Ұйымдастырылатын іс-шараларға қарамастан, білім беру жүйесі сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім салаларға жатады. Мұны білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен жасалған сыбайлас жемқорлық кұқық бұзушылықтарын анықтау фактілері растайды. Бүгінгі таңда азаматтардың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мемлекет билігінің ең басты мақсаттарының бірі.
Ескерте кетсек, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 366, 367 баптарына сәйкес, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген және оған теңестiрiлген адамның, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын немесе лауазымды адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсiздiгi) үшiн немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алса – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, қылмыстық кодексте көрсетілген параның әртүрлі еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға және он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің (бұдан әрі – Департамент) жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы облыс бойынша мектеп қабырғаларында ақша жинау мәселесін қозғап, індеттен құтылуға өз үлестерін қосып келеді. Қазіргі кезде осы топ мүшелеріне ата-аналар тарапынан мектептің әртүрлі қажеттіліктеріне қаражат жинау мәселесі бойынша өтініштер жиі түсуде. Ата-аналардан түскен өтініштерді талдау нәтижесі – бірқатар жағдайларда білім беру ұйымдарының басшыларымен Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының басты талаптары бұзылатынын көрсетті. Оқушылар ата-аналарынан қаражат жинау кезінде еріктілік принципін бұзу – заңсыз болып табылады.
Осыған орай 2018 жылы 22 мамырда Талдықорған қаласының №4 орта мектебінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша Департаменті, арнайы мониторинг тобы, мектеп директорлары, бітіруші сыныптардың сынып жетекшілері және ата-аналар комитетінің қатысуымен Департамент кездесу өткізді.
Сонымен қатар 2018 жылы 15-18 мамыр аралығында Алматы облысының арнайы мониторинг тобының аудандарға іс-сапары кезінде ата-аналар тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсті. Ата-аналардың басты наразылықтары мектептерде үнемі ақша жинау мәселесімен байланысты болды. Қазіргі кезде соңғы қоңырауға және бітіру кешіне ақша жинау өзекті мәселе болып отыр. Ата-аналар тарапынан түскен иесі бүркемеленген өтініштерге сәйкес, жоғарыда аталған шараларға 25 мыңнан 100 мың аралығында қаражат жинайды екен. Мұндай қаражатты жинауға кейбір ата-аналардың шамасы келмейді.
Осы мәселені реттеу мақсатында, дәстүрлі бітіру кешін өткізуден бас тартып, шығыны аз болатын іс-шарамен ауыстырған Алматы қаласының тәжірибесін атап өту керек. Яғни, мектеп қабырғасында тек аттестат тапсыруды салтанатты түрде өткізуге болады. Бұл ата-аналарға бітіру кешіне арналған іс-шаралар форматын өз бетінше анықтауға мүмкіндік береді және мектептерді ата-аналардан іс-шараға қосымша қаражат жинаудан босатады. Аталған тәжірибені облыс көлемінде іске асыру үшін жұмыстар жүргізілуде.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ДЕПАРТАМЕНТ БІРЛЕСЕ ЗАҢНАМАҒА СӘЙКЕС, ӨЗ ҚҰЗІРЕТТЕРІ ШЕҢБЕРІНДЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША БАРЛЫҚ ҚАЖЕТТІ ШАРАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУДЫ АРЫ ҚАРАЙ ЖАЛҒАСТЫРАТЫН БОЛАДЫ.
БІЗДІҢ МІНДЕТ – ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ!
Әсем ЕСКЕНДІРОВА,
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы