Басты бет Тағзым МЕМОРИАЛДЫ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ

МЕМОРИАЛДЫ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ

0
436

Кегенде Заманбек Нұрқаділов атындағы балалардың өнер мектебінде «Заманбектану» шарасы өтті. Жиналған қауым аталмыш мектеп алдындағы ескерткіш-бюстке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұл жиында жазушы, драматург, ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Стахан Белғожаев, Рысбек Сәрсенбаев, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Заманбек ағамыздың баласы Қайрат Нұрқаділовтер, Өжек Жаңабаев атындағы мектепті 1982 жылы бітірген түлектер болды.

Кеген балалар өнер мектебінің ішіне кіріп, арнайы жасалған көрмемен танысқан жұрт марқұмның әркезде түскен суреттерін, кітаптарын тамашалады. Домбырашылар үйірмесі өздерінің күйлерін шертсе, суретшілер сурет көрмесін ұсынды. Қысқаша сабақтар өтіп, оған барғандар куә болды. Мектептің ішінде Заманбек Нұрқаділовке арналған арнайы музей бар екен. Онда қайраткердің өмір жолынан деректер беретін дүниелер жасақталыпты. Үлкен лауазымдар атқарған тұстарынан мағлұмат беретін фотошежірені де таба аласыз.

Сонан соң жиналғандар Заманбек ағамыз білім алған Өжек Жаңабаев атындағы орта мектебіне бет түзеді. Мұнда Заманбек Нұрқаділовтің мемориалды тақтасының ашылуы болды. Аталмыш мектепте Зәкең он жыл оқып, мектепті алтын белгіге бітіріп, үлкен өмір жолына қанаттанған жерді киелі деп ұқтық. Өжек Жаңабаев Заманбек ағамыздың ұстазы болған екен. Оның болашағынан зор үміт күткендігін білдік. Өзі оқыған мектебіне тақта қоюды 1982 жылғы түлектер бастама көтеріп, қолға алған екен. Олардың армандары орындалып, бүгін соны сәті түскен күн болды. Осы мектепте Заманбек Нұрқаділов оқыған деген тақтайша жарқ ете қалды. Ақын, драматург, қоғам қайраткері Нұрлан аға Оразалин естелік айтты. Тарих үшін сауапты іс атқарылғандығын жеткізді. Стахан аға Белғожаев Заманбекпен бірге жүрген күндерінен естеліктер айтты. Заманбек Нұрқаділовке арналған арнайы бұрыш бар екен. Оны тамашаладық. Кітап көрмесі қойылыпты. Жазушы Нұрлан ағамыз ұрпақтар сабақтастығы болсын деп оқушылармен кездесу өткізді. Бүгінгі жас буынның көкейлеріндегі сұрақтарға жауап қайтарды. Өзі де оқушылардың кітапқа деген көзқарастарын білді. Нұрлан аға қолтаңбасын қалдырып кітаптарын сыйлады. Әр сыныпта өтәіп жатқан сабақтардан үзінділер ұсынылды.

Шараның ресми бөлімінен соң арнайы жайылған дастарқанда марқұм рухына құран бағышталды. Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев сөз сөйледі. Тақта ашуға ықпал еткен түлектерге, келген қонақтарға алғысын арқалатты. Заманбек ағамыздың баласы Қайрат та өзекжарды тілегін айтып, әкесінің атын атап, келер ұрпаққа өнеге ретінде жасалып жатқан дүниелерге ризашылық сезімін жеткізді.

Кегендегі балалар өнер  мектебіне Алматы облысының әкімдігінің 13 қыркүйектегі №292 қаулысымен Заманбек Нұрқаділовтің аты берілді. Бұл өнер мектебі 2015 жылы құрылған.  Бүгінгі таңда мектепте 44 педагогтың басшылығымен 890 оқушы білім алуда. Олар 3 бағыт, 9 мамандық бойынша білім алуда. Домбыра, баян, қобыз, дәстүрлі ән, эстрада-вокал, фортепиано, хореография, бейнелеу және мүсін, бейнелеу және графика, қолөнер және ағаш бұйымдарын жасау, сәндік қолданбалы өнер, сонымен қатар түрлі үйірмелердің бағыттары бойынша  жұмыс істейді. Бұл мектептің шәкірттері, түлектері ендігі жерде Заманбек аталарының атын арқалап, талай додада жеңімпаз атанатындығына кәміл сендік.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УСТАЗ ӘЖРИ – УНИҢ ТАМҒИСИ

Һәр бир жутта абройлуқ, қәдирлик адәмләр болиду. Уларға жут жамаәтчилиги ишиниду, чүнки у …