Басты бет Әлеумет ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – МАҢЫЗДЫ

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – МАҢЫЗДЫ

0
22

    «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді қара құлдан тыйым» деген мақалды қазағым бекерден айтпады-ау. Осы сөзді бала кезде аналарымыз да жиі айтатын. Құлағымызға, санамызға сіңісті болғаны соншалықты мағынасын дұрыс түсінбесек те, тыйым дегенді қабылдайтынбыз. Бүгінгі қоғамдағы қыз тәрбиесі қиындау десек қателесе қоймаспыз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан мектеп жасындағы қыздың зорланғаны немесе жүкті болғандығы туралы мәліметтерді құлағымыз шалып қалатыны да рас. Қазіргі үлкен проблеманың бірі – ерте жүктілік.

Осы мәселені ортаға салып, аналардың пікірін тыңдау үшін Әл-Фараби атындағы аудандық кітапхананың мәжіліс залында аналар бас қосты. Жастар арасында ерте жүктілік мәселесі бойынша аудандық денсаулық сақтау, білім беру, отбасын қолдау орталығы мамандарымен бірлесе өткізілген кездесудің тізгінін аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева алды. Бүгінгі дөңгелек үстеліміздің тақырыбы – жастар арасындағы ерте жүктілік мәселесі. Бұл – тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік, психологиялық және тәрбиелік маңызы бар өзекті мәселе. Бүгін біз осы бағытта денсаулық сақтау, білім беру және отбасын қолдау саласының мамандарымен бірге пікір алмасып, тиімді жолдарды қарастырамыз, – деп әңгімесін бастады. Жастар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, оның салдары туралы ақпарат беру, жауапкершілікті арттыру және салааралық ынтымақтастықты күшейту. Бала жыл сайын есейеді. Олардың кейде ата-анасымен бөліскісі келмейтін жеке өмірі бар. Олар қарама-қарсы жынысты кездестіреді, ғашық болады, мүмкін жыныстық қатынасқа түседі және осы кезеңде қолдау мен ақпаратқа мұқтаж болады.Ерте жүктіліктің негізгі проблемасы бұл жыныстық тәрбие туралы білімінің жеткіліксіз болуы, не болмаса тәрбиенің мүлдем жоқтығы. Көптеген отбасыларда бұл тақырыпқа әңгіме қозғалмай, жабық күйде қалады. Бірақ бұл дұрыс емес. Негізінен, жоспарланбаған жүктіліктің 90% отбасындағы тәрбиеге және қарым-қатынасқа байланысты келеді. Яғни ана мен қыз баланың өзара қатынасы бұзылса, қыз бала «әдейі» бәрін кері істейді. Жасөспірімдер арасында жүктілік пен жасанды түсік жасау көрсеткіші әлі де жоғары. Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, ерте жүктілік пен босанудың алдын алу мәселелері қазіргі жағдайда айрықша әлеуметтік маңызға ие. Өйткені жастар – еліміздің зияткерлік, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени әрі репродуктивті әлеуетінің қайнар көзі. Ұлттық комиссия сарапшыларының пікірінше, жасөспірімдер мен жастардың жыныстық және репродуктивті сауаттылық деңгейінің төмендігі – ерекше алаңдатарлық жайт.

Бүгінгі жастар арасындағы ерте жүктіліктің мәселесі бойынша денсаулық, білім, отбасын қолдау орталығы мамандары келіп отыр. Қош келдіңіздер! – деп алғашқы сөзді аудандық аурухананың акушер гениколог дәрігері Ақмарал Марқабаеваға берді.

Аталған тақырып аясында аудандық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері Ақмарал Көшкінбайқызы жан-жақты зерттелген, зерделенген баяндама жасады. Аудан көлеміндегі қазіргі ахуалға тоқталды. Ол ерте жүктіліктің медициналық тұрғыдағы қауіптері, ананың және болашақ баланың денсаулығына тигізетін әсерлері туралы нақты мәліметтер келтірді. Ерте жүктіліктің басты себептерінің бірі үйдегі ана мен қыз баланың байланысының жоқтығы, сенімнің болмуынан екендігін тіліне тиек етті. Құрғақ сөзбен ештеңе өнбейтіндігін де жасырмады. Ана мен қыз баланың бір-біріне сенімі күшейгенде бұл проблеманың алдын алуға болатындығын ескертті.

Сонан соң сөз алған аудандық «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Гауһар Шавдинова жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жүргізіліп жатқан әлеуметтік-психологиялық жұмыстар туралы айтып, отбасы тәрбиесінің рөлін күшейту қажеттігін жеткізді. Орталық ашылғалы бері тұрмыстық зорлдық-зомбылық көрген отбасылық жағдайларға тоқталды. Шағын ауыл болса да кейбір келеңсіз оқиғалардың белең алып тұрғандығын жасырмады. Ал Шонжы политехникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Тастанова білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан тәрбиелік және түсіндіру жұмыстары, алдын алу шаралары жайында баяндады. Аудандық аналар кеңесінің белді мүшесі, көп балалы ана Клара Рахимберлинова бүгінгі қоғамдағы қыз баланың ғана емес жалпы жасөспірімдердің тәрбиесі қиындау болып тұрғандығын айтты. Кез келген тәрбие бесіктен, отбасынан бастау алатындығын, әрине оның ішінде қыз балаға ерекше көңіл бөлу керектігін түсіндірді. Өз өмірінен мысалдар келтірді.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, оған тұщымды жауаптар алынды. Жастар өз ойларымен бөлісті. Басқосудың нүктесі ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің «Әкең ғалым болса да, тәрбиені тезек теріп жүрген анаңнан аласың» деген аталы сөзімен қойылды.

Баян МАМЫРБАЕВА,

 аудандық аналар кеңесінің мүшесі

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН МОҢҒОЛИЯ АРАСЫНДАҒЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі зейнетақыларды тағайындау және төле…