Алатаудың баурайындағы Алматы облысы бөлініп, жаңаша аймақтық құрылыммен жұмысын бастағалы бірқатар сала жаңаша сипатта өз жұмысын жолға қойып келе жатыр. Соның ішінде БАҚ саласы да қызметін жан-жақты жаңа облысқа бейімдеді. Ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінен бастап «Qonaev Media» деген атаумен өңірдің жаңа телеарнасы өз көрермендеріне жол тартты. Көгілдір экраннан облысымыздың жаңа телеарнасы көрсетіле бастағалы бері аймақта болып жатқан барлық жағымды жаңалықтар мен оқиғалар ел аумағына лезде тарала бастады. Телеарнаны Республика аумағында ID TV, Alma TV және Otau TV платформалары арқылы көруге болады. Эфир күн сайын таңғы 08:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жүргізіледі.
«Qonaev Media»арнасы құрылған сәттен бастап көрерменге Алматы облысының аумағында болып жатқан тың серпілістер мен жағымды жаңалықтарды уақытылы әрі сапалы таратып отыруды сондай-ақ, көрерменді тескерілген нақты ақпаратпен қамтамасыз етіп отыруды негізгі мақсат етіп қойған. Арна өз жұмысын бастай сала облыс аумағындағы әр ауданның басшылығынан арнайы сұқбат алып, өңірлердің даму қарқыны мен экономикалық-әлеуметтік жағдайдың өсім көрсеткішін көпшіліктің назарына ұсына бастады. Сонымен қатар жаңалықтармен бірге арна эфирінде аналитикалық-сараптамалық бағдарламалар, ток-шоулар, деректі және танымдық жобалар, сериалдар мен ойын-сауық форматтары ұсынылады.
Qonaev Media – барша қазақстандыққа арналған ортақ алаң. Мұнда билік өкілдерінің де, қарапайым тұрғындардың да ой-пікірі естіледі.
Жаңа телеарнаның ашылуы еліміздің ақпараттық кеңістігі үшін маңызды қадам. Барлық көрерменді Qonaev Media арнасын қосып, ел жаңалықтарын уақытылы білуге және өңірдің тыныс-тіршілігін бірге тамашалауға шақырамыз.
А.ТАШКЕНОВ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы
