндай істердің қыр-сырымен тынысып көрмеген жастарға бұл тың жаңалық болғаны да анық. Тіпті ауданымызда осындай ауқымды өндіріс орынының бар екенін естігенімен көзбен көрмегендерін айтып таңданысты. Аталмыш мекемеге қандай мамандықтардың тапшы екендігін сұрағандар да болды. Мұнда да сол баяғыша ветеринар, электрик, есепші мамандықтарына сұраныс көп. Бірақ маман тапшы.

Бұл кездесу көп жастың көкірек көзін ашып, болашақ мамандықтарын жаңылыспай таңдауға бір қадам болса да оң ықпал еткені анық. Сол себепті Ұйғыр аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жәнібек Айғожаевтың айтуынша, осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын таппақ. «Бүгінде жоғары оқу орнын бітіргендердің 40,1 пайызы оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Себеп бала кәсіп таңдауда жаңылады. Мамандығын жаңылмай таңдауы үшін жас жеткіншек әр кәсіптің қыр-сырын игеруі тиіс. Сондықтан да біз ауданымыздағы әр сала мамандарымен жастарымызды кездестіріп, олардың өмірлік жолдарын адаспай табуларына титтей де болса ықпал етсек, біздің бір мақсатымыздың орындалғаны», – дейді Жәнібек Абиырұлы.

Тағы да Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөзін мысалға алуды жөн санап отырмыз. «Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді. Өз жолымен қызмет істемеген адамның жұмысы берекесіз болғаны өз алдына, ондай адам ісіне көңілі жарымағандықтан өмірге, тағдырға налып, зарланып, бақытсыз жан болып күнелтеді. Әр адамның еңбегі қашан жемісті болмақ? Әркім «өз орнында» қызмет істегенде ғана», – дейді ғалым. Сондықтан да әр жас мамандық таңдауда тек жүрек қалауына жүгініп, «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…