Биыл Қарадаланың біраз ауылында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Экономиканың басты күретамыры саналатын жолды жөндеу – халық игілігі үшін жасалатын басты жұмыс. Үстіміздегі жылы аудан көшелерін жөндеуге 1 млрд 146,9 млн.теңге қарастырылған екен. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 722,8 млн теңге, облыстық трансферттер есебінен 50,0 млн теңге, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасынан 525,5 млн.теңге бөлінген. Қомақты қаржы. Ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Десе де кейде сол бөлінген қаражат діттеген жеріне жетпей, сапасыз нысандар жасалып жатады. Сондықтан «Мың естігеннен бір көрген артық» деп ауданымыздағы біраз аймақтың жол жөндеу жұмыстарын көріп қайттық.
Аудандағы бірлігі бекем, тірлігі тұщымды ауылдардың бірі де бірегейі – Шарын ауылы. Шарындықтардың еңбекқорлығы да ерекше. Жаз жүгерісін қамдап, қыс малын бордақылап, тыным таппайды бұл ауылдың халқы. Ауылшаруашылығы техникасының да түр-түрі осы ауылда бар. 6 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда 5 мың гектар астам жерге жүгері мен жоңышқа егіледі. Мұнда игерілмеген жер де атымен жоқ. Осындай береке тасыған ауылда жол мәселесі біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан болатын. Енді бұл олқылықтың да орны толды. Елдің тілегі естіліп, өткен жылы Шарын ауылындағы көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінген. Мердігер деп танылған «Прогрес»ЖШС-мен 601,5 млн.теңгеге көп жылдық келісімшарт жасалып, өткен жылы 200 млн, 2023 жылға 205 млн теңгесі қарастырылған. Ауылдағы барлығы 24 көшенің он екісіне, яғни он үш шақырым жолдың орташа жөндеуіне бөлінген 601,5 млн теңгенің 80 пайызы игеріліп, жұмыстар жасалды.
«Біткен іске сыншы көп» деп жатамыз. Бірақ «Прогрес» ЖШС-ның жұмысына тапсырыс беруші де, халық та мін таға алмады. Бастапқы кезден ауылдағы ақсақалдар, жігіт басылары, жастар, мәслихат депутаттары тік тұрып қадағалап, жолдың сапалы жасалуына өз үлестерін қосты. Жауапкершілігі мол мердігерге ауыл қарттары алғысын айтып, батасын да берісті. Аудандық мәслихаттың депутаты Мұхтар Мұсаев «Шарын ауылындағы жол жөндеу жұмыстары жоғары сапада жасалды десек қателеспейміз. Ауылдығы ағайын мердігердің әр жұмысын бақылап отырды. Нәтижесінде елдің бірлігінің арқасында ауыл ішіндегі көшелеріміз жарқырап шыға келді. Жасалған көшелерге жетпістен аса жол белгілері қойылды», — деп ризашылығын білдірді.
Дәл осындай жөндеу жұмыстары ауданымыздың Кіші Дихан, Қырғызсай, Бахар, Дардамты, Тасқарсу, Шонжы ауылдарында да жүргізілуде.
«Жол азабын жүрген білер» дейді аталарымыз. Расымен, әлеуметтік жағдайымыз жақсарып, табысымыз қанша артса да жолымыз жасалмай, ойқы-шойқы болып жатса, көрер азабымыз да көп. Ал шарындық ағайындар енді сол азаптан құтылып, тақтайдай түзу асфальт жолда жүрмек. Бұл да болса мемлекетіміздің ауыл үшін жасалған қамқорлығы екені айдан анық.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