Заман қарыштап алға дамып жатыр. Бір кездері аса бағалы құндылық саналатын дүниелер бүгінде түкке тұрмайтын нәрсеге айналған. Көп нәрсе өзгеріске ұшырады, оның ішінде қоғам да. Осыған сай адамдардың да ойлау қабілеті, сана-сезімі басқаша бағытқа түскен. Мәселен кезінде тіс дәрігері тек мемлекеттік мекемеде ғана еңбек етуі тиіс деген қағида қатаң ұсталды. Өйткені тіс салдыру кезінде алтын металл пайдаланылды. Ал оны тек мемлекет қана мөлшерлеп беретін-ді. Ал қазір керісінше тіс, стоматология саласы көбінше жекеменшіктің қолына өтті. Оның да тиімді, тиімсіз жақтары бар шығар. Бұрындары тек ақысыз емделетін тіс ауруы қазір 90 пайыз ақылы.
Осындай өзгерістер медицина саласында көптеп орын алды. Жекеменшік клиника дегенді де жаңа қоғамның жемісі деп қабылдауымыз керек шығар. Тек баюды, ақша табуды мақсат тұтқан емханалардың «өмірлері» өте қысқа болып жатыр. Өйткені қазір елдің бәрі сауатты, кімнің кім екенін жарнамасыз-ақ біліп отырады. Сараптама жасайтын жекеменшік зертханалар пайда болды, жекеменшік емханалар бар, ал стоматология туралы айтпасақ да түсінікті. Бастысы олар тұрғындарға сапалы қызмет көрсеткендіктен есіктерінде қашанда кезекте тұрған адамдарды кездестіресіз.
Адам – жер бетіндегі тіршілік иесі, қоғамның басты байлығы. Сол адамның өміріндегі ең бағалы дүние не деп ойлайсыз? Қымбат көлік, бағалы тон, кең сарайдай үй, ақша, өмір бойы қалталы азамат болып өту, мүмкін, мансап шығар… Жоқ, қатты қателесесіз. Адам үшін басты байлық – оның өмірі мен денсаулығы. Өміріңді денсаулықсыз берсе адам болудан қаласың. Ал тірі пенденің басы ауырып, балтыры сыздайтыны тағы ақиқат. Денсаулығың сыр беріп, тісің қақсап, жүрегің сыздаса ең алдымен дәрігерге жүгінесің. Жаның мұрныңның ұшына келіп қысылғаныңда, сол бір азаптан құтқаратын жан іздейсің. Ол әрине – дәрігер. Науқастың жанына желеу болып, ем-домын жасап жататын да – дәрігер. Ол – адам өмірінің сақшысы. Дәрігер ажалдан қорықпайды. Қорықпайтыны соншалықты онымен аяусыз күреседі, адамның қымбат жанын оған бермес үшін барын салады, адамға екінші өмір сыйлайды.
Дәрігер болу үшін жүрегіңнің қалауымен қатар, мейір мен шапағатқа толы жаның болуы тиіс. Тәнді ғана емдеп қоймайтын адам жанын емдей алатын психолог бола білу керек. Ең бастысы мамандықты сүйіп, тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпау қажет. Әрдайым ізденісте жүруге дағдылану керек. Себебі дәрігер – күрескер адам.
Осындай әрдайым өз білімін жетілдіріп, ізденіп, медицинадағы жаңашылдыққа бетбұрыс жасап жүретін бір жанды жақсы білемін. Онымен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Өз мамандығын жақсы көретіндігі соншалықты оның жолында барлық материалдық дүниелерін сарп етуге дайын. Бұл менің бүгінгі кейіпкерім – Шонжыдағы «Батыр клиник» оңалту орталығының директоры Қымбат Айтжанқызы Кегенбаева. Өткен жылы дәл осы уақытта ол біздің ауданнан ауыр сырқаттардан соң оңалту, қайта қалпына келтіру үшін реабилитациялық орталық ашқан болатын. Әрине бір жылда тауды қопаратындай жаңалық енгізу мүмкін емес шығар. Бірақ Қымбат Айтжанқызының осы аз ғана уақыт ішінде атқарған жұмыстары көңіл қуантып, көз тоярлықтай.
Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында осы орталыққа бас сұқтық. Шынын айтсам өз ісінің нағыз білгірімен тілдескеннің өзі бір ғанибет. Маман ретінде әр сырқаттың ауру тарихын бес саусағындай біліп, олармен әңгімелескенде туған бауырындай жанашырлық танытатын адамдар азайған мына заманда дәрігерлердің жүздерінен жылулық пен мейірім іздейтініміз де өтірік емес. Қымбат менің ешкімім емес. Онымен туысқандық, достық қарым-қатынасым да жоқ. Бірақ осы қызды бірге туған бауырымдай жақсы көремін. Жанының тазалығы, жүрегінің жылулығы үшін. Ішкі дүниесінен адалдық аңқып тұрғаны үшін.
Орталықта адам ығы-жығы. Арбаға таңылған жандардың қарасы көп көрінді. Есіктің алдында кезек күтіп отырған, стационарда ем қабылдап жатқан, массаж бен магниттың емін қабылдағандар да баршылық. Таныстарым, көзкөргендер де кездесті. Көптен көрінбей кеткен фотограф Данил ағамды көрдім. Инсульттан соң оңалту шараларына келіпті. Мамандарға алғысын жаудырып жатыр. Қалпыма келуге көп үлестерін қосқан осылар деп мақтауын жеткізді. Жақсы сөз жан семіртеді.
