Әр ауылда ауыздары дуалы, айтқандары жөн ақсақалдар болады. Олардың алдында үлкен де, кіші де, ақ жағалылар мен шенеуніктер де бас иіп, ақылына тоқтап жатады. Сонымен қатар ешкіммен ісі жоқ, өз тіршіліктеріне өздері берік, белгілі бір саланың жілігін шағып, майын ішіп жүріп жұмыстарын дөңгелететіндер де кездеседі. Сабырлы, қоңырқай күй кешіп, өз ісінен нәпақа тауып жүргендер қатарында Кетпен ауылының тұрғыны Тойған аға Мақұлтаев туралы жазу ешбір жоспарсыз, тосыннан туды.
Осыдан біраз жыл бұрын Кетпен тауының сұлулығын тамашалауға ұжымдағылармен саяхатқа шыққанбыз. Сонда жай көлік шыға алмайтын асуларды Тойған аға өзінің «Самосвалымен» аралатып, керемет бір серуен болғанын күні бүгінге дейін аузымыздан тастамаймыз. Табиғаттың осындай сұлу жерінде тұрып, кейде соны бағаламай жататын жаман әдетіміз бар емес пе? Біреудің таңсығын аңсайтындарға, шетел аспадық деп армандайтындарға осыншама таңғажайып табиғат сыйын көрсетсек қой. Нағыз туризмді дамытатын-ақ жер. Бірді айтып, бірге кеттік. Сәті солай болды ма, биыл да Асудың ұшар басына шығуды жоспарлап жиналғанымызда тағы да тілегіміз Тойған ағаға түскен-ді. Бір ауыз сөзге келместен қыры мен сырына қанық, бүлінген, күтілмеген жолдармен Кетпен тауының ұшар басына апарды. Жасы жетпісті алқымдаған ағаның мынандай жолдарды еш үрейсіз басып өткені бір жағынан таңдандырса, екінші жағынан сонша адамның өміріне жауапты жұмысты мойнына алған жүрегінің түктілігіне таңдай қағыстық. Табиғаттың сұлулығы кейде ештеңеге мойын бұрғызбай тамсандырып, Жаратушы иемнің шеберлігін мойындатып тастайтыны бар ғой. Бұл жолы да солай жан-жақтағы қарағайдың әдемілігі, құстардың шырылының де ерекше екендігін сезініп, керемет күй кештік. Арасында ағаның өмірбаянымен танысып, ортақ әңгімеге ойыстық.
1969 жылы еңбек жолын «Қызыл Ту» колхозында шопырлықтан бастаған ағамыз мінеки жасы жетпіске жетсе де, рөлде отырғанына жарты ғасыр толса да, сол кәсібінен әлі күнге қол үзіп көрмепті. Жан жары Жамалхан апай екеуі 4 қыз, үш ұл өсіріп, тәрбиелеп, бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған бақытты жандардың қатарында. Ауылдың жасы үлкен ақсақалдар санатында. Зейнеткерлікке шыққан соң «Белес» шаруа қожалығының мүшесі болып, өзінің жекеменшік көлігімен ауылдастардың әртүрлі шаруаларына қолғабыс жасап, ел алғысын арқалап жүрген жайы бар екен. Шалкөде жайлауына баратын жолдар күтімге алынып, жыл сайын жасалып жататын кездері күніне екі рет қатынасқан, малшыларды көшіргенде тәулігіне күнді күн демей, түнді түн демей жүргендерін де әңгімеледі. Біреуге бақты жардан, біреуге малдан береді демекші, Тойған ағаға жүк таситын көлігінен несібесін бергендігін өзі де мойындайды. «Осы мәшинемнің арқасында ұл-қыздарыма қаладан үй салуға көмектестім, бір рет те жолда тастаған емес» — деп көлігін мақтай жөнелгенінде ағаның шын мәнінде несібесіне тигендігіне көзіміз жетті. Көліктің сынған, бүлінген жерілерін жамап-жасқап, күтілгендіктен кіріс көзі болып тұрғандығын да жасырмады. Күзгі жиын-терін, көктемгі тұқым себу науқандық жұмыстар кезінде ауылдастарының үдесінен шығып, олардың да кәдесіне жарап тұрғандығын мақтанышпен баяндады. Темір тұлпардың заманауи, сымбаттысын, қымбаттығын айтып мақтанған жандарды көрген едік, мынандай ескінің көзіндей болған жүк көлігімен мақтанған жанды алғаш кездестіруім.
Зейнеткерлікке шыққаннан соң Қалибай Шәйімбекұлының «Белес» шаруа қожалығына мүше болып, бірлесіп, мал, егістікпен айналысып, нәпақасын айырып отырған қарияның бүгінгі тіршілігіне риза болмасқа шараң жоқ. Зейнетақым бар, басқаның керегі қанша демей, тәуліктің қай сағатында, қай мезгілінде болса да айтқан жаққа жүріп, елдің көңілін алып, өзінің табысын үстемелеп отырған Тойған ағаның өмірлік ұстанымы кімге болса да үлгі боларлықтай. «Шаршадым, қартайдым» деген сөз осы уақытқа дейін аузынан шығып көрмепті. Тағы бір таңғаларлығы әлі күнге басы ауырып, балтыры сыздап, дәрігерге қаралып, бір түйір дәрі ішпеген. Мазасыз күй кешкендіктен, әлде бір сәт те қимылсыз отыра алмайтындықтан болар, бәлкім. Біздің бір күндік демалысымызды өткізуге өзіндік үлесін қосқан Тойған ағаның нағыз өз ісінің шебері екендігіне еш күмәніміз қалмады.
Жол азабын көр азабына теңейтін қазекем жүргізушілік мамандықтың да аса жауаптылығын баяғыдан-ақ байқаса керек. Көлігіңе отырған адамның өміріне жауапты болған соң, ол сенің амандығыңды тілесе, сен оныкін. Артық сөзі жоқ, аз айтып, көп тыңдайтын Тойған ағамен өткен бір күнде ол кісінің өз ісіне деген жауапкершілігін түсіндік. «Осы көлік менің асыраушым», — деп көлігінің әбден тозығы жеткендігіне қарамастан оның әлі талай асуларды асатындығына сенім білдіргендігі де көңілге қуаныш ұялатты. Әркім өзі қолынан келетін іспен айналысқанда одан нәтиже шығатыны анық. Қарапайым жүргізуші Тойған Мақұлтайұлының өз еңбегінің нанын адал тауып жеп жүргені үшін шүкір дестік. Кейде ойламаған жерден таңғы үш, төртте жүру керек болып жатса, еш қиналмастан, сөзге келместен темір тұлпарының ноқтасын кигізіп, шылбырын шуу дейтін ағаны еңбектің ақтаңгері деп атадық.
Баян
МАМЫРБАЕВА