Басты бет Ақпарат ағыны РАХАТТА РАХАТ ЕМЕС

РАХАТТА РАХАТ ЕМЕС

0
797

Иә, Рахатта рахат емес. Рахат ауылында технологияның дамып, интернет желісінің жер жаһанды жаулап тұрған тұсында, яғни бүгінгі күнде интернет жоқ. Дәл солай. Мұндағы тұрғындар емін-еркін интернеттің көмегіне жүгіне алмайды. Өзгелер сияқты әлеуметтік желіні қолданып, өз парақшасына қызықты сәттерін жүктеп, сурет те салмайды. Суретті қойшы, тіпті ұялы байланыспен еркін де сөйлесе алмайды. Желіні қуалап, әупірімдеп байланысқа шығады. Оның өзі де тұрақты емес. Бір демде өшеді де қалады. Осындай «рахатта» күй кешкен рахаттықтар бұл мәселені сан рет көтерді, сан рет арызданды, айтты да. Жыл басында облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуінде де осы сауал көлденең шықты. «Amanat» партиясы депутаттары тарапынан қойылған сауалға өңір басшысы жауап беріп, тиісті орындарға тапсырған еді. Бірақ мәселе әлі де шешімін таппай келеді.

Рахаттықтар интернеттің азабын карантин кезінде көрді. Онлайн сабақтары өтілмей қалды. Тағы да ұстаздар қауымы қағазын тасып, бір-бірлеп балалармен байланыс жасады. Қауіп-қатер болғаны рас. Бірақ бала оқытылмай қалса, сұраныс тағы ұстаздан болады. Ал кейбір балалар ауылдың батыс жағындағы бір талдың айналасына жиналып, бірі үстіне шығып сабақ оқыды дейді ауыл азаматтары. Сонда қауіпсіздік деген осы ма? Оншақты жыл бұрын Рахатта теміржол бекеті ашылды. Жаңа мектеп, медициналық пунк, жаңа үйлер салынды. Рахаттың болашағының зор екені болжанды. Кезінде тасталып, қалаға ауған жастардың біразы ауылға қайта оралды. Ауыл қайта жандана бастады. Бірақ интернет пен ұялы байланыстың жоқтығы мұндағы ағайынның жанына батып келеді. Ашына айтса да рахаттықтарға байланыс жуырда жететін түрі жоқ. Мұны бір деңіз.

Енді Рахатта рахат еместігінің тағы бір дәлелі бар. Ол – ауыз су жайы. Биыл бюджеттен Рахат ауылының ауыз су жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 207 млн. 624 мың теңге бөлінген. Қош делік. Бұл жобаның мердігері болып «Техноснаб 2002» ЖШС танылды. Жаз шыға сала жұмыс басталып кетті. Әу баста бәрі жақсы, бәрі керемет еді. Ұйғыр ауданына ең болмаса бір жауапты мердігер келіпті, жұмыс сапалы жүріп жатыр деп қуандық. Бірақ, ол да ұзаққа бармады. Бірер күн бұрын ғана аудандық мәслихат депутаттары мен «Amanat» партиясының Ұйғыр аудандық филиалына ауыл тұрғындары атынан шағым түсті. Мердігердің су құбырларын небәрі 70-90 см тереңдікте ғана көміп тастағанын, бүгінде құдықтардың бәрі суға толғанын айтты ауыл азаматтары.

«Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды». «Amanat» партиясының Ұйғыр аудандық филиалы төрағасы Мәулен Нұров, аудан әкімінің орынбасары Алимжан Хусуров, аудандық мәслихат депутаттары бастаған топ Рахатқа барды. Мердігер компания өкілі, техникалық қадағалау маманы, жобаның авторы да осы жерден табылды. Қарақұрым халық жиналып тұрыпты. Бәрінің айтар назы бір. Сапасыз жасалған ауыз судың жайы.

Рахатта жерасты суы өте жақын орналасқан. Сондықтан да құдықтар суға толған. Мердігер компанияның өкілі Қайсар Ерсариев бәрі де сметада көрсетілгендей жасалғанын айтып ақталды. Ал жобаны жасаған автор Еркін Имашев өздеріне шаң жуыта қоймады. Осылайша кінәні бір-біріне артқан мердігерлер халықтың алдында айтарға нақты сөз таппады да. «Техноснаб 2002» ЖШС-ның өкіліне халық бірқатар өкпесін айтты. Құбырлардың талапқа сай жабылмағанын, тереңдігі де тиісінше еместігін алдыға тартты. Бірақ компания өкілі ол кінәні жоққа шығарды. Қазып дәлелдеуден қашты. Ақыры ашынған азаматтар қолдарына күрегін алып, құбыр тартылған жерді қолмен қазуға кірісті. Небәрі 10-15 минут ішінде қазып, су құбыры салынған жерге жетті. Расымен, бір ғана қазылған жер тереңдігі өлшенгенде 1 метр ғана болы. Әлбетте бұл ешқандай талапқа сай емес. Техникалық қадағалау маманы да осындай кемшілікке жол бергенін мойындап, басын төмен сала берді. 1,7-1,8 метр тереңдікте жатуы тиіс құбыр, дәл осы қалпында қалса қыстың қақаған суығында қатып қалары анық. Оны сол жерге барған мамандар да мойындап отыр.

Осы уақытқа дейін ауданымыздың Үлкен Диқан, Кіші Диқан, Шарын, Қалжат, Үлкен Ақсу, Қырғызсай ауылдарында ауыз су құбырының тартылуындағы былықтар кесірінен халық әлі күнге таза суға тұрақты түрде қол жеткізе алмай келеді. Бұлар аз болғандай енді олардың қатарына Рахат ауылы да қосылды. Рахаттықтар байбалам салмаса, қарапайым халық қан қақсамаса, «Amanat» партиясы мүшелері дабыл қақпаса, жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді? Кім білсін? Оған қадағалау жүргізетін, қаржысын бөліп отырған бөлім қайда қарап отыр? Нысанның кем-кетігін түзетіп, дер кезінде алдын алуы тиіс техникалық қадағалау мамандары ай қарап, жұлдыз санап отыр ма? Жер асты суының тым жақын екенін жоба авторлары білмеді ме? Білген жағдайда неге соған лайықты жоба жасамады? Бір сарынды жобаларды көшіріп басуға әбден машықтанып алған осындай жоба жасаушы мекемелер неге қадағаланбайды? Айта берсек, мәселе көп. Тек бірінің де шешімі жоқ. Ал ақыр соңында осындай салғырттық пен жауапсыздықтан тағы да баяғы қарапайым халық зардап шегеді. Содан келіп, мемлекетке, билікке деген сенімсіздік туады. Ал сенімсіздіктің салдарының қандай болатынын қаңтар оқиғасы дәлелдеп берді емес пе?

Әзер дегенде тартылған су құбырының сапасыздығы салдарынан тағы да сусыз қаламыз ба деген рахаттықтардың бойында қорқыныш бар. Ол заңды да. Мемлекеттен қаражат жыл сайын бөлінбесі тағы анық. Ендеше берілген қаржыны шашау шығармай, халықтың игілігіне жұмсау аудан басшыларының міндеті. Сондықтан міндет мінсіз болса игі…

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Пресс-релиз: Ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 135 жыл

Өтетін күні: 2024 жылғы 11қазан Өткізу уақыты: 10.00 Өтетін орны: Жамбыл ауданы,Үмбетәлі а…