Қымбатпен әңгімемізді орталықты аралап жүріп жалғастырдық. Үш бағыттағы сырқаттарға ақысыз қызмет көрсетіледі екен. Артериалды коронарлық шунт жасатқан адамдар, қарапайым тілмен айтқанда жүрекке жасалған отадан, инсульттан соң және эндопротезированиеден, бүгінгі таңда тізелеріне ота жасатқандар өте көп екен, сондай сырқаттарға көмек тегін. Өткен жылмен салыстырған біраз дүниелер жаңарыпты, жаңғырыпты. Ең бастысы қажетті мамандардың басын тоғыстырыпты бұл орталық. Аудандық ауруханада жұмыс істеп жүрген кейбір мамандар қосымша жұмысқа келіпті. Еркінжан Әбіш инемен емдеу әдісін қолданып, өзінің терапевтік кәсібін пайдаланып орталықтың білікті дәрігері болып жүр екен. Оған да қуандық. Оңалту үшін бел шеше кіріскен реабитолог дәрігер Сәтбек Жалғасқа алғыс айтқандар мен батасын бергендер көп болып шықты. Аяқ-қолдарын қимылға келтіріп, жүріс-тұрыстарын қалыпты жағдайға жеткізу үшін бар білімін сарп етіп тер төгіп жүрген жас дәрігердің қолының шипалы болуын тіледік. Тәулік бойы емделіп жатқандармен тілдестік. Олар да ризашылықтарын жеткізді. Стацинарда 25 орын бар. Күндіз емдерін алып, кешке үйлеріне кетіп жатқандар да көп болып шықты. Әйтеуір абыр-сабыр, қайнаған тіршілік үстінен түстік. Тамақтарын да осы жерден ішіп, оның дәмділігін айтқан сырқаттардың қуанышын көрдік. УЗИ қондырғысына кезекте тұрған адамдарда қисап болмады. Жүкті әйелдерден бастап ішкі ағзаларды тексертуге келетіндер ақылы болса да тиімділігін түсінгендіктен, сенім артқандықтан келіп жатыр деп ой түйдік. Үмітжан Важитов та олардың әрқайсысына жылы қабақ танытып, диагностикасын айтып, түсіндіріп әлек. Ал массаж жасайтын Карина, Айтолқын, Жанналарға деген емделушілердің ризашылықтарында шек болмады. Төрт мезгіл тамақтары бар, арасында жеңіл-желпі айранын беретін орталық жұмысының жанғандығына марқайдық, ішімізден шүкіршілік еттік.
Әрине ғимарат өте үлкен болмағандықтан шектеулердің қолбайлау болып тұрғандығына да көзіміз жетті. Балаларға массаж жасауды соңғы кездері ақылы түрде қызметтеріне қосыпты. Балалармен жұмыс істеу аса жауапкершілікті, жоғары кәсібилікті талап ететіндіктен бұл қадамға бару да екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Хиджама, сүлікпен емдеу, теріні тазалауға да сұраныс жоғары екендігіне көзіміз жетті. Мануалды терапиямен емдейтін мамандар алдын ала жазылғандар үшін қаладан келеді екен. Олардың қабылдауына кіргендер беломыртқаларын түзетіп, грыжаларын емдеп шығып жатыр. Өз ісінің нағыз білгірлерін орталыққа тартудағы Қымбат Айтжанқызының еңбегін ерекше айтуға тұрарлық. Әңгімесі тек сырқаттардың айналасынан шықпайтын, солардың алға ұмтылған жеңістерін көрудің өзін бақыт санайтын кейіпкерімнің еңбегіне сүйсіндім. Сырқат адам дәрігерге сенім артқанда ғана одан нәтиже шығары анық. Ал Қымбат Айтжанқызымен жай сұхбаттасқанның өзінде оған сеніп отырасың. Косметология жөнінде мағлұматқа қанық екендігін білдірді. Ең нәзік әрі көзге бірден байқалатын бұл саланы да ізденіп жүріп шарықтау шегіне жеткізіпті. Бұл жолдағы жұмыстарының нәтижесін де көрдік. Оңалту орталығындағы терапевт, кардиолог, невропатолог, массаж жасаушы, магнитпен емдеу, физиоемдеу, лфкның жұмысын жақсы жолға қойып алған Қымбат Айтжанқызының бөлмесінен қанаттанып шықтық. Әңгімесі де тартымды, жұмысы да тиянақты. Келушілердің жанарларынан ертеңге деген үміт отының сөнбегендігіне куә болдық.
Бұл жекеменшік орталықты насихаттау немесе жарнамалау емес, жұмыстарына берген шынайы бағамыз деп қабылдарсыз патша көңілді оқырман. Мерекелеріңіз құтты болсын, әр сауыққан адамның ақжарма тілегі, шынайы пейілі сіздердің жұмыстарыңыздың бағасы. Бағаларыңыз түспесін.
Баян МАМЫРБАЕВА