НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан өзінің тәуелсіздігінде мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Митингілер бастапқыда бейбіт болғаны өздеріңізге белгілі. Бірінші қаңтардан бастап бастыс өңірдегі тұрғындар газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни ешқандай саясат болған жоқ, таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жолдаған Үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты талаптарды қанағаттандырды. Осыған қарамастан, Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Солардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты», — деді Б. Асылов.
Осы орайда Бас прокурор көшеге шыққан адамдардың ең көбі Алматыда тіркелгенін жеткізді.
«Басында жиындар бейбіт сипатта өтті. Алайда жағдайдың бақылаудан тыс шығуы қатері сағат сайын арта бастады. Сондықтан әкімдер мен депутаттар халықпен сан рет кездесіп, қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрады. Ал прокурорлар жер-жерде наразылық акцияларының заңсыздығын және оларға қатысты қатысу үшін жауапкершілікті түсіндірді», — деді Бас прокурор.
Еске сала кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокуратура, Ішкі істер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да мемлекеттік орган басшылары «қаңтар оқиғасына» қатысты тергеу барысы туралы депутаттар сауалына жауап беруде.