Басты бет Өңір тынысы Ауылдың ажары азаматының абыройынан

Ауылдың ажары азаматының абыройынан

0
2,103

Кіші Дихан ауылының тұрғындарын бір сөзбен кеңестіктер деп қоямыз. Бұл кезінде «Кеңес» деген ауылдан қалған атау болса керек. Ұйғырдың талантты ақыны, Мұқағали Мақатаевтың жан досы Илья Бахтияны дүниеге әкелген, одан кейінгі буыннан ауыз толтырып мақтана алатындай ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар Одағын жиырма жылдан аса уақыт басқарған Нұрлан Оразалиннің туған жері. Атақтары жер жаратын, еңбектері республикаға танымал тарих ғылымдарының докторы Сәйден Жолдасбеков пен генетик-селекционер, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Мәкен Тойшыбеков те осы топырақтың шаңын жұтып, суын ішкен азаматтар екендігін ауыл халқы білгенімен аудан тұрғындарының бәрі біле бермесі мүмкін. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, республикалық Ұйғыр этномәдени орталығының басшысы Шаһимардан Нурумов та осы ауылдың тумасы. Аудандағы жалғыз халық қаһарманы Мөрдүн Таиповпен қалайша мақтанбасқа. Өзбекстанның халық суретшісі Леким Ибрагимов, республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанда» ұзақ жыл қызмет еткен марқұм Әлисұлтан Құланбаев, «Уйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Әсмәтовтер де осы ауылдан түлеп ұшқан тұлғалар. Кіші Дихан ауылдық округі танымал, талантты, дарынды тұлғаларды дүниеге әкелген, топырағына қасиет қонған, суы таланттарға нәр берген, жері жақсылар мен жайсаңдарға толы ауыл туралы жазудың кезегі келіпті. Кіші Дихан ауылдық округінің әкімі Ербол Әбшаяқовтың өз туған жері жайлы әңгімесіне құлақ түрсек.

