Ат – ер қанаты. Қазақтардың көптеген ұлттық спорт түрлері атқа байланысты туған. Бәйгенің неше түрлері, сақина алу, көкпар, аударыспақ, сайыс, қыз қуу тағы басқалары адамды ат үстінде шебер өнер көрсетуге, епті, шыдамды, төзімді болуға баулиды. Олардың көбісі ата-бабаларымыз жауынгерлер даярлағанда да маңызды міндет атқарған. Ал атты күту, баптау жүздеген жылдық тәжірибесі бар өзіндік бір ғылым. Ат спортында көкпардан басқа спорт түрлерінің бәрі жекелей есепке енеді. Себебі онда жеке адамның күші мен әдіс айласы, шеберлігі сынға түседі. Әрине, бұл оның серігі — астындағы атының да бабына тікелей байланысты. Жарысқа тек қана дайындығы бар, атқа жақсы отыра алатын, денсаулығы туралы дәрігерден рұқсат алған спортшылар ғана қатыса алады. Яғни спорттың бұл түрінің өзіне ғана тән ерекшеліктері бар деген сөз.
Қазақ пен ат егіз ұғымдай. Бұл екеуін бір-бірінен бөлек қарау дұрыс емес. Өзіміздің бала кезімізде әке-шешеміз атқа отыра аласың ба, жоқ па деп сұрамайтын да. Жайлауға шығарда жуастауына отырғызатын да өздері алдымызға түсіп алып жөнелетін. Қазақтың бүкіл тіршілігі атсыз, малсыз өтпеген.
Соңғы кезде ат спортына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп келеді. Оның тіпті халықаралық дәрежеге дейін көтерілгендігін қыркүйек айында Астана қаласында өткен көшпенділер додасы дәлел бола алады. Ат үстінде атойлаған, неге түрлі қимыл-әрекеттер мен спорттық әдістерді көрсеткен жігіттердің шеберлігіне таңдай қағысқанымыз да рас. Өзіміздің ауылдарда жиі өтетіні – көкпар. Жастар соңғы кезде ауыл-ауыл болып көкпар өткізіп, бірі-бірімен танысып, ас ұйымдастырып, жақсы үрдісті бастап кеткенін де білеміз. Шалғай жатқан ауылдардан да намыстарын жаныған жігіттер аттарын дайындап, көкпаршы болғылары келетіндердің қатары да артып келе жатқаны қуантады. Халқымыздың ежелгі ұлттық ойындарының бірі – көкпар жігіттерді батылдыққа, ептілікке, төзімділікке, шапшаңдыққа үйретіп, денесін шынықтырады, кенет кездесетін қиындықтарды оңай жеңуге, ұйымшылдыққа тәрбиелейді, ал ат ойынға бейімделіп, ұшқыр, төзімді, сондай-ақ өте мықты, кез келген жерде бұлтарғыш болуға қалыптастырады.
Еркебұлан Дәулетұлы Құсайынов деген азаматпен таныстым. Ат құлағында өскен жігіт екендігі бірден байқалды. Әңгімесінің төркіні де атқа байланысты. Тек қана көкпар емес, ат үстінде жасалатын спорттың барлық түріне балаларды баулығысы келетіндігін естідім. Арқасы қозып, жылқы мінезді қазақтың қаны шапшып тұрған азамат екендігін көрсетті. Көкпаршы, шабандоз. Жақында ғана Қонаев қаласында өткен ұлттық спорт түрлерінен жастар арасында Тәуелсіздік күні құрметіне арналған Алматы облысының іріктеу чемпионатына ауданның жастарын ұйымдастырып апарған жігіт. Ауданның әр ауылынан атқұмар жігіттердің басын қосып, тек қана көкпар емес, ұлттық ат спортының барлық түрлерін қамтитындай етіп команда құрған. Команданың аты – «Қарадала». Қырғызсай ауылынан Дамир Қалибек пен Ғалым Әшімақын, шонжылықтар Нұржан Нұротан, Нұрсейіт Жәнібек, Нұрсейітов Айбек, Кіші диқан ауылынан Икетай Жанарыс, Жұмақан Ғалым, Тасқарасу ауылынан Тұрсынбай Мирас, Тұрсынбай Дархан, Жұман Ерасыл, Шарын ауылынан Тоқтасын Әділет, Қайимжан Шахрукжандар аудан намысын қорғап келді. Аударыспақтан +95 салмақта бірінші орын Әлихан Мақсатұлына бұйырды, дәл осы түрінен Әділет Тоқтасын үшінші орынға тұрақтаса, жамбы атудан Алмат Дүйсенбек үшінші орынды иеленді. Жалпы командалық есепте Қарадала командасы жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Ат спорты біздің ауданда кенжелеп қалғандығы жасырын емес. Өзінің бастамасымен, қызығушылығымен Еркебұланның үлкен шаруаны қолға алғаны мақтауға тұрарлық дүние. Әрине аттың күтімі мен бабы маңдай тер мен аса ықыласты жұмысты талап ететіні тағы бар. Ауданда атқұмар жастардың басы бірігіп, көкпаршылар мен шабандоздарды мектеп жасында жүрген балалардан іріктеліп жатқаны да қуантты.
Көкпар тартуға жігіттері сай, жақсы ұйымдасқан, әдісқой, айласы көп команда жақсы ойнайды деген түсінік қалыптасқан. Біздің де «Қарадала» көкпаршылар командасының бағындырар биіктері әлі алда деп ойлаймыз. Облыс деңгейінде ауданымыздың рухын асқақтатып, жастарды жігерлендіріп, олардың армандарын қанаттандырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Еркебұландай жігіттеріміздің жұмыстары жандансын деп тілейік. Ат – ердің қанаты. Ердің қанаты қалықтап ұшып, кең байтақ даламызды ұлттық дәстүрімен қомдай түссін…
Баян МАМЫРБАЕВА