«Білім беру ұйымының табысты көшбасшысы» атты облыстық байқауы өткізілді. Байқау жалпы білім беру ұйымдары басшыларының шығармашылығын дамытуға бағытталды. Әрине облыс деңгейінде өзінің жұмысын қорғап, сен тұр, мен атайын деген басшылардың арасынан суырылып шығу да оңай шаруа емес. Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектебінің директоры Берікбай Атагелдиев «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» тақырыбында өз жұмысын қорғап, жүлделі үшінші орынды иеленіп қайтты. Жеңісіңіз құтты болсын дейміз.
Байқаудың мақсаты – шығармашылықпен жұмыс істейтін басшыларды анықтау, қолдау, мадақтау және білім беру ұйымының табысты көшбасшыларын насихаттау. Байқаудың міндеттері білім беру ұйымдарын басқарудағы озық тәжірибелерін айқындау және тарату, басқару әрекетіндегі инновациялық тәсілдерді қолдану, облыстағы білім беру ұйымдарының басқару әлеуетін арттыру, білім беру ұйымдарындағы табысты көшбасшылардың деректер қорын жинақтау, білім беру ұйымы басшысының әлеуметтік және кәсіби имиджін қалыптастыру, білім беру ұйымдарын басқаруды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жетілдіру, білім беру жүйесін дамытудағы басшылар беделін арттыру. Лайықты имидж қалыптастыру үшін басшының тек білімді ғана болуы жеткіліксіз. Оның мінезі көркем болуы шарт. Шығармашылық жағынан дарынды, әрі ұжымдағы адамдармен қарым-қатынасы, мәдениеттілігі биік болуы тиіс.
Берікбай Атагелдиев осы байқауда «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» тақырыбында табысты мектептің даму модульдерін 5 кезеңге бөліп көрсетті. Олар: Табысты педагог, тәрбие құндылықтары, қолайлы даму ортасы, инновациялық аймақ, заманауи ынтымақтастық. Табысты мектеп моделі жоғары және жалпы білім беретін ордалармен бірлесе, бірлікте, ынтымақтастықта жұмыс істеу. Мақсат қою арқылы заманауи үдеріске бейімделу. Берікбай Тұрлыбекұлы 5 түрлі слайд арқылы өз жұмысын қорғады.
1-модуль бойынша мектебінде «Зерде» шығармашылық тобы құрылғандығын, шығармашылық топ қызметінің мақсатын айқындап, алдын ала дайындаған слайды арқылы ойын жеткізді. Шығармашыл пікірлес-педагог ұжымын қалыптастырып, жаңа педагогикалық әдістемелерді, технологияларды, дидактикалық материалдарды, сабақ конспектілерін дайындағандығын айтты.
Мектепішілік бақылау жүргізу мақсатында мектеп әкімшілігінің сабаққа қатысу жоспары жасалынды. Сонымен қатар «Мектептің 5 күні» атты жобасы іске асырылып жатқандығын, мұнда «Ақылды сабақ», «Әдістеме күні», «Жобалар күнімен» қатар «Жаңабай күні», ұлы тұлғаларды насихаттау күндерінің жүйелі түрде өтіп тұратындығын жеткізді.
«Зерде» шығармашылық топ мүшелері және пән мұғалімдер аудан, облыс көлемінде іс-тәжірибелерін таратқандығын, «Жаңғыру жолындағы жас маманға қолдау» атты жас мамандармен жұмыс барысындағы табыстарын да түсіндіріп өтті.
Біртұтас тәрбие бағыты бойынша «Көңілді үзілістер», «Адал еңбек өмірді жақсартудың басты құралы», «Ұлттық ойын – қазына» эстафеталық сайыстар ұйымдастырылып отыратындығын, сонымен қатар «Дәстүрге жол», «Даналық мектебі» жобасының іске асырылғандығын айтты.
Қолайлы даму ортасына кіретін «Мектеп – оқушы – ата-ана» үштігінің жұмысы да жан-жақты сараланып, талданды. Инновациялық аймақ деп аталады. Қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірі – оқу үрдісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу, білім беруді ақпараттандыру болып табылады. Әр пән мұғалімі өз сабағына жаңаша жаңалық енгізіп, әртүрлі тәсілдерді қолдана отырып сабағын қызықты өткізетіндігін, талантты балалардың еңбектерін әртүрлі байқауларға жіберіп, оларды жаңаша қанаттандыру үшін көптеген шаралар өтетіндігін тіліне тиек етті. Сондай-ақ Қазақстан Юнеско клубтары федерациясына тіркеліп, халықаралық балалар шығармашылығы жарысына балалардың болашағын дамыту үшін жас суретшілердің өнерін көрсету мақсатта жұмыстары жіберілгендігін де айтты. Заманауи ынтымақтастық жайына ойысып, аудандық білім бөлімінің «1000 әскер» жобасы аясында құрылған «Полицияның жас көмекшісі» мен «Жас сарбаз» клубтарының жұмыстары туралы баяндады. Өскелең ұрпақтың бойында жоғары азаматтық белсенділікті, патриотизмді, рухани-адамгершілік дамуды тәрбиелеу, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында дене шынықтыру мен әскери-қолданбалы спорт түрлерін танымал етуді мақсат еткендіктерін жеткізіп, дайындаған дүниелерін толықтай жеткізді.
Облыстық деңгейдегі сайыста жүлдегер атанған көшбасшы директорға шығармашылық табыстар тілейміз. Көшбасшылық жолында тек биік шыңдарды бағындырып, ауданның білім саласының абыройын асқақтататындығына сеніміміз мол.
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