Бүгінгі таңда жастар арасында әртүрлі қылмыстық әрекеттер, зорлық-зомбылықтар туралы жиі айтылып, жазылып, теледидардан көрсетіліп, шыны керек қоғамның ең жағымсыз көрінісі болып қалыптасып келе жатқаны өтірік емес. Қайтсек балалардың жүрегіне мейірім, жылулық құямыз деген ниетпен мемлекеттік деңгейде көптеген шаралар қолға алынып келеді. Осы тақырыпқа тұздық болсын деген мақсатпен Шонжыдағы политехникалық колледжде буллингке қарсы акция өтті. Оған мұрындық болған – аудандағы Отбасын қолдау орталығы. Аталмыш білім ордасында «Біз буллингке қарсымыз! Мейірім мен құрмет аумағы» атты психологиялық акциясына студенттермен бірге оқытушылар да шақырылды.
Акцияны политехникалық колледждің директоры Гүлназ Тегісбаева ашты. Ол бүгінгі таңдағы жастар арасындағы әртүрлі жат әрекеттер туралы әңгімесін бастап, студенттерге буллингтің түрлері мен салдары туралы түсінік қалыптастыру керектігін айтып, мейірім мен өзара құрмет мәдениетін дамытуды айтты. Агрессияға қарсы тұру және көмек сұраудың маңызын қалай көрсету керектігін қарапайым түсінікті тілмен түсіндірді.

Акцияға қатысқан студенттер «Біз буллингке қарсымыз!» тақырыбындағы эмблемаларды тағып, ізгілік пен достыққа, өзара сыйластыққа қолдау білдіргендерін ұқтырды. Отбасын қолдау орталығының психологі Наргиза Розиева Наргиза студенттерге буллинг ұғымын, оның неліктен пайда болғандығын түсіндіріп, балалардың біріне-бірі қолдау көрсету керектігін, үлкендер тарапынан қандай да қысым болып жатса жасырмай айтуларын сұрады. Буллинге ұшыраған жандарға міндетті түрде психологиялық тұрғыдан қалай көмек көрсету керектігін баяндады.
Сонан соң студенттердің назарына буллинг туралы бейнеролик ұсынылды. Көрсетілімнен кейін студенттер өз ойларын белсенді түрде жеткізіп, әркім өз шама-шарқыларынша не істеу керектігін айтысты.
Әрі қарай психолог Наргиза Розиева «Мейірім шары» атты тренинг өткізді. Бұл жаттығу тыныс алу мен жүйке жүйесін тыныштандыруға бағытталды. Студенттер шар үрлеу арқылы тыныс жаттығуларын орындап, бір-біріне жылы сөздер мен қолдау тілектерін айтты. Бұл кезең қатысушылардың бір-біріне деген қамқорлығы мен жақындығын арттырды. Кезекті сөз алған политехникалық колледждің педагог-психологі Айнур Рустемова да қазіргі таңдағы жастардың өте өкпелегіш, сынды көтере алмайтын қызбалықтарын жасырмады. Кез келген нәрсені байыппен, ақылмен шешуге болатындығын түсіндірді. Жас болған соң кейде ойланбай жат әрекеттерге барып қалуы мүмкін кез келген азамат, бастысы содан дұрыс қорытынды шығарып, сабақ алу керектігін жеткізді жастарға.
Аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы Арай Аубакирова заң аясында түсіндірме жүргізіп, буллинг жасалған кезде қандай тәртіптік жаза қолданылатындығын айтып өтті.
Акцияның соңы флешмобқа жалғасты. Студенттер флешмобқа қатысып, қимыл-қозғалысы арқылы буллингке қарсы екендігін, қоғамда мейірім, сыйластық пен бейбітшілікті сақтайтынын білдірді.
Акция діттеген мақсатына жетті. Жастар бір-біріне достық, бауырмалдық пейілдерін көрсетіп, қуанышты көңіл-күймен тарасты.
Гаухар ШАВДИНОВА,
аудандық отбасын қолдау орталығының директоры
