Зейнетке шыққан соң өздерін қоғамға керексіз санап қалмасын деген қағиданы басшылыққа алып соңғы кездері еңбек ардагерлері арасында көптеген жарыстар, спорттық додалар, өнер сайыстарын өткізу әдетке айналды. Бұл жақсы үрдіс деп бағаладық. Қарияларымыз бір сәт қауқылдасып, өнерлерін ортаға салып, мәре-сәре болғандарының өзі бір бақыт. Батагөйлер байқауынан облыс деңгейінде бас жүлдені қанжығамызға байлап қайтқанда бөркімізді аспанға аттық. Содан біраз уақыт өте салысымен шахмат пен дойбыдан, бильярдан зейнеткерлердің арасында жарыс өтті. Оған барлық ауылдық округтерден зейнет жасында жүрген қариялар қатысты.
Шахмат пен дойбыдан өткен жарысқа Ақтам,Үлкен Ақсу, Ават, Шонжы, Шарын, Дардамты ауылдарынан үміттерін үкілеген ақсақалдар келді.Шахматтан ең үздік деп танылған ақтамдық Абдрақын Жұматаев бірінші орынды иеленсе, екінші, үшінші орындарды шонжылық Осман Гаппаров пен Муталим Злавдинов иеленді. Жарысқа төрелік еткен Марат Гаитов ағамызға алғысымыз шексіз. Жастары сексенге таяп қалған ағаларымыз әлі де тамаша ойын үлгісін көрсетіп, төрешінің берген кеңесіне құлақ түргендеріне риза болдық. Сонан соң бильярд ойыны басталды. Оған 6 ардагер қатысты. Шонжылық Асанжан Имиров бірінші орынды жеңіп алды, екінші орынды шонжылық Амирдин Маликов иеленсе, үшінші орын бахарлық Талғат Мошановқа бұйырды. Бұл сайысқа төрелік еткен Сайдахмет Қасымов пен Ыбырай Асаубаев та өз ойларын ортаға салды.
Бір мезетте зейнеткерлер арасында көркемөнерпаздардың өнерлері сарапқа салынды. Жеке дауыста ән айту, дуэт, трио, би және халықтық ансамльдердің арасындағы байқауда үздіктер анықталды. Олар ендігі жерде облыс деңгейінде бақтарын сынайды. Бұл байқауда белсенділік танытқан Кетпен, Дардамты, Ақтам, Үлкен Ақсу, Сүмбе, Шонжы, Бахар, Шарын ауылдық округінің әкімшілігіне ризашылығымызды білдіреміз. Мәнерлеп оқудан ақтамдық Анар Молдабаева ешкімге дес бермесе, жеке дауыста ән айтудан кетпендік Сайран Асрандин қарсыластарынан басым түсті. Дуэтте шонжылық Рая Сартолова мен Зейнегүл Мейірманова, биден Адалят Иминованың жетекшілігіндегі бишілер тобы, халықтық ансамбльдер арасында Шарын ауылының «Шарын саадаси» ансамблі топ жарды. Дардамты ауылынан келген Бағила Әкімбаева, ақтамдық Абдурсул Сасиков, үлкен ақсулық Мусажан Таиповтар да барынша өз өнерлерін ортаға салды. Бақ шаба ма, бап шаба ма демекші, мықтылар өз биіктерін бағындырды. Ендігі мақсат облыста өтетін жарыста жүлдегер атану. Оған дайындық басталып кетті. Үмітіміз ақталады деген сенімдеміз.
Ербол НҰРСЕЙІТОВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы