Өмірдің мәнін оның ащы-тұщысын, ыстық-суығын көрген адам ғана бағалай алады. Басынан ештеңе өткермегендер бір қалыптан шыға алмай, өзінің сызып алған жолымен ғана ғұмыр кешіп, жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, ақ пен қараның аражігін ажыратқаннан гөрі бір сыдырғы өмірге көндігіп алатындай көрінеді. Мүмкін қателесерміз. Өмірдің соққысын, тағдырдың тәлкегін жеген жандарды тағдырлы адам деп баға беріп жатамыз.
Айсаровтар отбасы ауылдағы көптің бірі болып өз күндерін өздері көріп жүргендер. Тоқырау кезеңінде, уақыттың лебі дейміз бе, сансыраған көп шаңырақтың қатарында ерлі-зайыптылар Ялқун мен Венераның арасына сызат түсіп, өкпе ме, наз ба екеуінің жолдары екіге айырылғандай болып еді. Арадағы екі ұлдарының қамымен, олардың жақсы азамат болуы үшін табыс табудың көздерін іздестіріп, ауылдан жыраққа шығып кетуге мәжбүр болған сәттері де әлі күнге естерінде. Ата-ананың қиналысын ұлдар да іштей сезінді. Түсіністікпен қарады. Ұлдың үлкені Шухрат сабырлы, қанағатшыл, байсалды. Жан азабынан құтылу үшін иман жолын таңдады. Ата-анасының арасына дәнекер болатын нәрселерді іздеп, Исламнан тыныштық тапты. Дін туралы оқулықтарды іздеп жүріп оқыды.
Аяғың абайсызда тайып кетіп сүрінгенде, тұра салып жан-жағыңа байыппен қарайтының сияқты, өмір де селт еткізіп барып басқаша бағытты ұсынады екен. Екі ұлт өкілінің махаббатынан туылған балалар ақылды, өмір сүруге икемді болып ержетті. Сәтсіздіктер, болымсыз кикілжіңдер әке мен ананың арасына сызат түсіргенімен балаларына деген олардың махаббаттарын еш азайта қоймады. Иман жолы, Ислам көмектеседі деген қағиданы ұстанған Шухрат дін жолын таңдады. Әртүрлі әдебиеттерді оқып, өзінің бағытын дұрыс тапқандығына көзі жеткен соң Ислам институтына түсуді жоспарлайды. Ойы, арманы орындалып шетел асып, білімін жалғастырды. Осы арада інісі Мұрат үйленетіндігін хабарлайды. Кенжетайы, өзінің артынан ерген ізбасарының ниетін құп көріп, анасы мен әкесін той алдында татуласуға шақырады. Уақытша әлсіздікке бой алдырғандары үшін бір-бірін кешіруге уағыздайды. Баланың жақсылығын естіген соң әке де, ана да бір мәмілеге келеді. Екі ұл өз беттерінше өмір сүруге дағдыланған. Келін Кіші Дихан ауылынан, аты Толунай, қазақшасы Толғанай. Құдалардың алдынан өтіп, той қамына кіріскен ата-ана өткен өмірлерін жауып қойып, жаңаша бетбұрыс жасауға келісті. Келін де аңқылдап қалған аңкөңіл жан болып кезікті. Біраздан бері қаңырап тұрған үй тазаланып, жан-жағы жинақталып, көрші-қолаңдар да қолғабыстарын тигізіп үйге қайтадан жан кіргендей болды. Той да көптің тілеуімен өтті. Өмірге алғашқы немере келді, ұл бала. Үйден сәбидің жылауы естіліп, үлкендердің күлкілері жиі шығып береке қайтадан орнықты. Қонақ келген үйге ырыс бірге кіреді дейді ғой. Үйден шын мәнінде берекенің, ырыстың иісі аңқып тұрды.
Толғанай қыз үйге құт әкелді. Онымен бірге туыстар да, қонақтар да, достар да есіктерін жиі ашатын болды. Қайынағасының үйленетінін естігенде мазасы кетіп, қонақ күтудің қамына кірісті. Абысыны Шымкенттің шет жатқан ауданынан екен. Дін саласының маманы. Арақ, шарапсыз, дабырасыз той өткізуді ұсыныпты. Ол да мәнімен өтті. Екінші келін есік ашты, босаға аттады. Венераның жұмыстан қолы тимейді, балаларының жағдайын жасаймын деп күндіз-түні шапқылап жүргені. Ялқун да бір жағына шығысып, қолынан келгенін аянар емес. Үйдегі дастарқан мәзірі, тазалық мәселесі Толғанайдың қолында. Туған, туыс, көрші-қолаң, төркіні жағынан келгендердің бәрін аяғынан тік тұрып күтіп, жылы, жұмсағын ауыздарына тосып, көптің батасын алып жүр. Қазақ туыстары келсе етін асып, бауырсағын ала жүгіреді, ұйғыр ағайындарына лагманын жасап, әйтеуір бәрінің көңілін табудың шебері атанды. Бұрынғылардың «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деген мақалы жайдан-жай айтылмағаны ғой. Бір шаңырақ ортасына түсе жаздап, жанған оты күлге айнала бастаған шақта Алланың құдіреті болар, Толғанайдай келіннің аяғын құтты етіп, өшкендері жанды. Бүгінде бұл отбасының шаруашылық жұмыстарын мойнына алған келін оның кірісі мен шығысын, жоғы мен барын ұқсатып отырғанының өзі ақылдылығының арқасы демеске лажымыз жоқ. Сырттан келген дүниені шашау шығармай дастарқанын асқа толтырып, жарқылдаған мінезімен барлық адамдарға құшағын жайып жүрген келіннің құтты аяғы тағы бір жаңаша өмірді бастауға себепкер болды. Аузын ашса, көмекейі көрінетін Толунай келін туралы жазуды басқаға үлгі еткім келгендіктен, келіндерге сабақ болар деген пиғылмен қолға алдым. Көшеде көрсе иіліп сәлемін салып, амандық-саулықты сұрасып жарқылдап жүргені. Іштей «Тәубе» деп қоямын. Шухраттың келіншегі де ұл бала дүниеге әкеліп, Толунай келін маңдайы торсықтай екінші ұлын туды. Қазір Ялқунның үйі үш ұл немеренің күлкісіне көмілген. Аяғы құтты келін Толунай абысынына да өз тәжірибесімен бөлісіп, бала бағуға көмектесіп, жолының кішілігіне қарамастан ақылын айтып отырады.
Отбасы құндылығын біреулер тапқан табысымен, байлығымен дәріптер болса, Айсаровтар балаларының ауызбірлігімен, келіндерінің татулығымен бағалайды. Үлкен келін – қазақ, кішісі – ұйғыр, әкелері – ұйғыр, енелері – қазақ, немерелері – екі ұлтқа да ортақ болып бір шаңырақ астында ынтымағы жарасқан жанұяның бүгінгі өмірі адам қызығарлықтай. «Көтеріп тұрып құлатады өмір, Күлдіріп тұрып жылатады өмір, Етегің толып еңіреген кезде, Қайтадан өзі жұбатады өмір» – деген өлең жолдары еріксіз есіңе келеді. Аяқтары құтты келіндерімізді бағалай білсек. Ақ пейілімен, шын ниетімен келген жерін бақыт пен шаттыққа бөлеймін деген ақжарқын келіндер көбейе түссін. Толунай – мен үшін құтты келін.
Баян
МАМЫРБАЕВА