Күз айы жақындаған сайын мектеп жасындағы баласы бар ата-ананың дегбірі қашады. Себеп – баланы мектепке дайындау. Жылдан жылға бағаның шарықтауы айлығы шайлығынан артылмайтын ата-аналар үшін әжептәуір салмақ. Көпбалалы отбасылар үшін де тамыз айы қаржының біршамасын қалтадан қағатын уақыт. Қазіргі уақытта кеңсе тауарларын, киім-кешек сататын қай дүкенге барсаңыз да баласын жетелеген ата-ананы көресіз. Сондықтан оқу жылы басталардан бұрын біз де аспандаған бағаның жайын ұғып, балаңызды мектепке апару үшін қанша қаржының қажеттігін саралап көрдік.
Аудан орталығындағы мектепке арналған киім-кешек сататын дүкенге бас сұқтық. Қыздарға арналған мектеп формаларынының бағасын сұрастырдық. Жеңі қысқа жейделер 6000 теңгеден басталса, жеңі ұзындары 6500 теңгеден жоғары. Ал шалбарлар 8500 теңге мен 11000 теңге аралығында. Белдемшелер 8000 теңгеден, ал көйлектер 14500 теңгеден жоғары бағада екен. Оған аяқ киім бағасын қосыңыз. Ол да сапасына қарай 7500 теңгеден жоғары. Енді осыдан өзіңіз-ақ бір балаға қанша теңге қаражат қажеттігін бағамдай берсеңіз болады. Қыз балаға бұған қоса шашқа тағатын бантиктерін, шұлықтарын, колготкаларын қосыңыз. Олардың да бағасы сапасына қарай 1000 теңгенің айналасында. Баланы киіндіріп қана қоймай, мектепке қажетті сөмкеден бастап, түрлі кеңсе тауарларын аласыз. Олардың бағасы да әртүрлі. Осыдан-ақ бір баланы толықтай мектепке дайындау үшін 100 мың теңгенің айналасындағы қаражаттың қажеттігі көзге көрініп тұр. Ал бұл қаржы әр отбасындағы бала санына қарай еселене түсетіні тағы бар.
Аудан орталығында кәсіпкерлік палатасы мен Шонжы ауылдық округі әкімі аппаратының бірлесе ұйымдастыруымен мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге аудан орталығындағы бірқатар кәсіпкерлер қатысты. Олар жәрмеңкеде өз тауарларын күнделікті бағасынан арзандатып көпшілікке ұсынды. «Жанұя» әмбебап дүкені, ЖК «Хитматова», Артем Илиясов, Адылжан Абдуварисов сынды кәсіпкерлер кеңсе тауарларын әдеттегі бағадан 10 пайыздан 15 пайызға дейін арзандатса, мектеп сөмкелерін 50 пайызға дейін төмендеткендер болды.
Дәл осындай жәрмеңке өткен жылы да өткізілген. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай болғандықтан бұл игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Арзан бағада сатылым болады дегенді естіген халық жәрмеңкеге толассыз ағылды. Қажеттіліктерін аз да болса арзан бағаға алған ата-аналар да, тауарларының жапа-тармағай өткеніне кәсіпкерлер де дән риза. Аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Муслим Амангелді егер халықта сұраныс болса, кәсіпкерлер тарапынан ниетті жандар табылса, бұл жәрмеңкені оқу жылы басталғанға дейін тағы да өткізу жоспарларынң бар екенін жеткізді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