– Шындығында ауылдан шыққан танымал адамдар ауылдың ажарын аша түсетіні рас. Азаматтардың абыройлары тіпті кейде кейбір шешілмей жатқан мәселелер түйінін ағытатыны бар?
– Иә. Екі ауылдың арасындағы жолдың жасалуын ағалардың арқасы деуімізге болады. Әрине жасалуға тиісті, уақыты жеткендіктен, кезегі келгендіктен. Шын мәнінде тозығы жеткен, жүруге қолайсыз болғандығы ұзақ уақытқа созылған-ды. Жоспарға сай, ағалардың да арқасында бұл мәселе бүгінде толығымен шешілді. Облысқа жетпеген дауысымызды республика деңгейіне дабыл қаққызған су мәселесі де қолға алынғалы біраз жыл болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Ауыл тұрғындарының айтатын ұсыныстарының бастысы да осы су мәселесі еді. Онда Үлкен Дихан ауылындағы су құбырының құрылысын аяқтау және Кіші Дихан ауылының Абай және М.Бакиев көшелерін жөндеуден өткізу туралы айтылған. 2018 жылға облыстық бюджеттен «Үлкен Диқан ауылының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау және салу» жобасына 29,9 млн теңге бөлінген. 2016 жылы «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес мердігер болып «Шах Строй Сервис Снаб» ЖШС танылған, алайда құрылыс жұмыстарын толық атқармағаны үшін Алматы облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот шешімімен құрылыстарды 2017 жылы аяқтау жөнінде шешім шығарылса да құрылыс жұмыстарын жүргізбеді. 2018 жылы бөлім өз тарапынан «АгроМелиоСтрой» ЖШС келісімшарт жасасып, ол өз тарапынан бүгінгі күнге құрылысты 90 пайызға аяқтады. Ендігі кезекте алдындағы мемлекеттік сатып алудың жозықсыз қатысушысы болып табылған мердігерден сот шешімі арқылы өндіріліп алатын 13,121 миллион теңге бюджетке құйылған жағдайда облыс тарапынан қалған қаржы бөлу көзделуде. Яғни уақыт еншісіндегі мәселе. Кіші Дихан ауылының М.Бакиев көшесі мен Абай көшесінің жоғарғы жағын жөндеуден өткізу үшін 2019 жылының бюджетіне 121 млн теңге қаражат бөлінді.
– Аудандағы еті арзан ауыл дегенді сіздерге қарата айтылатынын жиі естиміз. Мүмкін малдарыңыз көп болғандықтан ба?
– Қайдам. Адамдарымыздың жанашырлығынан болар. Әркім өзі бағып, күткен малдарын, әрине, қымбат бағаға сатқылары келетіндігі заңдылық. Алдына келіп жағдайын айтып тұрса мүмкін сөз басында айтқандай жанашырлықпен сұраған бағаларына беретіндер басқа ауылдармен салыстырғанда көбірек шығар. Жалпы ауылды асырап отырған төрт түлік болғандықтан оның кім болса да пайдасын көргісі келетіні анық. Бағаны аспандатқанша келісімге келгені тиімдірек болар. Сауданың да икемін меңгеру керек, біздің ауылдың адамдары ақкөңіл, қонақжай, жайлы екендігін де танытса керек. Мал басының көптігінен де болар. Ауылдық округте ірі қара саны – 5001, оның ішінде анабасы – 1816, қой-ешкі – 46 500 бас, оның ішінде анабасы –19 800, жылқы – 1705 бас, оның ішінде анабасы – 658. Бұл малдар қазір қыстауларда бағылып жатыр. Жазда міндетті түрде Шалкөде жайлауына шығады. Малдың да жайын білгенде, жағдайын жасағанда ол көбейеді. Тұқымдары ұсақталып бара жатқан ірі қараны асылдандыру бағытында соңғы кезде ауқымды шаралар жүзеге асты. Ірі қараны қолдан ұрықтандыру жыл ішінде жоспар бойынша 400 бас болса, биылғы жылы 190 басқа кем берілді. Алатау – 150, Ақбас етті бағыттағы 60 болса, орындалғаны 210 бас. Уақытында дәрілену, жұқпалы ауруларға ұшырамаудың алдын алу сияқты жұмыстар жүйелі жүргізіледі. Ауылдық округ бойынша 73 жеке шаруа қожалығында 84 адам жұмыс істейді. Малдардың өз уақытында дәріленуін бақылап отырамыз. Соның нәтижесінде өткен жылы бруцеллез ауруы мүлдем болған жоқ. Сонымен қатар 2018 жылы туған төлдерді бірдейлендіру жұмыстары жүргізілді. 22 547 қозы-лақ, 1 636 бас бұзау, 590 бас құлын бірдейлендіріліп, дерекқор базасына енгізілді.
Өткен жыл ішінде ауылдық округте 563 га суармалы егістікке 43 шаруа қожалығы, 6085 га жайылымдыққа 28 шаруа қожалығы, 17 га шабындыққа 1 шаруа қожалығы, 42,2 га баққа 7 шаруа қожалығы жеміс-жидек отырғызды.
– Соңғы жылдары «Балапан» бағдарламасы бойынша ауылдарда жекеменшік балабақшалар ашылу үрдісі белгілі бір белеске шықты. Сіздерде ашылды ғой?
– Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасына сәйкес ауылдасымыз Сәуле Батталханова «Ғалым» атты балабақша ашты. Онда ауылдың 15 адамы жұмыспен қамтылды. Шағын кәсіпкерлікті дамыту барысында 7 дүкен, бір дәріхана жұмыс істейді. Алдағы мерзімге тұтынушылардың қажеттігін өтейтін тағы 1 дүкен, 1 шаштараз, 1 блокты кірпіш жасайтын, 1 пластикалық терезе шығаратын цех, 1 техника жөндеу орталығын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Пилораманы сатып әкеліп қойды. Жуық арада ол өз жұмысын бастайды. Ауыл тұрғындарының өз кәсіптерін бастағысы келетіндері көп. Тек кейде несие мәселесі қолбайлау болатыны бар. Ауылдағы 2847 тұрғынның 1464-і немесе 50,94 пайызы экономикалық белсенділер, жұмыс істейтін 1166 адам, олардың ішінде 545 адам жалдамалы (наемные), 621 адам өз бетімен жұмыспен айналысушылар (самозанятые). Оның ішінде жұмыс күші құрамына кірмейтіндер-557. 2018 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курсына 5 адам тегін оқуда оқып, қосымша мамандық алды. 2018 жылға 20 адамды жұмыспен қамту жоспарланса 33 адам жұмыспен қамтылды.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жаппай кәсіпкерлікті қолдау, несие беру жұмыстары бойынша 2018 жылы үш адам несие ақша алып, өздерінің жұмыстарын ашты. Иминов Шахимин балабақша ашу үшін 4 млн. теңге алып, 25 орынды «Ғалым» балалар бақшасын ашты. Амаров Хамитжан 1млн. 800 мың теңге несие ақшаны мал өсіру үшін алды. Қаватов Рашит 2 млн. 800 мың теңгені пилорама ашамын деп алған. Ашылды.
– Осы тұста Қосжан Шормақов өз есебінен ауылдасына үй салып берді дегенді естідік қой?
– Иә. Жағдайы төмен, шамасы келмегенге қайырымдылық жасаған Қосжанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осындай жомарт жүрек жігіттер әр ауылдан табылып жатса нұр үстіне нұр. Біз қазақ жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ұлтпыз. Табысың асып, тасып жатса мұқтаж адамға қол ұшын бергеннен артық қандай бақыт бар. Сол Қосжанның өнегесін іліп әкететіндей азаматтар ауылдан алдағы уақытта шығатындығына сенімім мол. Атақты ағаларымыздың үлгісін ауылдағы ізбасарлары жалғастыратындығы даусыз. «Сөзден бұрын Сәлем, істен бұрын Ынтымақ» дейді ғой, сол ынтымақ біздің ауылдың берекесін ұйытып отырған қасиеті.
– Бір аймақтың суын ішіп, ауасын жұтып жүргенімізбен әр ауылдың өзіне тән ерекшеліктері, тіпті адамдарының мінез-құлықтарында өзгешеліктері болатындығы тағы рас? Сіздер немен ерекшеленесіздер?
– Мен үшін бәрі бірдей сияқты. Ынтымағымыз жарасқан, ауылдастардың бастарына қайғы түссе оны бірлесіп көтереміз, қуанышымызды да бірге бөлісеміз, бір-бірімізді жауға бермейміз. Меніңше барлық ауылда солай болар. Ауылдасының тайы бәйгеден озса, төбеміз көкке жететін халықпыз. Бір-бірімізге туыс, бауыр, доспыз. Одан өзге ерекшелік көріп тұрған жоқпын. Бастысы – ауызбірлігіміз. Үлкендерден ақыл сұраймыз. Кішілердің белін буамыз.
– Округтеріңізде екі мектеп бар?
