«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті.
Замана ағымына қарай кітапхана қорын толықтыру, жастарды оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған акция – «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы. Шараның мақсаты – халықтың рухани байлығын дамытып, кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, оқырман мен кітапхана арасын нығайту және жас ұрпақтың білімді де мәдениетті болып тәрбиеленуіне үлес қосып, жастардың кітап оқуы үшін оларды кітапханаға тарту.
Осы Республикалық акция аясында әл-Фараби атындағы аудандық кітапхана қазынасына көптеген кітаптар келіп түсті. Аудан тұрғындары өз үйлеріндегі кітаптарды орталық кітапханаға өткізіп акцияны үлкен үрдіске айналдыра бастады. Соның нәтижесінде кітапханадағы кітап қоры сыйға тартқан кітаптармен толыға түсті. Бұл өте керемет бастама екені даусыз, өйткені бір ғана сөреде болмаса қараңғы жерде бастырылып жатқан кітаптар аудандағы бүкіл оқырманның көз алдында жарқырап тұрмақ.
Ал, кеше ғана «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы аясында ақын, Алаш әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан аудандық кітапханаға 250 кітапты сыйға тартып кітапхана қызметкерлерін қатты қуантты. Кітапхана директоры Аида Жаппарқызы «Бұл – бұрын соңды болмаған оқиға, ең көп кітапты біздің кітапханаға ешкім сыйға тарпаған екен», – деп өз қуанышын жасырмады. Кітап сыйлау акциясына арнайы шақырылған қонақтар әрі кітапхананың тұрақты оқырмандары аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов пен ардагер ұстаз, ақын Мамытқан Құдайбергеновтар ақын Бақыт Беделхан сыйлаған кітаптардың тұсауын кесті, тілектерін жаудырып ақын інілеріне өз ризашылығын білдірді. Осы шараға қатыстан аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ешмұхаметқызы жаңа кітаптарды ауданымыздағы барлық мектеп жастарына таныстыру қажет екенін, сонымен бірге, білім нәрін кітаптан іздеген бүгінгі күннің сауатты жас оқырмандарының іденімпаздығын арттыратын дүние екенін айтып өтті.
Кітап оқу – адамға өзіндік әсер етіп, оның адам болып қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын, кітап оқу мен кітапханаларды қолдау – қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін ескере отырып, «Кітапханаға кітап сыйла!» қайырымдылық акциясын ары қарай жалғастыруға өз үлестеріңізді қосыңыздар демекпіз.
Жазира БАҚАЕВА,
кітапханашы