Басты бет Рухани жаңғыру РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ қалай ұғынып жүрміз?

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ қалай ұғынып жүрміз?

0
2,198

Рухани жаңғыру – адам баласының, оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі деп түсінуіміз керек болар. Бірақ неге екені белгісіз соңғы кезде рухани жаңғыру деген ұғымды қажет затқа да, қажетсізге де тели беретін «жаман» әдет таптық.  Рухани жаңғыру – адамның өркениетке қол созуы, жан-дүниесінің баюы, өсуі, биіктерге ұмтылысы. Ал біз оның деңгейін асқақтатудың орнына «төмендетіп» алған сияқтымыз. Кез келген халықтың тарихына, өткеніне үңілер болсақ, өскен ұлттың өрби түсуіне осы «Рухани жаңғыру» дәлел. 


Алысқа бармай-ақ өзіміздің көне замандағы көрікті қалаларымыз, сән салтанаты таласқан озық ескерткіштеріміз, мәдени мұраларымызды алайықшы. Рухани жан азығының биік шыңын бағындырып, ұлттық дәстүрді сақтай отырып, шеберліктің тылсым дүниесіне қол созғандықтарын байқаймыз. Қазіргідей әртүрлі қажетті дүниелер ол кезде қат болғандығына ешкім шүбә келтіре алмайды. Соның өзінде жасаған бұйымдары біздің дәуірімізге дейін сақталып, жеткендігінің өзі жай шеберлік емес, рухани дүниенің заңғарлығы, биіктігі екендігіне ешкім дау айта қоймас. Елбасымыз рухани жаңғырудың бірнеше принциптерін ұсынды: Бәсекелестік қабілет, ғаламданудың жаһандық жүйесіне ену, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық код. Бұл мақала Елбасымыздың халқына, туған еліне айтқан өсиеті секілді көрінеді. Тек өкініштісі оның науқанға айналып, жоғары тұрғандарға есеп беру үшін жүргізіліп жатқандығы. Мәні, мазмұны келсін, келмесін кез келген шараға «рухани жаңғыру» деп ат қойып, алашапқын болуымыздың өзі рухани жаңғыру емес, рухани азғындау секілді боп көрінеді. Ішкі руханиятымыз арқылы, сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдап, жаңғырудың даңғыл жолына түсуге көшбасшымыз дара жол көрсетті. Ол соқпақтардан қалай өту керектігін айтып, бағыт бағдар берді. Тек соны дұрыс түсініп, санамен қабылдап, жүрекпен ұғынсақ, кәнеки. Академик Оразалы Сәбденнің рухани жаңғыру мақаласына орай айтқан ойы санамда мықтап қалып қойыпты. Ол оны Абайтанудан бастауды ұсыныпты. Абай «Дүниенің көрінген сырын да, көрінбеген сырын да қатар игерген адам толық адам болады», – дейді. Капиталистік мемлекеттер дүниенің көрінген сырын тезірек игеріп, байып, үстемдік жасап, руханиятты ұмытып кетті. Соның «жемісі» – дүниежүзілік дағдарыс. Соған қарағанда біз рухани дүниені қайта жаңғыртуымыз керек. Ол үшін сана психологиясы өзгеруі тиіс. Жай, күнделікті айтып жүрген мәселеден аулақ болу керек. Ол үшін еліміздің барлық азаматтары психологиясын өзгертуі тиіс. Егер руханиятқа дендеп еніп, осыны жасағымыз келсе, онда Абайдың толық адамын игеруіміз керек. Абай бәрін айтып кеткен.  Абай тек қазаққа емес, бүкіл шығыс елдеріне тән. Астана мен Алматыда Абайдың рухани академиясын ашу керек! Сол жерде тек Қазақстан емес, бүкіл шығыс елдеріне Абайдың рухани құндылықтарын, философиясын, шығармаларын бір жағынан ғылыми ізденіс жасап, екіншіден, бүкіл Орта Азия мемлекеттеріне кең көлемде насихат жасауымыз керек, – дегені көңілге қонымды. Міне, бұл Елбасымыздың рухани жаң­ғыруына нағыз, тікелей септігін беретін, тікелей жұмыс істейтін идея. Неге екенін қайдам, осы ой маған сондай жақын әрі тиімді болып көрінеді. Ал сол Абайды ұлы деп санамайтын ұрпақтың келуі «әлемдік дағдарыстың» бізге жеткен алғашқы белгісі болып жүрмесін? Үрейлі, қорқынышты. «Абайды ақылды ойлар жазғаннан басқа ештеңе істемеген, біздің заманда өмір сүрсе ары кетсе атақты блогер ғана болар еді» деген кәсіпкер Нұрлан Бәйділдәнің пікірі сол дағдарыстың бір белгісі емес пе?  Конфуцийдің айтқандарымен жүрген Қытайдың деңгейімен бүгін кім таласа алады? Абайдың айтқандарымен жүрсек біз де биіктерді бағындыратынымыз ақиқат. Олай болса «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын құрғақ ұрандатпай, Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әрине, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұрпаққа отбасынан, балабақшадан, мектептен берілері анық.  Абай мұралары да ұлттық құндылықтарға толы. Сондықтан Абайтану ғылымын, пәнін дейміз бе, жаппай енгізу рухани жаңғырудың алғышарты болса деген тілек қана біздікі. Абайды оқу, түсіну, санамызға тоқу арқылы рухани жаңғырсақ…

Баян
МАМЫРБАЕВА

  • Ауылдың ажары азаматының абыройынан

    Кіші Дихан ауылының тұрғындарын бір сөзбен кеңестіктер деп қоямыз. Бұл кезінде «Кеңес» дег…
  • Туған елге көмек

    Аудандық кітапхананың оқырмандар залы соңғы кезде әртүрлі кездесулер мен басқосулардың орт…
  • Еңбектің ақтаңгері

    Әр ауылда ауыздары дуалы, айтқандары жөн ақсақалдар болады. Олардың алдында үлкен де, кіші…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…