– Кіші Дихан ауылдық округ аумағында 2 орта мектеп бар. М.Таипов атындағы орта мектеп, Үлкен Дихан орта мектебі. М.Таипов атындағы орта мектепте 351 оқушы, мектепалды дайындақ тобында 23 бала, 65 мұғалім бар. Оның ішінде: жоғары білімді – 61, арнаулы орта білімді – 4. Білім сапасы 57,3 %. Оқушылар ыстық тамақпен қамтылған. Тұрмыс деңгейі төмен отбасыларының қатарына жататын Оразбаев Бақытжанның ұлы Оразбаев Смағұл жоғарғы оқу орнының 3 курсында облыс әкімінің грантымен тегін оқып жатыр. Бұл да – қамқорлықтың бір түрі. Талабы таудай баланы қолдауға бағытталған игі бастама. Үлкен Дихан орта мектебінде 194 оқушы, 43 мұғалім бар. Оның ішінде 38 жоғарғы білімді, 5 арнаулы орта білімді. Мұғалімдердің 3-уі жоғары санатты, 17-сі І санатты, 14- ІІ санатта, 9 санатсыз. Зейнеткерлікке шығып жұмыс істеп жатқан мұғалімдер саны 2.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мәнін түсіне алмай жүрген секілдіміз. Бұл – менің жеке ойым. Оның астарына үңілер болсақ мағынасы тереңде. Экономика, басқа да материалдық құндылықтарды алдыңғы орынға шығардық та, рухани жан дүниемізді байытпақ түгілі бос кеңістікке айналдырғандаймыз. Сіздің пікіріңіз?
– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылған жұмыстарды сұрап отырсыз ғой. Дұрыс айтасыз, мәні, мағынасы өте тереңде. Бірақ оның үдесінен шынайы шығып отырмыз ба деген сұраққа жауап беру қиындау. Осы бағдарламаның аясында Кіші Дихан ауылының мешітіне ауыл азаматтары 950 000 теңге ақшалай қор жинап, мешітіне қайта жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал Үлкен Дихан ауылының тұрғындары 500 000 теңге ақша жинап, Үлкен Дихан мешітіне (кондиционер) жылытқыш құралын сатып алып орналастырды. Клубқа Алмабек Тоқымов 400 000 теңгелік аппаратура сыйлады. Мүмкін рухани жаңғыруға биік құндылықтар жатар, ал ауылдың деңгейінде осындай бастамалардың өзі де адамдардың жан дүниелерінің әлі де лайлана қоймағандығын танытса керек.
– Биыл Елбасының ұсынысымен Жастар жылы деп аталды. Дер кезіндегі болашақ иелеріне жасалған жақсылық және оларға артылған үлкен сенім десек болады?
– Ауылда жастар тұрақтамай, үлкен қалалардан жұмыс іздеп босып жүргендері өтірік емес. Біздің де көп жастар қалада. Дей тұрғанмен ауылда ата кәсіпті мұра етіп, мал өсірумен, бау-бақшалықпен айналысып жатқан жастардың басым екендігіне қуанамын. Жастар ісі жөніндегі Дилмурат Асқаров деген нұсқаушымыз бар. Ауылдағы жастардың басын қосып спорттық шаралар өткізіп, қайырымдылық жасап, қарттарға көмек көрсетіп жүр. Жақында ғана Қалжат ауылында орын алған суицид оқиғасына байланысты жоғары сынып оқушылары мен ауыл жастарының басын қосып түсінік жұмыстарын жүргізді. Жалпы екі ауылда 450 дей жас бар, олардың жартысына жуығы студенттер. Алмас Аблимитов деген жасымыз техника жөндеу орталығын ашып, көліктің кез келген түрінің ақауын жасауда. Жастар жылында оңтайлы 1 гектардай бос жер шықса алма мен абрикос өсіріп, баптап кәсіпкерліктерін жандандыруды жоспарлап отыр. Әрине оған біз тараптан 1 гектар жер бөлінуі тиіс. Осы бағытта жұмыс істеудеміз. Егер мақсатымыз жүзеге асса жастардың бастапқы бизнес жобасына айналар еді бұл жоспар. Үмітіміз зор. Сондықтан кез келген нәрсені бастау біраз қиындықтар туғызса да оның нәтижесі жемісті болады деп сенелік.
– Жастардың үкілі үміттері ақталарына қолдау көрсету аға буынның парызы, олай болса Жастар жылының жалындап өтеріне біз де қолдау көрсетейік.

Сұхбаттасқан Баян МАМЫРБАЕВА

  • РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ қалай ұғынып жүрміз?

    Рухани жаңғыру – адам баласының, оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қ…
  • Туған елге көмек

    Аудандық кітапхананың оқырмандар залы соңғы кезде әртүрлі кездесулер мен басқосулардың орт…
  • Еңбектің ақтаңгері

    Әр ауылда ауыздары дуалы, айтқандары жөн ақсақалдар болады. Олардың алдында үлкен де, кіші…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…