Басты бет Әлеумет ҚАНЕ, МЕНІҢ БАЛАМ?

ҚАНЕ, МЕНІҢ БАЛАМ?

0
118

Соңғы жылдары Қазақстанда әскер қатарында жүрген сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Кеше ғана «Отан қорғауға» аттанған баласын елдің амандығын тілеп шығарып салған ата-ана бірер айдан соң қаралы хабар алып, есеңгіреп қалатын жағдай көбейді. «Қане, менің балам?» деген жан даусы бүгінде талай шаңырақтан естіліп тұр.

Ресми дерекке сүйенсек, соңғы үш жылда әскер қатарында 100-ден астам сарбаз түрлі жағдайда қаза тапқан, олардың басым бөлігі – өз-өзіне қол жұмсағандар деп тіркелген.  Алайда ата-аналар мен қоғам белсенділері бұл оқиғалардың барлығы да «суицид» деген желеумен жылы жабылып, шындықтың беті ашылмай келетінін  айтып дабыл қағуда.

Бейбіт күнде баласын әскерге аттандырған ата-ана «Отан алдындағы борышын өтеп, азамат болып оралады» деп сенеді. Бірақ соңғы кездері әскердегі әлімжеттік, моральдық қысым, тәртіпсіздік жайлы мәліметтер жиі жарияланып жүр. Кейбір бөлімдерде әлі күнге дейін «дедовщина» ұғымы түбегейлі жойылмаған. Солдаттардың туыстарының айтуынша, кейбір жағдайларда әскери бөлім басшылары сарбаздың өліміне салғырт қарап, ішкі тексеру нәтижелерін жасырады. «Өз-өзіне қол жұмсаған» деген қорытынды – ең жеңіл әрі жауапкершіліктен қашудың амалы іспетті.

Психологтар  бұл  жағдайдың түпкі себебін жүйелі психологиялық қолдаудың жоқтығы, әскердегі қатыгез қарым-қатынастың қалыпты құбылысқа айналып кеткені екенін айтады.

«Көптеген жас жігіттер әскери өмірдің психологиялық ауырлығына дайын емес. Үнемі қысым, айқай, ұрып-соғу, қорлау – олардың жүйкесін жұқартады. Әсіресе ауылдан келген, ұялшақ, тұйық балаларға бұл орта ауыр тиеді», – дейді маман.

Жалпы кеңес дәуірінде әскери борыш – ер намысының өлшемі саналса,  бүгінгілер үшін бұл ұғым дағдарысқа ұшырағандай. Әскердегі кейбір офицерлер тәрбиелеудің орнына қорқытып-үркітуді, жеке тұлғаны басынуды әдетке айналдырған.

Бұрынғы әскери қызметкер Болат Жұмаділдің айтуынша,  жас сарбаздың қателігін ұрып-соғумен емес, түсіндірумен түзету керек. «Әскер – мектеп, ал мектепте зорлық емес, тәлім болуы тиіс. Қазір кейбір командирлер өзінің адамгершілік шегін ұмытып барады».  – дейді ол.

Бүгінде көптеген ата-ана баласын әскерге жіберуден қорқатын халге жетті. «Балам барсын, бірақ тірі келсін» деп тілейтін заман орнады. Бұл қоғам үшін үлкен дабыл. Әскердің басты мақсаты – ел қорғайтын ұл тәрбиелеу. Ал

егер сол әскердің өзінен бала өлімі шығып жатса, онда бұл тек бір отбасының емес, мемлекеттің мәселесі.

Қорғаныс министрлігі жыл сайын «тәртіп күшейтілді», «психологиялық қызмет жақсартылды» деп мәлімдегенімен,  өлім оқиғалары тоқтар емес. Сарапшылар пікірінше, бұл салада ашықтық пен қоғамдық бақылау жетіспейді.

«Қане, менің балам?» деген бір ғана сұрақта мыңдаған ананың зар-зары жатыр. Әскерде жүрген әрбір жас – мемлекеттің аманаты.  Сол аманатқа жауапкершілікпен қарау – офицерден бастап министрге дейінгі әр басшының парызы.

Бейбіт елдің баласы соғыста емес, тәртіпсіздіктен қаза тауып жатса, онда бұл – ең ауыр соғыс. Әскер – ұлт айнасы.  Ондағы өлім мен зорлық – қоғамдағы әділетсіздіктің көрінісі. Егер ел өзінің ұлын қорғай алмаса, ол Отанын қалай қорғайды? Бүгінгі ата-ананың жанайқайы – тек бір баланың емес, тұтас ұрпақтың тағдыры үшін айтылған үн. Сол үнге құлақ асатын кез келді. Бұл туралы Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

БІЗ БУЛЛИНГКЕ ҚАРСЫМЫЗ

Бүгінгі таңда жастар арасында әртүрлі қылмыстық әрекеттер, зорлық-зомбылықтар туралы жиі а…