
Алматы облысының Талғар ауданында ушу-саньдадан ашық чемпионат өтіп, аталған бәсекеге Ұйғыр аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті. Жарысқа ауданымыздан 9 спортшы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды. Жас спортшылар жекпе-жек барысында дайындық деңгейі мен спорттық шеберлігін көрсетіп, бірнеше жүлделі орынға ие болды. Жарыс қорытындысы бойынша Турдығожаева Альмира, Берикжан Альжалиль және Шайлыков Алияр өз салмақ дәрежелерінде қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Ал Махаметов Даниль күміс жүлдеге ие болса, Садикжанов Сулхи, Хожахметұлы Равиль, Хожахметұлы Шамиль, Саитов Билал және Махаметжанов Даниль жарыстың қола жүлдесін еншіледі. Бұл нәтиже – жас спортшылардың тұрақты дайындығы мен жаттығу барысындағы еңбегінің жемісі. Ушу-саньда спортшыдан тек физикалық дайындықты ғана емес, шапшаңдықты, төзімділікті, тактикалық ойлауды және қарсыласқа деген құрметті талап етеді. Сондықтан әр жүлденің артында күнделікті жаттығу мен табандылық жатыр. Жарыс барысында спортшылар өзара тәжірибе жинақтап, бәсекелі ортада шеберліктерін шыңдады. Мұндай додалар жасөспірімдердің спорттық деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін арттырып, алдағы жарыстарға дайындығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Жас спортшыларды жарысқа дайындап, олардың спорттық шеберлігін арттыруға үлес қосып жүрген бапкер Бишаров Шайирдиннің еңбегін де атап өткен жөн. Жаттықтырушының жүйелі жұмысы мен шәкірттерінің талпынысы нәтижесінде аудан спортшылары облыстық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп келеді. Ұйғыр ауданының жас спортшыларының бұл жетістігі – ауданымызда спорттың, соның ішінде жекпе-жек спорт түрлерінің дамып келе жатқанын көрсететін нәтижелердің бірі. Әрбір жарыс – жаңа тәжірибе, ал әрбір жеңіс – келесі биіктерге бастайтын мүмкіндік. Жүлдегер спортшыларды жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да сәттілік, мықты дайындық және жаңа жеңістер тілейміз!
