Басты бет Денсаулық ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМДЕГІ ЖАРТЫ КҮН

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМДЕГІ ЖАРТЫ КҮН

0
592

Бүгінгі қоғам  ешнәрсеге көңілі толмайтындардың, әйтеуір біреуді сынап, мінеп, ақыл айтатындардың заманына айналғандай. Шыны сол. Қай жерге барма өкпелерін арқалап алған адамдар. Анау жаман, мынау білімсіз, анау жемқор, мынау сауатсыз. Ал сол сынағыштар, сөйлегіштер өздері қолдарынан ештеңе келмегендерін айып көрмейді. Біреуге жақсылықтары жетпей жатқандарын сөкет санамайды. Біз қазір әкімдіктегі адамдардан бастап, мұғалімдер мен дәрігерлерді сын тезіне алуды дәстүрге айналдырып алдық. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін» ескерер болсақ, кейде бір шыбықпен бәрін айдай саламыз. Баламыздың қабілет, қарымына қарамай оның нашар оқығанын, тәртібінің жоқтығын мұғалімнен көре саламыз. Ауруымызды асқындырып, өлетін кезде дәрігердің алдына барамыз. Ем қонбағандығын тағы да еренсіздік танытқан өзімізден емес дәрігерден көреміз.

Ал шын мәнінде әр адам өзіне өзі есеп алып үйренсе, бүгін не тындырдым, қандай жақсылық істедім деген сұрақтарға жауап берсе. Мүмкін сонда қоғамымыз да, ортамызда да тазара түсер ме еді, кім білсін. Маса мен шыбын, шіркейдің қаптайтын кезі болғандықтан, оның үстіне қапырық ыстық мазамызды кетіріп, біраз сергелдеңге түсіріп қойды. Жаз айының ыстық болуы заңдылық. Бірақ пендеміз ғой, оған да сөйлейміз, нала боламыз.

Маса шақты ма, әйтеуір бірдеңе шаққаны анық, аллергиям қозып жедел жәрдемнен бір-ақ шықтым. Әрі-бері жүгіріскен ақ халатты жандар, қарбаласқан тіршілік. Адам көп, төсекте жатқан егделеу әйел жаны ауырғанын жасыра алмай ыңырсып қояды. Ер азамат системасына қадалып, бір тұңғиыққа сүңгіп кеткен. Солардың қатарына қосылдым. Дәрігер Мерьянова Нигара Сейітжанқызы жылы шыраймен қарсы алып, хал-жағдайымды бүге-шігесіне дейін сұрады. Қан қысымымды өлшеп, қызарған жерлерімді қолымен сипап көрді. Сосын медбикеге қандай дәрі салыну керектігін түсіндірді. Түкке тұрмайтын нәрсе үшін келгендей болып қысылғаным да рас. Бірақ аллергия деген аурудың да жеңіл-желпі дүние еместігін түйсігіммен түсініп жатырмын. Мені қарап, бақылап болған соң аяғының жансызданып қалғанынан үрейленіп келген сырқатпен жарты сағаттай сөйлесті. Оның осыған дейінгі ауырған жерлерін, қандай дәрі-дәрмек алғандарын мұқият сұрады. Томографияға түсу керектігін айтып, әл-әзірге ауруды басу үшін алғашқы көмекке қандай ем қолдану керектігін медбикесіне түсіндірді. Басы қатты ауырып жатқан әжейдің де ауру себептерін бүге-шігесіне дейін ұғып алған соң ауруханаға жатуға кеңес берді. Мидың шайқалу қаупі жоғары екендігін түсіндіріп, үлкен кісіге жылы сөздерімен демеу болды.

Көзім жұмулы болғаныммен кірген, шыққандардың әр қадамын сезіп, біліп жатырмын. Қан қысымдары көтерілген үлкен кісілердің қатары көп көрінді. Солардың әрқайсысының ауруына шипа болатындай сөздерін айтып, өзінің әдемі күлкісімен дәрігерлік борышын атқарып жүрген томпақ қызды жақсы көре бастадым. Дәрігерлердің қатыгездігін, сауатсыздығын, білімсіздігін айтудан жалықпайтынымыз бар ғой. Бірер сағаттың ішінде оншақты адаммен тілдесіп, оларға ем-домдарын көрсетіп, жылы сөзімен шипа берген Нигара қызға іштей алғысымды жаудырып жаттым. Кейде сырқат адамды дәрісіз-ақ сеніммен емдеуге болады деген бұрыннан келе жатқан қағидаттың шындығына көзім жетті. Жандарына дауа іздеп келген сырқаттардан алғыс алып, рақмет естіп жатқан ақ халатты абзал жандардың қарбаласқан тіршілігінің бір сәтіне ғана куә болдым. Оларсыз күніміздің мүшкіл екендігін де сездім. Тәубе дедім. Жас дәрігерлерді сын тезіне ала бермей оларға да сеніммен қарау керектігін ұқтым.

Күні ертең болатын медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен ауданның барлық дәрігерлері мен медбикелерін шын ниетіммен құттықтаймыз. Адам жанына араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандарға мықты денсаулық тілейміз. Көптің батасымен көгеріңіздер. Сырқаттарыңыз тез сауығып, солардың алғысын арқалаңыздар дейміз.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр

Алматы облысында АИТВ инфекциясын емдеу бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл ту…